Accessibility links

Тақтар ойыны. Си Цзиньпиннің билікте қалуы Қытай мен әлемге қалай әсер етеді?


Қытай басшысы Си Цзиньпиннің Компартия музейіндегі портреті.
Қытай басшысы Си Цзиньпиннің Компартия музейіндегі портреті.

Қытай күрделі кезең мен ғаламдық мәселелерге дайындалып жатыр. Пекин Коммунистік партияның "дана басшылығымен" ішкі және сыртқы жауларын жеңуге ниетті. Қытай экономикасын қайта құрып, әскерін модернизациядан өткізеді, жемқорлыққа қарсы күресті күшейтіп, "Тайваньді" қосып алу үшін әскери күш қолдану мүмкіндігінен бас тартпайды, Батыстың қысымына берілмейді. Қытай Коммунистік партиясының 20-съезінде осындай "тарихи шешімдер" қабылданды. Съезде Қытай төрағасы және Коммунистік партияның бас хатшысы Си Цзиньпин өмір бойына шексіз билікке ие болды. Си мырзаның "Қытайды бұрынғы мықты деңгейіне қайтару" жоспары орындала ма?

22 қазанда Қытай Коммунистік партиясының 20-съезіне қатысқан 2300 делегат Си Цзиньпиннің мемлекеттік басқару мен партиядағы жеке дара билігін бекітті.

Партия жарғысына енгізілген өзгеріске сәйкес, Си Цзиньпинге "Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің діңгегі" деген мәртебе берілді. Ал оның "жаңа дәуірге арналған қытайлық социализм" көзқарасы қасиетті мәтінге теңестірілді. Одан бөлек, қытай коммунистерінің бәрі бас хатшы Си Цзиньпиннің мәртебесін қорғауға міндеттелді. Енді Си мырза Коммунистік партияның 20-ғасырдағы көсемдері Мао Цзэдун мен Дэн Сяопиннің дәрежесіне көтерілді.

23 қазанда Си Цзиньпин үшінші рет Коммунистік партия төрағасы болып сайланды. Партия жарғысына Тайваньның тәуелсіздігіне жол бермеу туралы бөлім қосылды.

Тікелей эфирде екі жас шенеунік 2002–2012 жылдары Қытай Коммунистік партиясының бұрынғы төрағасы 79 жастағы Ху Цзиньтаоны күтпеген жерден қолтықтап, мінберден алып түсті. Ол съездің жабылу салтанатында Си мырзаның жанында отырған еді. Видеода оның кетер алдында Си Цзиньпинге сөйлеп кеткені байқалады. Кейін съездің жабылу салтанатында Ху Цзиньтаоның орны ұзақ уақыт бос тұрды.

69 жастағы Си Цзиньпин он жыл бұрын партия ішіндегі фракциялық оппозицияны жеңіп, Коммунистік партияның бас хатшысы болып сайланғалы өз билігін нығайтумен болды. Ол қазір Қытайдағы лауазымды тұлғаларды тағайындап, маңызды саяси шешімдерді өзі қабылдайды.

Кейінгі жылдары болған экономикалық тұралау, COVID-19 пандемиясы, наразылық, Ресейдің Украинаға басып кіруіне байланысты әлемдік саясаттың өзгеруі, АҚШ-пен текетірестің артуы, Тайвань мәселесіне қатысты кикілжіңнің өршуі сияқты қиындықтарға қарамастан, Си Цзиньпин әлі ұзақ жылдар бойы "Қытай ұлтын жасарту" жоспарын жүзеге асырумен айналысатын сияқты.

Демократиялық елдер Қытай билігін ішкі қуғын-сүргін мен билікке қарсы пікірді басып-жаншу саясаты, оның ішінде этникалық азшылық өкілдерін қудалау, сөз және дін бостандығын шектеу, халықты жаппай аңду мен цензура үшін айыптайды. Алдағы уақытта Қытайда бұл шектеулер одан әрі күшеюі мүмкін. Бірнеше ұйым, оның ішінде АҚШ мемлекеттік департаменті жыл сайын Қытайдағы адам құқықтары туралы баяндама дайындайды. Amnesty International және Human Rights Watch ұйымдары да Қытайда адам құқықтары саласындағы халықаралық нормалар бұзылып отырғанын мәлімдеген.

Азаттық Қытай коммунистік партиясының 20-съезінде не айтылғаны, қандай тақырыптар мүлде қозғалмағаны, Си Цзиньпин билігінің күшеюі және Қытай басшысының өз елі мен бүкіл әлемді неге дайындап жатқаны туралы қытайтанушы, Мәскеу мемлекеттік университеті Азия және Африка институты директорының қызметін атқарушы Алексей Масловпен сұхбаттасты.

Азаттық радиосы: Кейінгі жылдары сізбен Қытай компартиясы орталық комитетінің бас хатшысы, Қытай төрағасы, Орталық әскери комиссияның басшысы Си Цзиньпиннің қолына шексіз билік шоғырланғаны жөнінде бірнеше рет сөйлестік. Бірақ қазір Си мырза өзін Құдайға теңестіріп, өмір бойына компартия орталық комитетінің төрағасы болғысы келеді деген әңгіме тарай бастады. Бұрын мұндай қызмет Мао Цзэдунда, аз уақытқа оның қос мұрагерінде ғана болған. Кейін Дэн Сяопин мұны "жеке басқа табынушылық" деп атап, компартияны өмір бойы басқару құқығын алып тастаған еді.

Алексей Маслов: Қазір болып жатқан оқиғаларды Си Цзиньпиннің жеке дара билігін күшейтуі деп атауға болады. Кезінде Дэн Сяопин жеке дара билікті жойып, жоғарғы басшыларды үнемі ауыстырып отыратын көпсатылы жүйе құрды. Қазір партияда саяси бюроның тұрақты комитеті, саяси бюро, компартияның орталық комитеті бар. Бұл жүйенің басында тұрған адам шексіз билігі бар көшбасшы емес, "идеялар мен образдарды жүзеге асырушы" ғана болуы керек. Мао Цзэдуннің оқиғасы қайталанып жатқан сияқты. Си Цзиньпиннің мақсаттары биік. Әуелден-ақ Си мырза кем дегенде екі мерзімнен артық билікте отырады деген жоспар болған.

Си Цзиньпин өзін "ұзаққа баратын ойыншы" көреді. Ол өлгенше билікте қалғысы келеді. Қытайдағы көп жоспар 2035, 2049 жылға дейін құрылған. Си Цзиньпиннің Қытай әскері 2030 жылға қарай емес, 2027 жылға дейін толық модернизациядан өтеді дегені таңғалдырды. Жалпы алғанда, болуы керек дүниелер болды деп ойлаймын. Сондықтан таңғаларлық ештеңе жоқ.

Азаттық радиосы​: Қытай компартиясы басшыларының бәрі бірдей қазіргі жағдаймен келісе ме? Орталық комитетте Си мырзаның тағы бес жылға сайлануына қарсы оппозиция бар ма? Си Цзиньпиннің жауы бар ма?

Алексей Маслов: ​Сырттан қарасақ жаулары жоқ сияқты. Компартиядағы лауазымды тұлғалар Орталық комитетті басқаруға емес, Си Цзиньпинге жақын болуға таласып жатыр. Қытайда фракциялық күрес, балама шешім ұсынатын контрэлита жоқ. Партияда үнемі әртүрлі бағдарламаларды жүзеге асыру механизмдері бойынша талқылаулар өтіп тұрады. Мысалы, "АҚШ-пен жақын араласқан дұрыс па?", "Ресеймен қарым-қатынасымызды дамыту керек пе?", "Бір жол – бір белдеу" концепциясына инвестиция құюды жалғастырудың мәні бар ма?" деген талқылаулар.

Си Цзиньпин Компартия съезінде. 23 қазан 2022 жыл.
Си Цзиньпин Компартия съезінде. 23 қазан 2022 жыл.

Азаттық радиосы​: Ресей мен Батыс елдерінде көп адам Қытай төрағасының баяндамасындағы "Қытай өңірлік соғыстарға дайындалуы керек" деген жолдарға назар аударды. 2019 жылы жарияланған ұлттық қорғаныс жөніндегі “Ақ кітапта” немесе партияның былтырғы 19-съезінің баяндамасында мұндай ештеңе айтылмаған еді. Бұл жерде не туралы айтылып отыр? Тайвань туралы ма? Қытайдың Үндістанмен кикілжіңі ме? Оңтүстік-Қытай теңізіндегі акватория ма әлде басқа нәрсе ме?

Алексей Маслов: ​ Бұл жерде өңірлік кикілжіңдер туралы айтылып отыр. Қытай бұрыннан осы тақырыпты көтеріп келеді. Осы жолы Си мырза өз мәлімдемесін Тайваньға қарата айтып отыр. Қытай бейбіт держава дегім келмейді, бірақ ол әзірге басқа мемлекеттермен соғысуды көздеп отырған жоқ. Ал Тайваньнің жөні бөлек. Си Цзиньпин Қытай Тайваньға қарсы күш қолданудан бас тартпайды дегенді меңзеді. Әзірге Пекин басқа жағдайда (Қытайға шабуыл жасалмаса) әскери күш қолданады деуге негіз жоқ.

Азаттық радиосы​: Қытайдың соғысу ниеті немесе бейбітсүйгіштігі туралы сөз қозғалған соң "Қытай әскерінің деңгейі қандай?" деген сұрақ туындап отыр.

Алексей Маслов: ​ Си Цзиньпин үшін әскерді модернизациялау – алдыңғы қатарлы мәселе. Мұнда қару-жарақ санын көбейту, жаңа зымыран мен кеме сатып алудан да үлкен мәселе бар. Ресей-Украина арасындағы соғысты көріп, Қытай өз әскерінің моральдық жағдайы туралы ойлана бастады. Кейінгі бірнеше аптада Қытайда әскери қызметкерлерді дайындайтын жоғарғы оқуы орындарында реформа басталды. Мемлекет курсанттарды "моральдық тұрғыдан тәрбиелеп, оларда әскери рух қалыптастыруға көңіл бөліп отыр. Си Цзиньпин әскерді модернизациядан өткіземіз дегенде, зымыран санын арттыру туралы ғана айтқан жоқ. Біріншіден, жаңа технологияларды енгізуді, екіншіден, әскерилерді "қайта тәрбиелеуді" меңзеді. Қытай әскері партияның бұйрығымен не үшін және қалай соғысатынын жақсы түсінуі керек.

Қытай әскері 2027 жылға қарай сақадай-сай болып, қару-жарақ қорын толықтырып үлгереді. Сол кезде маңызды оқиғалар болуы мүмкін.

Си Цзиньпин Компартияның 20-съезін ашқан сәт. 16 қазан 2022 жыл.
Си Цзиньпин Компартияның 20-съезін ашқан сәт. 16 қазан 2022 жыл.

Азаттық радиосы​: Съезде жасалған мәлімдемелер туралы не айтуға болады? Коммунистік партияның 20-съезінің басты интригасы не болды?

Алексей Маслов: Съезде жасалған мәлімдемелерді екіге бөліп қарастыруға болады. Қытай кедейлікті жеңді, халықтың әл-ауқаты үшін күресіп жатыр деген саясат жалғасады. Бұл – Қытай компартиясының басты міндеті. Бәрі "стандартты мәлімдемелер", жаңа ештеңе айтылған жоқ. Маған не маңызды болып көрінді? Біріншіден, Си Цзиньпин "Бір мемлекет – екі жүйе" деген саясаттың дұрыстығын айтты. Партияның көзқарасынша, Гонконг мен Тайваньдағы жағдай коммунистік идеялардың дұрыстығын көрсетеді. Си Цзиньпин Гонконгты гонконгтықтар, Макаоны макаостықтар басқаруы керек деді. Бірақ одан кейінгі сөзінде "патриот гонконгтықтар" мен "патриот макаолықтар" деп қосты. Яғни, аталған территорияларды Пекин тағайындаған, коммунистік партия идеясына адал адамдар ғана басқара алады. Сарапшылар "Қытай" сөзіне қарағанда "даму" сөзі көп айтылғанына назар аударды. Қытай үшін бұл өте маңызды сөз. Ел мен партияны "жаңарту", "модернизациялау", "жасарту" туралы да көп айтылды. Си Цзиньпин партия мен мемлекеттегі басшылық қызметтерге жастар келуі керек деген идея ұсынды. Ол осылай Коммунистік партия орталық комитеті саяси бюросы мен саяси бюроның тұрақты комитеті құрамын жаңартқысы келетін сияқты.

Әдеттегідей не айтылғаны емес, не айтылмағаны маңызды. Си Цзиньпин бірде-бір мемлекетті, достарын не жауларын атаған жоқ. Бірақ АҚШ-қа бағытталған қатқыл мәлімдемелер болды. Мысалы, саясаттағы гегемония мен санкциялық шараларға қарсылық туралы сөздердің Вашингтонға қарата айтылғаны белгілі. Си Цзиньпиннің сөзінен Қытай тағы да өзін әлемдік саясаттағы жеке құрылым сияқты ұстауға тырысып отыр деген қорытынды шығаруға болады.

Азаттық радиосы​: Қытайдың Украинадағы соғысқа қатысты позициясы өзгерген жоқ. Украина дағдарысы Қытайдың саяси-экономикалық жоспарларына нұқсан келтірген жоқ па? Си Цзиньпин бұл мәселені шешу үшін не істей алады? Қазіргі жағдайға оның да көңілі толмайтын шығар. Қытай компаниялары жанама санкциялардан қорқып, ресейлік компаниялармен жұмыс істеуден бас тартып жатыр. Ірі қытай кәсіпорындары Ресей нарығынан кетіп қалды. Соғыс – сауданың жауы.

Алексей Маслов: ​ Қытай таңдау жасағысы келмеді. Ақпаннан бері Қытайдың Ресейдің Украинаға басып кіруіне қатысты саясаты бірнеше рет өзгерді. Басында Пекин бар мәселе бейбіт дипломатиялық жолмен шешілуі керек деген үйреншікті сөздермен ғана шектелді. Бұл қытай дипломаттары жиі айтатын әңгіме. Кейін Қытай халықаралық санкцияларға жол беруге болмайды деген пікір білдірді. Ресей саясаты Қытайды қиын таңдаудың алдында қалдырды. Қытай өзін мәжбүрлегенді ұнатпайды. Соңында Қытай қандай шешім қабылдаса да, қателесетін күйге жетті. Қытай қазір не істерін білмей отыр. Сондықтан билік сыртқы саясатты емес, ішкі саясатты көбірек сөз етеді.

Ресей Қытайдың басын қатерге тігіп отыр, өйткені Украинадағы жағдайдан кейін әлемдегі көп мемлекеттің позициясы белгілі болды. Мәскеу қазіргі заманғы соғыстар қалай жүретінін, онда әскери қимылды басқарудан бастап, қару-жарақ қолданысына дейін қандай қателіктер болуы мүмкін екенін көрсетті. Қытай геостратегияны, әскери-саяси доктринаны қалай дамыту керегі жөнінде нұсқаулық алды. Сондықтан Пекин қазір жағдайды жіті бақылап отыр.

Азаттық радиосы​: Bloomberg, The Economist және Reuters Си Цзиньпиннің сөзі Қытайда алдағы бес жылда түбегейлі саяси реформа болмайтынын көрсетті деп жазды. Қытайдың ішкі және сыртқы саясаты қатаңдай бастады. Қытай Мао Цзэдун дәуіріне қайта оралуы мүмкін бе?

Алексей Маслов: ​Мао Цзэдуннің дәуіріне оралмайды, оған ондаған себеп бар. Бірақ ішкі саясатта идеология күшейетіні сөзсіз. Бұл құбылыс кейінгі кездері интернет пен медианы бақылаудан, мектеп пен университеттердегі пропагандадан байқалады. Коммунистік партия мемлекеттің халыққа экономикалық ықпалы әлсіресе, идеологиялық ықпалды күшейту керек деп есептейді. Қытайлар байыды. Енді оларға осы дәулеті үшін компартия мен мемлекетке алғыс айту керегін түсіндіру керек. Сондықтан коммунистік партия діннен бастап экономикаға дейінгі барлық салаға араласады.

Одан бөлек, Си Цзиньпин бар билікті өз қолына шоғырландыруды жалғастырады. Бұл елдегі тұрақтылықты сақтап қалуға көмектессе, халық Си Цзиньпиннің көп қатесін кешіреді. Олай болмаса Қытайда наразылық туып, жалпы ішкі өнім азайып, қытай тауарлары сыртқы нарыққа шыға алмай, Си Цзиньпинге талап артады. Бірақ Қытайдағы саяси құрылым өзгермейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG