Accessibility links

Париж бен Берлин Ресейдің сепаратистер төлқұжатын мойындауын сынады


Украина билігі террористік ұйымға жатқызған, өзін өзі жариялап алған "Донецк халық республикасы" шығарған "паспорт".
Украина билігі террористік ұйымға жатқызған, өзін өзі жариялап алған "Донецк халық республикасы" шығарған "паспорт".

Франция мен Германия Мәскеудің Украинаның шығысындағы сепаратистер берген паспортты мойындауын сынады. Екі ел сыртқы істер министрліктері мұны "Донбастағы бейбіт процесті бұзады" деп санайды.

Франция сыртқы істер министрлігі Ресей президенті Владимир Путиннің екі күн бұрын қол қойған жарлығына өкініш білдірді. Ақпанның 18-і күні Владимир Путин Украинаның шығысындағы Донецк және Луганск облыстарының жекелеген аудандарында өзін-өзі жариялап алған "халық республикаларындағы" ресейшіл сепаратистердің берген құжаттарын Ресей билік орындарына уақытша заңды деп тануға рұқсат беретін жарлыққа қол қойған.

Франция мәлімдемесінде Мәскеуді Донбастағы қақтығысты реттеу жөніндегі бейбіт келісімнің шарттарына кепілдік беруге ықпалын пайдалануға шақырды. "Бұл - дағдарысты ұзақ мерзімде реттеуге мүмкіндік беретін жалғыз ғана жол" делінген мәлімдемеде.

Германия канцлері Ангела Меркельдің өкілі Стефан Зайберт Мәскеудің шешімі "Украинаның бірлігін бұзатынын" айтты. 2015 жылы ақпанда Минскіде Меркель мен Франция президенті Франсуа Олландтың ара ағайындығымен бейбіт келісім жасалған. Киевтегі АҚШ елшілігі 19 ақпанда Путиннің жарлығын "алаңдаушылық тудырады әрі Минск бейбіт келісімінің мақсаттарымен үйлеспейді" деп атаған.

XS
SM
MD
LG