Accessibility links

АҚШ Сирияда Асад үкіметінің әуе базасына шабуылдады


Жерорта теңізіндегі АҚШ-тың USS Stethem әскери кемесінен атылып жатқан Tomohawk қанатты зымырандары. Қыркүйек 2016 жыл (Көрнекі сурет).
Жерорта теңізіндегі АҚШ-тың USS Stethem әскери кемесінен атылып жатқан Tomohawk қанатты зымырандары. Қыркүйек 2016 жыл (Көрнекі сурет).

Америкалық ақпарат құралдары 7 сәуір күні таң ата АҚШ-тың осы аптаның басында Сирияның Идлиб провинциясындағы бейбіт тұрғындарға жасалған химиялық шабуылға жауап ретінде Сирияның әуе базасын зымыранмен атқылағанын хабарлады. Сириядағы алты жылға созылған азаматтық соғыста АҚШ армиясы Сирия үкіметінің күштеріне бірінші рет тікелей шабуыл жасап отыр.

Америкалық БАҚ-тың ақпаратына қарағанда, Сирияның батысындағы Шайрат әуежайы Жерорта теңізіндегі әскери кемелерден 60-тан астам "Томогавк" зымырандарымен атқыланған. АҚШ билігінің өкілдерінің айтуына қарағанда, шабуылда ұшу-қону алаңдары, ұшақтар мен жанармай құю станциялары нысанаға алынған.

АҚШ күштері шабуыл жасардың алдында ғана ресейлік дипломаттар Вашингтонды "күмәнді әрі қайғылы қадам жасаудан" сақтандырып, "оның кері салдарларына бар жауапкершілік" АҚШ-тың мойнына жүктелетінін мәлімдеген.

4 сәуірде Сирияның солтүстік-батысындағы Идлиб провинциясының көтерілісшілер бақылайтын Хан-Шейхун қаласында химиялық шабуылға ұқсас шабуылдан 70-тен астам адам қаза тапқан. Syrian Observatory for Human Rights ұйымының мәліметінше, Сирия, я Ресей авиациясы жасаған әуе шабуылынан соң ондаған адамның тыныс алуы қиындап, түрлі симптомдар пайда болған. Қаза тапқандардың көпшілігі - бейбіт тұрғындар.

АҚШ президенті Дональд Трамп химиялық шабуылды "жантүршігерлік" және "адамзат үшін масқара әрекет" деп атаған. Ол шабуыл жауапкершілігін Сирия президенті Башар Асадқа артып, қатаң жауап шараларын жасауға үндеген.

XS
SM
MD
LG