Accessibility links

Үкімет тасқыннан зардап шеккендерге 4,5 миллиард теңге көлемінде бір реттік көмек үлестірілгенін мәлімдеді


Су тасқынынан кейінгі Берсиев ауылындағы үйлердің жағдайы. Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы. 11 сәуір 2024 жыл.
Су тасқынынан кейінгі Берсиев ауылындағы үйлердің жағдайы. Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы. 11 сәуір 2024 жыл.

Үкімет тасқыннан зардап шеккендерге жалпы құны 4,5 млрд теңге көлемінде бір реттік көмек берілгенін мәлімдеді. 26 сәуірде үкіметтің баспасөз қызметі таратқан хабарламада осындай мәлімет жазылған.

Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және республиканың өзге де облыс тұрғындарынан 21 658 адам көмек сұрап, өтініш тапсырған.

"26 сәуірдегі жағдай бойынша 12 642 отбасы 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 4,5 млрд-тан астам теңге көлемінде бір реттік төлем алды. Шығын болған мал басы үшін берілетін төлем көлемі 211,5 млн теңгеге жетті" деп жазылған хабарламада.

Ресми мәлімет бойынша, су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде "3871 тұрғын үй тексеріліп, 2230 нысанда бағалау жұмыстары жүргізілген". 468 үйді жөндеуге 645 млн теңгеден астам қаражат бөлінген. Ақмола, Қостанай және Павлодар облыстарында 49 отбасыға қираған баспаналарының орнына үйлер мен пәтерлер берілді деп айтылады.

Су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің бірі Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Берсиев ауылының Болат есімді тұрғыны 300 мың теңгеден астам бір реттік төлем түскенін айтты. Оның сөзінше, ауылдағы екі үйін су басқан, алайда комиссия өкілдері оған тек бір үйді ғана төлеп беретінін айтқан.

"Қазір су кетті. Ауыл соғыстан кейінгідей опан-топан. Екі үйім менің атымда болғандықтан маған тек бір үйге ғана төлейміз деді. Үкімет бағдарламасы бойынша несие алып, үйді кепілге қойған едім. Ол үйдің өзі жоқ болды. Енді бұл мәселе қалай шешілетінін білмеймін. Малдарымның бәрін су ағызып әкетті. Шама-шарқынша өлексесін табыңдар деп жатыр. Ол болмаса, көршілерімнен бәленбай малы болғаны жөнінде анықтама алып, бекітуім керек екен. Енді шаруа шаш етектен. Шешілмей жатқан мәселе бастан асады. Осыларды ойлаймыз деп денсаулығымыз да сыр бере бастады" деді тұрғын 26 сәуірде Азаттыққа.

Наурыздың ортасынан бері Қазақстанның бірқатар өңірін су басып, жүздеген мың адам баспанасыз қалды, ондаған елге қатынасу мүмкін болмай қалған. Мыңдаған мал суға ағып кеткен. Қазір Жайықтың деңгейі Орал маңында түскенмен Атырау облысында да су тасқыны қаупі әлі сейілмеген.

Төтенше жағдай министрлігінің мәліметінше, 35 122 адам үйлеріне оралған, 8 520 эвапунктерде әлі тұрып жатыр. 6082 тұрғын үй мен 2584 аула аумағынан су бұрылып, сорылған.

Бір күн бұрын президент Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынына байланысты кейбір елдімекендер көшірілетінін мәлімдеген. Ол нақты қай аудандар көшірілетінін айтпады, бірақ "өзен жағасына үй салу қауіпті, оны қайтадан су шайып кетуі мүмкін екенін ескерген жөн" деді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG