Алматының Медеу аудандық сотында бүгін түстен кейін оппозициялық журналист Жанболат Мамайдың адвокаты Жанар Балғабаеваның шағымдарын қарайтын сот отырысы басталды деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Сотқа Мамайды қолдап келген туыстарын, журналистер мен белсенділерді кіргізбей, жабық түрде қарап жатыр.
Мамайдың жұбайы, белсенді Инга Иманбайдың Азаттыққа айтуынша, адвокат бірінші шағымында Жанболат Мамайдың әке-шешесі мен туыстарын қамаудағы Мамайға кіргізіп, қал-жағдайын біліп тұруына рұқсат бермеуге қарсылық танытқан. Екінші шағым Мамайды адвокаттың қатысуынсыз тергеуге қарсы берілген.
Инга Иманбайдың айтуыша, бүгін адвокатқа соттан хабарласып, Мамайды қамау мерзімін ұзарту жайы да бүгін қаралатынын айтқан.
Сотқа келген оның жақтастары, белсенділер мен журналистер Мамайдың ешқайда кетпейтініне кепіл болатынын айтып, оны қамаудан босатуды сұрап хат жазды.
Оппозициялық "Трибуна. Саяси қалам" газетінің редакторы Жанболат Мамай ақпанның басынан бері бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовтің "БТА Банктен" жымқырды делінген қаржының бір бөлігінің ізін газет арқылы қаржылық операциялар жасап жасырған деген күдікпен қамауда отыр. Бірақ Мамай өзіне тағылған айыпты мойындамайды. 2009 жылдан бері Еуропада жүрген оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов айыптауды "абсурд" деп атап, Мамаймен ешқашан кездеспегенін мәлімдеген.