Accessibility links

Орталық Азия мигранттары Америкаға жетудің жаңа жолын іздеп жатыр


Стамбул әуежайында Латын Америка елдеріне ұша алмай қалған Орталық Азия елдерінің азаматтары мен ресейліктер.
Стамбул әуежайында Латын Америка елдеріне ұша алмай қалған Орталық Азия елдерінің азаматтары мен ресейліктер.

Орталық Азия мен Ресейде тұратын ондаған азаматты Стамбулда ұшаққа отырғызбай қойды. Бұған Turkish Airlines әуе компаниясының Мексика мен Латын Америкасындағы басқа да елдерге ұшатын жолаушыларға жаңа шектеулер енгізуі себеп болды. Латын Америкасы — АҚШ-тың оңтүстік шекарасына жетуге талпынған мигранттар үшін танымал бағыттардың бірі. Мигранттар америкалық армандарына жетуге шектеулер кедергі бола алмайтынын, Мексикаға Дубай арқылы жол тапқандарын айтады.

Салтанат пен күйеуі Мәскеуден Дубайға барып-қайту билеттерін алған. Бірақ олардың елге оралатын ойы жоқ.

Ерлі-зайыптының бірі Тәжікстан, бірі Ресей азаматы. Олар Біріккен Араб Әмірліктері арқылы Мексикаға жетіп, ары қарай АҚШ-қа өткісі келеді.

– Басында Мексикаға Стамбулдан ұшпақ болдық. Бірақ Telegram-нан Turkish Airlines Ресей мен басқа да постсоветтік елдердің азаматтарына Латын Америкасына бара жатқан ұшақтарға отырғызбай жатыр деген ақпарат оқып, жоспарымызды өзгерттік, – дейді Салтанат толық аты-жөнін көрсетпеуді өтініп.

Жақында Стамбулда Мексика мен Латын Америкасы елдеріне ұшатын Turkish Airlines ұшақтарында Орталық Азия, Ресей мен Кавказ елдерінің ондаған азаматы ұсталды.

Turkish Airlines Мексика, Бразилия, Колумбия, Куба мен Венесуэлаға ұшатын жолаушыларға қосымша тексерулер жариялады.

Визадан бөлек, жолаушылар енді қайтатын билеті мен толық төленген қонақ үй бронін, шотында сапарға қажетті ақшасы барын көрсетуі керек. Ресей мен Түркіменстаннан басқа Орталық Азия елдерінің азаматтары Түркияға визасыз кіре алады.

Бұл шектеулер — АҚШ-қа келетін мигранттар санын азайтуға арналған шаралардың бір бөлігі. 2023 жылы оңтүстік-батыс шекарада 2,5 миллион мигрант тіркелген. Көп адам шекарашылардың қолына түспей, АҚШ-қа өтіп кеткен.

Былтыр Орталық Азиядан келген мигранттар саны күрт көбейді. 50 мыңнан астам азамат АҚШ-қа заңсыз кірген. Олардың 17 мыңы – Өзбекстан, 7 мыңы – Қырғызстан, 3 мыңы – Тәжікстан, 2 700 – Қазақстан, 2 мыңы – Түркіменстан азаматы.

АҚШ дерегінше, биыл заңсыз мигранттар саны артпаса, кеміген жоқ.

АҚШ кеден-шекара қызметінің дерегінше, 2024 жылдың басынан бері бір ғана Калифорния штаты Сан-Диего қаласындағы шекара учаскесі арқылы 140 мың заңсыз мигрант, оның ішінде 2500 өзбек, 500 тәжік, 400 қырғыз азаматы өткен.

СТАМБУЛДА ҚАЛУ

Түркиядағы жаңа шектеулерден зардап шеккен жолаушылар бірнеше мың долларға алған билеттері күйіп кеткенін, одан басқа да көп шығынға батқанын айтады.

Жолаушылардың көбі билет ақшасын қайтара алмаған, өйткені олар ең арзан, қайтарылмайтын билеттер алған. Кей азаматтар бірнеше күн әуежайда немесе қалада қалып, қонақ үй мен тамаққа қыруар ақша жұмсаған. Олар әуе компаниясы ұшуға рұқсат беріп қалар деп үміттенгенін жасырмайды.

Мексика аумағынан тікен қоршаулар арқылы АҚШ-қа өтпек болып тұрған мигранттар. 19 наурыз 2024 жыл.
Мексика аумағынан тікен қоршаулар арқылы АҚШ-қа өтпек болып тұрған мигранттар. 19 наурыз 2024 жыл.

– Әуежайда қалған немесе күніне 115 доллар төлеп, қонақ үйде жатқан отбасыларды білемін, – дейді Қырғызстанда туған Ресей азаматы.

Азаттықтың Қырғыз қызметіне анонимді түрде сұхбат берген азамат ақпанда Канкунге (Мексика) ұшып барып, Стамбулға депортацияланғанын айтты. Ол депортация себебін түсіндірмеді, бірақ Мексика арқылы АҚШ-қа өткісі келгенін мойындады.

Стамбулға келген соң, Латын Америкасындағы басқа елге билет алған. Бірақ оны ұшаққа отырғызбай қойған. Ол қазірге дейін 15 000 доллар шығынға батқан.

Кей ресейлік жолаушыларға қайтарға билеті мен қонақ үй броні бола тұра, ұшаққа отыруға рұқсат бермеген. Өйткені олардың бұрын алған визалары болмаған немесе Канкундағы ұзақ демалысқа кішкене қолжүгімен ғана шыққан. Әуе компаниясы бұл жолаушылар АҚШ-қа өту үшін бара жатыр деп күмәнданған.

ШАҒЫН ҚОЛАЙСЫЗДЫҚ

Салтанат пен күйеуі үшін Turkish Airlines әуе компаниясының жаңа шектеулері — «шағын қолайсыздық» қана. Бұл олардың америкалық арманына қол жеткізуіне кедергі бола алмайды.

– Жаңалықты естіген бойда, Мексикаға ұшуға болатын визасыз елдер тізімін қарадық. Біріккен Араб Әмірліктерін таңдадық. Ресей төлқұжатымен БАӘ-ге де, Мексикаға да визасыз саяхаттай аламыз, — дейді Салтанат.

Салтанат билеттерді түгел сатып алғанын не сапардың қалған бөлігін Дубайға жеткен соң жоспарлайтынын ашып айтпады.

Салтанаттың күйеуінің Ресейде табысты құрылыс компаниясы бар. Ол АҚШ-та жаңа, жақсы өмір бастағысы келеді. 30-дан жаңа асқан ерлі-зайыптының соңынан достары мен көршілері де АҚШ-қа көшпек.

Салтанаттың айтуынша, Стамбул арқылы ұшу мүмкін болмаған соң, достары Мексикаға жетудің балама жолдарын іздей бастаған.

– Олар Түркия арқылы Бразилияға жетіп, ол жақтан контрабандистер көмегімен Оңтүстік Америка елдерін жағалай Мексикаға баруы керек еді. Бір күні АҚШ-та да көрші болғымыз келеді, — дейді Салтанат.

Салтанат алда қиын сапар күтіп тұрғанын, АҚШ-қа жетпей түрмеге түсу, адам саудасына ұшырау немесе өліп кету қаупі барын жақсы біледі. АҚШ-қа жеткен күннің өзінде ерлі-зайыптыны кері қарай депортациялауы мүмкін.

Салтанат ешқандай қауіптен қорықпайды. Ол мыңдаған ресейлік пен Орталық Азия тұрғыны Америкаға жеткенін, тек санаулы азамат ғана депортацияланғанын айтады.

Салтанаттың күйеуі Ресейде өзін Украинаға соғысқа жіберуі мүмкін екенін айтып, АҚШ-тан босқын мәртебесін сұрауды жоспарлап отыр.

Ерлі-зайыпты Орталық Азиядан АҚШ-қа көшкен мигрант достарынан мемлекет босқын мәртебесін бермесе де, іс қаралғанша, бірнеше жыл өтетінін, қайтадан апелляцияға өтініш беруге болатынын естіген.

АҚШ заңына сәйкес, босқын мәртебесін сұрағандардың көбі жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Ал істі қаржыландыру деңгейі төмен көші-қон соттары қарайды.

Салтанат пен күйеуі түбінде Америкада өмір сүру деген арманымызға жетеміз деп үміттенеді.

XS
SM
MD
LG