Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі оқушылардың денсаулығы мен әл-ауқатына байланысты мінез-құлқын бағалау және мониторингілеу бойынша 2022 жылғы зерттеуін жариялады.
Ведомство бағасына қарағанда, Қазақстанда балалардың 17,5 пайызы буллингке жиі ұшырайды.
"Сауалнамаға қатысқан жасөспірімдердің 6,8%-ы айына 2-3 рет айналасындағылардың тарапынан өздеріне қарсы қою мен қорқытуды бастан кешіреді, 11-15 жастағы балалардың 14,1%-ы өз құрдастарына жасалған буллингке қатысқанын мойындады" дейді баспасөз қызметі.
Бұл мәліметтен ұлдардың арасындағы буллинг көрсеткіштері қыздарға қарағанда жоғары екені көрінген. Ең көп буллинг 11 жастағы балалардың арасында болады және ол 15 жасқа қарай төмендейді.
"Өткен жылы 11 жастағы ұлдар мен қыздар арасында буллингке ұшырағандар үлесі 17,7%, ал 2018 жылы – 14% болды. Бұл – балалар арасында буллингке ұшырағандар 3,7% өскенін білдіреді" дейді зерттеу материалы.
2022 жылы мамырда президент Қасым-Жомарт Тоқаев балаларды қорғау туралы заңға қол қойған.
Кәмелетке толмаған балаларды қорғауға арналған бұл заң бойынша билік "балаға қысым көрсету, буллинг жасау" белгілері бар "заңға қайшы" контентті жоюды әлеуметтік желі қолданушыларынан талап ете алады.
Цифрлық қауіпсіздік саласы сарапшыларының сөзінше, заңның бұл нормалары әлеуметтік желіні бұғаттауға, цензура орнатып, сөз бостандығын шектеуге мүмкіндік береді. "Кибербуллинг туралы" түзетулерге қарсылар петиция жазып, митингі де өткізген.
Балалар арасындағы буллинг – Қазақстанда өзекті мәселелердің бірі. Мамандар сөзінше, баланың буллингке ұшырағаны түрлі белгілерден көрінеді. Олар: зейін қою проблемалары, депрессия, көңіл-күйінің болмауы, ашуланшақтық, сенімсіздік сезімі, сезімталдықтың жоғарылауы, асқазан ауруы, шаршау, тәбеттің болмауы, әлеуметтік байланыстардың жоқтығы, қорқыныш белгілері, кеуде тұсындағы қысым, терлеу, арқасының, желкесінің, бұлшық еттерінің ауруы, ұйқының бұзылуы.
ПІКІРЛЕР