Accessibility links

Кабул: АҚШ-тың қуатты бомбасынан ондаған содырдың көзі жойылды


GBU-43/B бомбасының жарылатын сәті (Көрнекі сурет).
GBU-43/B бомбасының жарылатын сәті (Көрнекі сурет).

Ауғанстан билігінің хабарлауынша, АҚШ-тың Нангархар уәлаятында Пәкістанмен шекараға жақын туннельдер кешеніне аса қуатты бомба тастауынан "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік ұйымының 36 содырының көзі жойылды. Ауғанстан қорғаныс министрлігінің мәлімдемесінде бұл шабуылдан ИМ-нің бірнеше үңгірі мен оқ-дәрілер сақталған қоймалары қирағаны айтылады. Қаза тапқандардың жалпы саны туралы ақпаратты әзірге тәуелсіз дереккөзінен анықтау мүмкін болмай тұр. Бірақ қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы Давлат Вазиридің сөзінше, бейбіт тұрғындар арасында қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.

Америкалық әскерилер 13 сәуірде Нангархар уәлаятының Ачин ауданындағы туннельдер кешеніне аса қуатты GBU-43/B бомбасын тастаған. Пентагонның мәлімдеуінше, бұл бомба әскери мақсатта бірінші рет қолданылып отыр. Бомбаны MC-130 жүк ұшағы тастаған. Өткен аптада Нангархарда ИМ-мен ұрыста америкалық бір сарбаз оққа ұшқан. Ақ үйдің баспасөз хатшысы Шон Спайсердің сөзінше, бомба ИМ содырларына "еркін қимылдап, аймақтағы америкалық әскери кеңесшілерге және ауған әскерилеріне шабуыл жасауға мүмкіндік беретін" туннельдер мен үңгірлер жүйесін қирату үшін тасталған. Ол сонымен қатар бомбалау кезінде бейбіт тұрғындар арасында адам шығынын болдырмау үшін барлық сақтандыру шаралары жасалғанын айтады.

Ауғанстанның бұрынғы президенті Хамид Карзай мұндай бомбаның Ауғанстан территориясында қолданылғанын айыптады. "Бұл - террормен күрес емес, керісінше, адамшылыққа жат және елімізді жаңа әрі қауіпті қару түрлерін сынайтын полигон ретінде теріс мақсатта пайдалану" деді Карзай.

XS
SM
MD
LG