Accessibility links

ТЖД: Ақтөбеде 579 үй мен ауланы су басқан


Көктемгі тасқын су басқан тұрғын үйлер. Ақтөбе, 16 сәуір 2017 жыл.
Көктемгі тасқын су басқан тұрғын үйлер. Ақтөбе, 16 сәуір 2017 жыл.

Ақтөбеде үйлерін су басып, эвакуацияланған тұрғындар саны 1174 адамға жетті деп хабарлады бүгін Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті.

Су басуға қатысты өткен брифингте департамент бастығы Бауыржан Сыздықов бүгін таңертеңгі сағат 8-дегі мәлімет бойынша, барлығы 579 үй мен ауланы су басып, 5 үй құлағанын, 1174 адам эвакуацияланып, 69 адам құтқарылғанын айтты.

Кеше Ақтөбеде Елек өзенінің тасуынан негізінен өзен жағалауындағы саяжай ұжымдарына қарасты жүздеген үйді су басып, қалада төтенше жағдай жарияланған. Құтқарушылар Ақтөбедегі тағы бір өзен - Қарғалы өзенінің де тасуы мүмкін екенін ескерткен.

Сыздықовтың сөзіне қарағанда, қазір өзендерде су деңгейі көтерілгені байқалады. Мысалы, Елек өзенінде су деңгейі бір тәулікте 60 сантиметрге, Қарғалы өзенінде 72 сантиметрге, Сазды өзенінде 36,5 сантиметрге көтерілген, Жіңішке өзенінде су деңгейі 50 сантиметрге түскен.

Эвакуацияланған тұрғындардың 502-сі қаладағы мектептердің базасында ұйымдастырылған төрт эвакуациялық пунктке орналастырылған, 672-сі туыстарының үйлеріне орналасқан.

Төтенше жағдайлар департаментінің ақпаратына қарағанда, "су тасу қаупі бар өзендердің төменгі бөлігіндегі 876 аулалар хабарланып, 523 адам эвакуациялаудан бас тартқан. Облыс аумағында су тасқынына қарсы 13 штаб құрылып, сәуірдің 15-іне дейін тұрғындардан түскен 1834 өтініш бойынша, 3145 текше метр инертті материалдар жеткізілген, 205,8 мың текше метр су сорылып, 10050 қап төселген".

Құтқарушылар Ақтөбенің іргесіндегі Кірпішті, Келешек, Махамбет, Қарғалы, Заречный-2, Жилянка елді мекендеріндегі жағдайдың әлі де күрделі екенін айтады.

XS
SM
MD
LG