Accessibility links

WSJ: Путин Навальныйды өлтіру туралы бұйрық бермеген болуы да мүмкін


Ресей президенті Владимир Путин Ямал-Ненецк автономды өлкесіндегі колонияда жазасын өтеген оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйды өлтіру туралы бұйрық бермеген де болуы мүмкін. Бұл жөнінде дереккөздерге сүйенген The Wall Street Journal басылымы жазды.

"Десе де мұндай бағалау Путин Навальныйдың өліміне кінәлі деген тұжырымға шәк келтірмейді, бірақ ол дәл сол сәтте оны өлтіру туралы бұйрық бермеген болуы да мүмкін" деп жазылған мақалада.

Мұндай қорытынды Америка барлау қызметі оның ішінде, ЦРУ, АҚШ мемлекеттік департаментінің ұлттық барлау және барлау бөлімі директоры басқармасының қорытындысына сәйкес келеді.

Америка арнайы қызметі ірі көлемде ақпараттарды талдай отырып осындай қорытындыға келген. Талданған деректер арасында барлау мәліметтері, сонымен бірге ашық дереккөздерден алынған ақпараттар да бар. The Wall Street Journal басылымының жазуынша, Навальный Ресейдегі президент сайлауына аз қалған кезде көз жұмған және оның өлімі Путиннің қайта сайлану мүмкіндігін азайта түседі.

The Wall Street Journal басылымының жазуынша, Америка жағы өз қорытындыларын Еуропаның арнайы қызмет өкілдерімен талқылап көрген, себебі Еуропаның кейбір елдері әлі күнге дейін Навальныйдың өліміне Путиннің тікелей қатысы жоқ деп санайды. Еуропа шенеуніктерінің пікірінше, қазіргідей қатаң бақыланатын Ресей жүйесінде президентке алдын ала ескертілмей Навальныйға зиян келтіру неғайбыл.

АҚШ үкіметі Навальныйдың өліміне баға берді ме, Америка барлау қызметі саясаткердің өлімін қалай түсіндіреді? The Wall Street Journal дереккөздері бұл сұрақтарға жауап бермеген.

АҚШ-тың арнайы қызметі мен Ресейдің Вашингтондағы елшілігі басылымның сұрақтарына жауап бермеген.

  • Навальныйдың қазасы туралы қорытындыда саясаткер табиғи себептен көз жұмғаны жазылған. Ал жақтастары саясаткерді өлтірген деп санайды. Қамауда болған шақта ол 300 күннен астамын тәртіптік изоляторда өткізген.
  • 17 наурызда Путин оппозиционердің өлімін "қайғылы оқиға" деп атаған және Навальный Ресейге оралмайды деген шартпен оны айырбастау мәселесін талқылағанын растаған. Бұған дейін "Агентство" және ағылшын тіліндегі басылымдар Ресей түрмеде отырған Алексей Навальныйды, америкалық журналист Эван Гершковичті және АҚШ-тың бұрынғы теңізшісі Пол Уиланды босатуға дайын болған деп хабарлаған. Оның орнына Ресейге Германия түрмесінде отырған Вадим Красиков пен "АҚШ-та сотталған ресейліктердің бірін" беру мәселесі қарастырылғаны айтылды. Красиков Шешенстанның дала командирі Зелимхан Хангошвилиді өлтіргені үшін өмір бойына сотталған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG