Accessibility links

Алматыда журналист Жәмила Маричеваның соты басталды


Жәмила Маричева.
Жәмила Маричева.

2 мамырда Алматыда "жалған ақпарат таратты" деп айыпталған ProTenge жобасының авторы, журналист Жәмила Маричеваның ісі бойынша сот басталды. Істі Алматының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты қарап жатыр.

Сотта полиция қызметкері Жәмила Маричеваны "жалған ақпарат таратты" деп айыптады. Судья одан журналистің нақты қандай заң бұзғанын сұрады.

– Мен [Бостандық аудандық полиция басқармасы] басшылығының нұсқауымен хаттама толтырдым. Маған хаттама толтыру керек деді. Мен соны істедім, – деді Бостандық аудандық полиция басқармасының учаскелік инспекторы Мейіржан Ембергенов.

- Cіз алдымен қандай заңсыздық болғанын біліп алуыңыз керек еді, дұрыс па? деді судья.

– Маған[Маричева] біздің учаскеге қарайтынын, хаттама толтыру керек екенін айтты. Сосын солай еттім, – деді полицей.

Жәмила Маричева сотта тағылған айыпқа үзілді-кесілді қарсы екенін жеткізді.

– ProTenge телеграм-арнасында шыққан ақпарат шындыққа сәйкес келеді, ол қоғамдық тәртіпті, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін бұзбайды деп санаймын. Ол жазбаға неге сонша назар аударылғанын және көптеген полиция басшылығының өкілдері араласқанын түсінбеймін, – деді Маричева сотта.

Журналист полиция қызметкерлері өзін алдын ала хабардар етпегеніне, WhatsApp-қа жазбағанына, бірақ жүгіруге шыққанда артынан аңдығанына наразылық білдірді.

Журналистің адвокаты Әсел Тоқаева өзі қорғап отырған азаматтан полицейлер оны қалай тапқанын сұрады.

—Бұл өте жақсы сұрақ. Ол күні менің жүгіретінімді ешкім білмеген. Мен сол күні кешке жүгіретінімді ешқайда жазған жоқпын. Және тәуліктің әр мезгілінде жүгіре беремін: бірде күндіз, бірде кешке. Яғни, нақты кесте жоқ. Сәйкесінше полицейлер қандай да бір техникалық мүмкіндіктерді пайдаланған. Олар мені полицияға апарып, хаттама толтыру үшін аңдып жүріп, тапты, – деді Жәмила Маричева.

Адвокат қылмыстық құрамның болмауына байланысты судьядан Жәмила Маричеваға қозғалған әкімшілік істі тоқтатуды сұрады. Ол сонымен бірге Бостандық аудандық полиция басқармасы қызметкердеріне "әкімшілік хаттама толтыру кезінде азаматтың конституциялық құқығын бұзғаны үшін" жеке қаулы шығаруды сұрады. "Бұл заңсыз әкімшілік ұстау" деді адвокат.

Сот 6 мамырда жалғасады.

Журналист Жәмила Маричеваны полиция 24 сәуірде кешкісін көшеде жүгіріп бара жатқан жерден ұстаған. Ол шамамен бір сағат Бостандық аудандық полиция басқармасында болды. Журналист бөлімшеге ертесінде баратынын айтқан, алайда полиция қызметкерлері "бүгін бармаса, полицияның талабына бағынбау бабымен" жауапқа тартылуы мүмкін екенін ескерткен.

Кейін полиция "ProTenge телеграм-арнасында "жалған ақпарат таралуына байланысты" арна авторы полицияға жеткізілгенін мәлімдеді. Оның үстінен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің жаңа бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылған.

Биыл қаңтарда ProТenge басылымы телеграм-арнасында аккредитация мәселесіне кезіккен Азаттықты қолдап жазба жариялаған. ProТenge жазбасында Азаттықты зерттеу жүргізіп жүрген ең мықты командалардың бірі деп атаған. ProТenge-нің жазбасымен YouTube-тағы "Обожаю" арнасының авторы, журналист Асхат Ниязов бөліскен. Ізінше сол жазба үшін де Асхат Ниязовқа "жала жабу" бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды. Өткен аптада сот қылмыстық құрамның болмауына байланысты Асхат Ниязовтың ісін тоқтатты.

XS
SM
MD
LG