Accessibility links

Польшада Зеленскийге қастандық жасамақ болды деген күдікпен бір адам ұсталды


Польшаның ішкі қауіпсіздік қызметінің өкілдері.
Польшаның ішкі қауіпсіздік қызметінің өкілдері.

Польшада Ресеймен серіктес болды деген күдікпен поляк азаматы ұсталып, қамауға алынды. Ол Ресей әскери барлау қызметіне Украина шекарасына жақын жердегі Польшаның Жешув қаласындағы аэродром туралы ақпарат жинады деген күдікке ілінген. Ол ақпарат Украина президенті Владимир Зеленскийге қастандық жасауға керек болған деп хабарланды.

Польша ұлттық прокуратурасы Павел К. есімді поляк азаматы ұсталғанын айтты. Күдікті 17 сәуірде ұсталған, ал бұл туралы хабар келесі күні жарияланды. Ақпаратқа қарағанда, бұл іс жөніндегі материалдар мен дәлелдерді Польша жағына Украина бас прокуратурасы берген.

Украина бас прокуратурасы да поляк азаматы ұсталғанын хабарлады. Онда күдікті Ресей әскери басшылығы өкілдерімен өзі байланыс орнатқан деп айтылады. Зеленскийге Польшаға сапары кезінде қастандық жасау жоспарланған делінеді.

Варшавада сот күдіктіні қамауға алу туралы шешім шығарған. Оған "шетелдік барлау қызметінің мүддесін көздеп, Польшаға қарсы әрекет етуге дайындалды" деген айып тағылған. Бұл бап бойынша айыпты деп танылған адам сегіз жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айырылуы мүмкін. Ресми орындар тергеу жүргізіліп жатыр дегеннен басқа әзірге өзге ақпарат таратпады.

Екі тарап бұл істе поляк және украин арнайы қызметтері мен құқық қорғау органдары арасындағы әріптестік нәтижелі болғанын атап өтті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG