Accessibility links

Түркіменстан билігі тойда экс-президенттің әнін қоюды міндеттеп жатыр


Гурбангулы Бердімұхамедов
Гурбангулы Бердімұхамедов

Батыс Түркіменстан билігі жергілікті тұрғындардан тойларда бұрынғы президент Гурбангулы Бердімұхамедовтің әндерін қосып, шетелдік музыкадан бас тартуды талап еткен. Бұл аймақта орыс, армян, әзербайжан сияқты этностық топтар тұрады. Жаңа ереже бойынша, олар өз тойында туған тілінде ән тыңдай алмайды.

Түркіменстанда тұрғындар өмірін қатаң бақылауда ұстау саясаты тағы бір жаңа сипатқа ие болды. Әртүрлі этнос өкілдері тұратын Балқан уәлаятының билігі тойда шетел әндерін қоюға тыйым салды. Жаңа ережеге сәйкес, салтанатты жиындарда түркімен музыкасы басым болуы тиіс.

Өңірдегі билікке жақын ақпарат көздері мен жергілікті тұрғындардың айтуынша, президенттіктен кетсе де елдегі ықпалын сақтап қалған бұрынғы мемлекет басшысы Гурбангулы Бердімұхамедовтың әндерін қою тапсырылған.

Әдеттегідей бұл туралы ресми мәлімдеме жасалған жоқ. Бірақ тұрғындар Азаттықтың Түркімен қызметіне неке тіркеу туралы өтініш берген азаматтарға осындай ескерту жасалып жатқанын хабарлады.

— АХАЖ қызметкерлері жастарға той түркімен стилінде өтіп, мемлекеттік тілдегі музыка ғана қойылуы керек деп ескертеді, — дейді олар.

Кейінгі апталарда тойхана, мейрамхана және банкет залдарының иелеріне де осындай тапсырма берілген.

— Мейрамхана иелері тойда қойылатын әндердің кемі 80 пайызы түркімен тілінде болуын қадағалайды, — деді аноним түрде пікір берген мейрамхана қызметкері.

Үйлену тойы кезіндегі ұлттық киім киген адамдар. Ашғабат, мамыр, 2023 жыл.
Үйлену тойы кезіндегі ұлттық киім киген адамдар. Ашғабат, мамыр, 2023 жыл.

Постсоветтік мемлекетте биліктің айтқанын орындамауға, ел саясатын сынауға жол берілмейді.

Мейрамхана қызметкері жақында өткен тойлардың бірін еске алып, жиында түркімендердің “кушдепти” деп аталатын ұлттық биі мен Бердімұхамедовтің екі әні қойылғанын айтты.

— Бердімұхамедовтің әр әні 7 минутқа созылады. Диджей экс-президенттің әндерін екі реттен қойды, — дейді ол.

Бердімұхамедов Түркіменстанды 15 жылға жуық басқарған. 2022 жылы наурызда биліктің қадағалауымен өткен сайлауда оның ұлы Сердар Бердімұхамедов жаңа президент атанды.

Президент қызметінен кетсе де, жаңадан құрылған, ықпалды “Халық кеңесін” басқаратын Гурбангулы Бердімұхамедов бұрын музыкалық аспаптарда ойнап, ән айтқан видеоларын жиі жариялайтын.

КӨШБАСШЫНЫ ҰЛЫҚТАУ

Жергілікті тұрғындардың сөзінше, көпұлтты Балқанабад өңірі мен Түркіменбашы қаласында тұратын азаматтар тойда туған тілінде ән тыңдауға тыйым салатын жаңа ережеге наразы болып отыр. Қос қалада да орыс, армян, әзербайжан сияқты этнос өкілдері көп тұрады.

— Түркімен әндері ғана қойылды. Кушдепти биі болды. Осыған билеуге мәжбүр болдық, — дейді басқа ұлт өкілдерінің тойында болған Түркіменбашы тұрғындарының бірі.

Тағы бір қонақтың пікірінше, тойда тілек айтқан адамдар Бердімұхамедовті мақтап, мейрамхана иелері залға экс-президенттің портреттерін іліп қойған.

Банкет залындағы Бердімұхамедовтың портреті
Банкет залындағы Бердімұхамедовтың портреті

— Той емес, үкімет жиыны сияқты өтті. Биліктің жеке өмірімізге дейін қол сұғып жатқанына бәрі наразы болды, — дейді ол.

Азаттық аймақ билігіне хабарласып, пікір ала алмады.

Осыған дейін Дашогуз және Лебап өңірінде тұратын өзбектерге тойда түркімен әндерін шырқап, түркімендердің ұлттық киімін кию міндеттелген еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG