Accessibility links

Түркия Венаны "жауапсыз қарым-қатынас" жасайды деп сынады


Режеп Ердоғанның партиясын қолдаушылар референдум қарсаңындағы үгіт-насихат кампаниясы кезінде. Анкара, 25 ақпан 2017 жыл.
Режеп Ердоғанның партиясын қолдаушылар референдум қарсаңындағы үгіт-насихат кампаниясы кезінде. Анкара, 25 ақпан 2017 жыл.

Анкара Австрияны Түркияда президент Режеп Ердоғанның өкілеттігін күшейту жөніндегі референдум қарсаңында үгіт-насихат кампаниясына "жауапсыз қарады" және "қос стандартты ұстанады" деп сынады. Ердоған 16 сәуірге белгіленген референдум алдында Еуропа Одағының үлкен түрік диаспоралары тұратын бірнеше елінде үгіт-насихат кампаниясын өткізуді жоспарлап отыр.

Австрия сыртқы істер министрі Себастьян Курц Венаның мұндай кампания аясында іс-шара өткізгенін "құптамайтынын", іс-шаралар Австрияда "қайшылықты ұлғайтып", елдегі 360 мыңды құрайтын түрік диаспорасының интеграциясына кедергі келтіретінін мәлімдеді.

"Біз шектен шығатын бұл жауапсыз комментарийді қабылдамаймыз" деді Түркия сыртқы істер министрлігінің өкілі Хусейн Мюфтюоглу. Ол Курцтің комментариін "шынайы емес қарым-қатынас пен қос стандарттың жаңа үлгісі" деп атады.

Түркияда 16 сәуірде конституцияға елді парламенттік басқару жүйесінен президенттік басқару жүйесіне ауыстыру туралы өзгертістер бойынша референдум өтеді. Түркия билігі өзгерістер елде тұрақтылық орнатады деп санаса, оған қарсылар конституцияға түзету енгізу Ердоғанның билігін күшейтеді деп қауіптенеді.

Түркия премьер-министрі Бинали Йылдырым 18 ақпанда түріктер көп тұратын Германияда үгіт-насихат кампаниясы аясында акция өткізген.

Австрия Анкарамен Түркияның ЕО-ға кіруі жөніндегі келіссөзді тоқтатқысы келеді. Австрия өзге бірнеше елмен бірге Түркияда өткен жылы шілдеде іске аспай қалған мемлекеттік төңкеріс жасау әрекетінен соң оған күдікті делінгендердің жаппай қамалуына байланысты алаңдаушылық білдірген.

XS
SM
MD
LG