Accessibility links

Ұлыбритания сыртқы істер министрі Дэвид Кэмерон Астанаға келді


Ұлыбритания сыртқы істер министрі Дэвид Кэмерон мен Қазақстан сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу. Астана, 24 сәуір, 2024 жыл.
Ұлыбритания сыртқы істер министрі Дэвид Кэмерон мен Қазақстан сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу. Астана, 24 сәуір, 2024 жыл.

24 сәуірде Қазақстанға екі күндік сапармен Ұлыбритания сыртқы істер министрі Дэвид Кэмерон келді. Бүгін Астанада Кэмерон Қазақстан сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен кездесіп, келіссөздер өткізді.

Қазақстан сыртқы істер министрі кездесуде Кэмеронның Астанаға ресми сапары "екіжақты қарым-қатынастардың беки түсуіне үлкен үлес қосатынына сенетінін" айтқан.

Ресми ақпаратқа қарағанда, кездесуде екі ел мәселелері ғана емес, Орталық Азия, Ауғанстан мен Еуразиядағы бірқатар өзекті тақырып талқыланған.

Нұртілеу британ үкіметін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "елдегі жаңа саяси және экономикалық реформаларын қолдағанына алғыс білдірген".

"Ұлыбритания тарабы Украина мәселесін бөлек көтерді. Еліміз үшін кез келген қақтығыстың бейбіт жолмен шешілгені аса маңызды екенін жеткіздім. Қазақстан стратегиялық бейтарап саясатын ұстанып келеді. Біз БҰҰ-ның егемендік, тәуелсіздік және территориялық тұтастық сияқты іргелі қағидаттарын үнемі қолдаймыз" деген Мұрат Нұртілеу кездесуде.

Қазақстан сыртқы істер министрінің сөзінше, кейінгі жылдары екі ел арасында "саяси диалог пен жан-жақты ықпалдастықты кеңейтуге бағытталған қомақты әрі жүйелі іс-әрекет жасалып жатыр".

Министрлер Қазақстан мен Ұлыбритания арасында стратегиялық әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Нұртілеу бұл құжат Астана мен Лондонның "саяси, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарына тың серпін беретініне" сенім білдірген.

Баспасөз брифингінде сөз сөйлеген Ұлыбритания сыртқы істер министрі екі ел арасында білім, экономикалық ынтымақтастық және мұнай-газ саласындағы әріптестікке тоқталды. Қазақстан жастарын бөлінетін Chevening стипендиясы көлемін екі есе ұлғайтынын айтқан Кэмерон олар елге келіп қызмет етеді деп "үміт ететінін" айтты. "Біз экономикалық ынтымақтастық саласында да үлкен прогресс жасадық" деді британ сыртқы істер министрі. "Біз Қазақстандағы топ-10 инвестордың бірі екенімізге мақтанамыз, бірақ әлі де дами береміз деп сенемін" деді Кэмерон.

Брифингтегі сөзін тәмамдаған британ министрі: "Біз сіздерден біз бен өзге бір державаның бірін таңда деп сұрамаймыз. Біз мұнда сіздерде таңдау болуы үшін келдік" деді.

Ресми ақпаратқа сәйкес, былтыр екіжақты тауар айналымы 1,2 млрд доллар болған. 20 жылдан бері британдық тікелей инвестиция көлемі 17 млрд долларға жеткен.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің дерегінше, былтыр Ұлыбританиядан Қазақстан эконмикасына тартылған инвестиция 20 пайыз өсіп, 795 млн доллар болған.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің Орталық Азиядағы сөз бостандығы мәселелеріне қатысты сауалына жауап берген Кэмерон бұл сапарында "нағыз әрі өміршең демократия" мәселесін де талқылағанын айтты. "Әрине, бір біріміздің талпынысымызға да, ерекшеліктерімізге де құрметпен қарауымыз керек. Бірақ менің ойымша, демократияның жақсартуда азаматтық қоғамның рөлі маңызды" деді Кэмерон.

  • Астанаға келерден бұрын Дэвид Кэмерон Қырғызстанға барды. Бұл оның Ұлыбританияның сыртқы істер министрі ретіндегі Орталық Азия мен Моңғолияға сапары аясында өтті. Ол 2010-2016 жылдары Ұлыбритания премьер-министрі қызметін атқарды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG