Гаагадағы Халықаралық сот (ХС) бүгін Киевтің Мәскеуді Украина шығысындағы ресейшіл сепаратистерді қолдауын тоқтатуға міндеттеу туралы шағымы бойынша шешімін шығарады. Сот шешімі жергілікті уақыт бойынша сағат 3-те шығарылмақ.
Мәскеу Украинадан Қырым түбегін 2014 жылы наурызда аннексиялап алған және содан бері Украинаның шығысындағы сепаратистерді қолдап келеді. Мұнда соғыс басталғаннан бері 9750-ден астам адам қаза тапты.
Киев Гаагадағы Халықаралық сотқа қаңтардың ортасында шағымданып, сот оны 6 наурызда қарай бастаған. Сот шешімі түпкілікті және міндетті болғанымен, оның орындалуын қамтамасыз ететін механизм жоқ. Киев Ресейді БҰҰ-ның терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл конвенциясын бұзды және Украинаның шығысы мен Қырымда кейбір топтарды қолдау арқылы дискриминация жасады деп айыптайды.
Мәскеу Киев таққан айыптарды жоққа шығарады. Кремль Киев пен Батыс елдері бұлтартпас дәлелі бар десе де Украинаның шығысына әскер мен әскери техника жібергенін мойындамайды.
Гаага соты шағымды бірнеше жыл қарауы да ықтимал.
АҚШ пен Еуропа Одағы елдері Мәскеуге Украинаға қатысты саясатына қарсы санкциялар салған.