Accessibility links

Қазақстан "Болашақтың ойындарын" кейінге шегереді


"Болашақтың ойындары" турнирінің ашылу сәті. Қазан, 21 ақпан 2024 жыл.
"Болашақтың ойындары" турнирінің ашылу сәті. Қазан, 21 ақпан 2024 жыл.

Қазақстан келесі жылы өтуге тиіс "Болашақтың ойындарын" 2026 жылға ауыстырды. Мұндай шешім су тасқынына байланысты қаржыны үнемдеу қажеттілігінен туындады деп айтылады.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі су тасқыны салдарын жою және зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету үшін қаржыны үнемдеу мақсатында елімізде өтетін имидждік және басқа да ірі іс-шараларды өткізбеуді және кейінге шегеруді тапсырған" деп жазылған туризм және спорт министрлігінің хабарламасында.

Қыркүйекте Астанада өтетін 5-Дүниежүзілік көшпенділер ойынына бөлінген қаражат та "ықшамдалатыны" хабарланды.

Биыл ақпанда Қазанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей басшысы Владимир Путинге "Болашақтың ойындарын" Қазақстанда өткізуді ұсынған.

"Болашақтың ойындары" алғаш рет Татарстан астанасы қазанда өткен. Виртуалды жарыстарды классикалық спорт түрлерімен үйлестірген спорттық шоуды Тоқаев сол кезде форматы жағынан "бірегей турнир" деп атаған. Оның сөзінше, Қазақстан ол жаққа "мықты командасын" жіберген.

"Болашақтың ойындары" турнирінің жетекшісі Игорь Столяров бұған дейін екінші ойын 2025 жылы Ресейден басқа аумақта өтеді және ол жыл сайын болады деп айтқан.

Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін ресейлік спортшылар халықаралық жарыстардан шеттетілген. "Болашақтың ойындарын" өткізу туралы заңға Ресей президенті 2023 жылы желтоқсанда қол қойған.

Биыл халықаралық олимпиада комитеті өкілдері "Ресей үкіметі саясиланған жарыс өткізбекші" деп мәлімдеген. ХОК әлем елдерін Ресей бастамасына "аса сақтықпен" қарауға шақырған.

XS
SM
MD
LG