Accessibility links

Тәжікстан өз азаматтарына Ресейге бармауға кеңес берді


Тәжікстанның сыртқы істер министрлігі өз азаматтарына Ресейге бармауға кеңес берді. "Крокус сити холл" концерт залындағы шабуылдан кейін ресейлік мемлекеттік құрылымдардың Орталық Азия елдерінен келген мигранттарға қысымы үдеген шақта осындай мәлімдеме жасалып отыр. Шабуылға қатысты қамалғандардың басым бөлігі – Тәжікстан азаматтары.

Ресейге бармау туралы ескерту 27 сәуірде министрліктің сайтында жарияланды. Ведомство Ресейге тек өте қажет жағдайда баруға болатынын ескерткен. Бұған дейін құқық қорғау ұйымдары Ресейде Орталық Азиядан келген мигранттарға қатысты ксенофобиялық көңіл-күй артқанын хабарлаған.

Тәжікстанның сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддин бұған дейін Ресейде "ойластырылмаған ақпараттық кампанияның" нәтижесінде "Тәжікстан азаматтары мен тәжіктерге қатысты теріс көзқарас" қалыптасып, ксенофобия туындағанын айыптаған.

Жуырда Тәжікстанның сыртқы істер министрлігі тәжік азаматтары Ресейге кіргізілмей жатқанын хабарлаған. Негізінен ресейлік шекара бекеттерінде жас жігіттердің кіруіне шектеу қойылған деп айтылады.

Тәжікстанның еңбек, көші-қон және жұмыспен қамту министрлігінің мәліметінше, 2023 жылы Ресейде 652 мың тәжік азаматы жұмыс істеген. Олар елдегі еңбек мигранттарының саны бойынша Өзбекстан азаматтарынан кейінгі екінші орында. Елдің жалпы ішкі өнімінің үштен бір бөлігін жұмысшылардың шетелден, негізінен Ресейден аударған ақшасы құрайды.

Өз кезегінде Ресей экономикасы да шетел жұмыс күшіне тәуелді. Ресейдің өнеркәсіп және сауда министрінің бірінші орынбасары Василий Осьмаков былтыр жұмыс күшінің тапшылығын экономиканың негізгі мәселелерінің бірі деп атаған. Былтыр сәуірде Ресей президенті Владимир Путин де елде "көп салада жұмыс күші жетіспейтінін" айтқан.

Ресей орталық банкінің мәліметінше, содан бері экономиканың барлық саласында жұмыс күші тапшылығы туындаған. Қазір кәсіпорындардың шамамен 70 пайызы жұмыс күшіне зәру.

XS
SM
MD
LG