Accessibility links

WSJ: АҚШ Ресеймен жұмыс істеген Қытай банктеріне санкция дайындап жатыр


АҚШ Қытайдың кейбір банкін әлемдік қаржы жүйесінен шығаруы мүмкін санкциялар әзірлеп жатыр. Бұл туралы америкалық Wall Street Journal (WSJ) газеті дереккөздеріне сілтеп хабарлады.

Америка билігі осылай Пекиннің "Ресей әскери өнеркәсібін сауда саласында қолдауын тоқтатуға" мәжбүр етпек.

WSJ ақпаратынша, Пекиннің көмегі Мәскеуге өзінің әскери-өнеркәсіп әлеуетін қалпына келтіруге мүмкіндік берді, өйткені Қытай — Ресейге чип, ұшақ бөлшектері, машиналар мен станоктар жеткізетін негізгі ел. Қытай банктері Ресеймен арадағы коммерциялық экспортта негізгі делдал ретінде жұмыс істейді, төлемдерді өңдеп, тұтынушы-компанияларға сауда операциялары үшін несие береді деп жазды басылым.

WSJ жазуынша, АҚШ шенеуніктері дипломатиялық әрекеттер Қытай билігін Ресейге қос мақсаттағы тауар экспортын шектеуге көндіре алмаса, Қытай банктеріне қарсы санкциялар Пекинмен арадағы қайшылықтарды "күшейтеді" деп санайды.

24 сәуірде АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен үш күндік сапармен Қытайға барады. Сапардың бір мақсаты — Пекиннің Ресей әскери-өнеркәсіптік кешенін қолдауын тоқтатуға қол жеткізу.

"Қытайда анау да, мынау да болуы мүмкін емес, — деді Блинкен. — Ол қырғи-қабақ соғыс аяқталғалы бері Еуропа қауіпсіздігіне үлкен қауіп төндіре отырып, Еуропа елдерімен жағымды, достық қатынас орната алмайды".

Бұған дейін Қытай Батыс елдерінің Ресейге қару бермеу туралы ескертулеріне құлақ асқан, бірақ кейінгі уақытқа дейін әскери мақсатта қолданылатын тауарлар экспорты өсе берді.

2024 жылғы наурыз айының қорытындысына сәйкес, қытайлық өндірушілер бір жарым жылда алғаш рет Ресейге машиналар мен жабдықтарды тікелей жеткізуді азайтқан. Бұл туралы Қытайдың кеден статистикасы деректеріне сілтеген РБК сайты хабарлады.

2023 жылдың наурызымен салыстырғанда, жеткізу 15 пайыз азайған. Bloomberg агенттігі сәуірде Қытайдың Ресейге экспорты наурыз айында 16 пайыз төмендегенін хабарлады. Сарапшылар мұны АҚШ-тың Қытай банктері мен компанияларына санкция қысымы күшеюімен байланыстырды.

Қытай Украинада соғыс басталғалы Ресейге қарсы санкцияларға қосылмады. Шектеу алған Қытай банктері ресейлік клиенттерімен жұмысты қысқартты. Бұған дейін АҚШ Ресейге әскери өндірісте қолданылуы мүмкін тауарларды экспорттаған бірнеше қытайлық компанияға санкция салған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG