Accessibility links

Ресей БҰҰ-ның Идлибтегі шабуылды айыптайтын қарарын қабылдамады


Идлиб провинциясындағы ықтимал химиялық шабуылдан жапа шеккен бала. Сирия, 4 сәуір 2017 жыл.
Идлиб провинциясындағы ықтимал химиялық шабуылдан жапа шеккен бала. Сирия, 4 сәуір 2017 жыл.

Ресей сыртқы істер министрлігі БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Сирияның Идлиб провинциясында ондаған адам қаза тауып, жапа шеккен ықтимал химиялық шабуылды айыптайтын қарары жобасын қабылдамай тастады.

Министрліктің ресми өкілі Мария Захарова 5 сәуірде АҚШ, Ұлыбритания және Франция дайындаған қарардың "қабылдауға мүлдем жарамайтынын" және "шала даярланғаны айқын көрініп тұрғанын" мәлімдеді. 5 сәуірде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі шұғыл жиын өткізіп, Сириядағы шабуылды талқылаған.

"БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарар жобасы Сирияға қарсы және Сирия мен тұтас аймақта жағдайдың одан ары шиеленісуіне әкеп соқтыруы мүмкін" деді Захарова.

Халықаралық қауымдастық Сириядағы ықтимал химиялық шабуылға Сирия президенті Башар Асад үкіметін айыптап жатыр. Ұлыбритания сыртқы істер министрі Борис Джонсон Сирияда алты жылға созылған азаматтық соғыста жүздеген мың адамның қаза тапқанын және олардың көпшілігі үшін Асадтың кінәлі екенін мәлімдеді. Еуропа кеңесінің президенті Дональд Туск "Сирия режимі жасалған тағылық қылмыстардың көбіне кінәлі" деп мәлімдеді. Ол "режимді қолдайтындар да бұған жауапты екенін" айтты.

4 сәуірде Сирияның солтүстік-батысындағы Идлиб провинциясының көтерілісшілер бақылайтын Хан-Шейхун қаласында химиялық шабуылға ұқсас шабуылдан 70-тен астам адам қаза тапқан. Syrian Observatory for Human Rights ұйымының мәліметінше, Сирия, я Ресей авиациясы жасаған әуе шабуылынан соң ондаған адамның тыныс алуы қиындап, түрлі симптомдар пайда болған. Қаза тапқандардың көпшілігі - бейбіт тұрғындар.

XS
SM
MD
LG