Accessibility links

АҚШ Израиль батальонына санкция салуды жоспарлап отыр


Израильдің "Нецах Йегуда" батальонының сарбаздары.
Израильдің "Нецах Йегуда" батальонының сарбаздары.

АҚШ мемлекеттік департаменті Израиль қорғаныс күштерінің "Нецах Йегуда" бөлімшесіне санкция салуы мүмкін. Мемлекеттік департаментте "Нецах Йегуда" сарбаздары Иордан өзенінің Батыс жағалауындағы Палестина арабтарының құқықтарын бұзған деген мәлімет бар. Бұл туралы Axios сайты өз дереккөздеріне сүйеніп хабарлады.

"Нецах Йегуда" батальонында әсіредіншіл қауымдастықтан шыққан Израиль азаматтары қызмет атқарады. Санкция салынса, олар америкалық көмектен қағылады немесе АҚШ нұсқаушылары оларды жаттықтыруды доғарады.

Axios сөйлескен адамдардың айтуынша, АҚШ мемлекеттік департаментінің арнайы комиссиясы батальон қызметін тексергеннен кейін осындай шешім қабылданған. 2022 жылдың аяғында палестиналықтарға зорлық-зомбылық жасауға израильдік жауынгерлердің қатысы бар деген хабар тарағаннан кейін тексеру басталған.

Axios мәліметінше, тексеріске 2022 жылы қаңтарда Палестинадан шыққан америкалық 78 жастағы Омар Асадтың қазасы түрткі болған. "Нецах Йегуда" сарбаздары оны Батыс жағалаудағы ауылдардың біріндегі бақылау-өткізу пунктінде ұстағап, тексермекші болған. Асад тексеруден өткісі келмеген. Кейін оған кісен салып, суық жерде қалдырған. Бірнеше сағаттан соң Асад жүрегі тоқтап, көз жұмған. Осыдан соң Израильдің екі офицері жұмыстан шығарылды деп жазды басылым.

2022 жылы желтоқсанда Израиль "Нецах Йегуда" бөлімшесін Батыс жағалаудан шығарды. Осыдан соң батальон елдің солтүстігінде болып, Газа секторындағы соғысқа қатысты.

Axios сайтының жазуынша, АҚШ Израиль армиясының бөлімшесіне бірінші рет санкция салмақ. Одан кейін Батыс жағалаудағы іс-қимылға қатысып жатқан Израиль қорғаныс армиясы мен Израиль полициясы бөлімшелеріне осындай басқа да шара қолдануы мүмкін.

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху "Нецах Йегуда" батальонына санкция салуды абсурд деп бағалады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG