Accessibility links

Қытай мен Ресей Орталық Азия іргесінде әскери жаттығу бастады. Бұл нені білдіреді?


Ресейдің Чита қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай шамамен 250 километр жерде өткен "Восток-2018" жаттығуына қатысып жатқан Қытай әскері мен соғыс техникасы. Көрнекі сурет.
Ресейдің Чита қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай шамамен 250 километр жерде өткен "Восток-2018" жаттығуына қатысып жатқан Қытай әскері мен соғыс техникасы. Көрнекі сурет.

Қытай мен Ресей 9 тамызда бес күндік бірлескен әскери жаттығу бастады. Қытайдың солтүстік-батысында өтіп жатқан жаттығу АҚШ бастаған халықаралық коалиция әскерін шығарып жатқан Ауғанстанға байланысты және Орталық Азияға төнген тұрақсыздық қауіп-қатері мәселесінде Мәскеу мен Пекиннің байланысы жақындай түскенін білдіретіндей.

Қытайдың солтүстік-батысындағы Нинся-Хуэй автономды ауданында 9 тамызда басталған "Батыс/Әрекеттестік-2021" әскери жаттығуына екі жақтан он мыңнан астам адам қатысып жатыр. Онда ұшақ, қару-жарақ пен көлік құралдары көптеп қолданылмақ.

Бұл жаттығу Батыс елдері Ауғанстаннан әскерін шығарып жатқан уақытқа тұспа-тұс келді. АҚШ пен НАТО елдері әскерін әкете бастағанда "Талибан" мен Ауғанстан үкіметі арасындағы соғыс күшейіп, аймақта тұрақыздық орнаған еді.

Биыл Пекин мен Мәскеу осымен төртінші рет, ал Қытайда бірінше рет оқу-жаттығу өткізіп жатыр. Бұл маневр Орталық Азиядағы тұрақтылыққа арналған. Осылайша екі ел де әскери күштерінің тығыз әріптестігін көрсетуге талпынады.

– Бұл оқу-жаттығу екі ел арасындағы әскери байланыстың жалғасы, бірақ оған Ауғанстандағы жағдай жаңа реңк беріп тұр. Екі жақ та дағдарыс пен қауіпсіздік проблемалары Орталық Азияға тарап кетуі мүмкін деп алаңдайды, – дейді Шанхайдағы Шығыс-Қытай педагогикалық университетіндегі Ресей зерттеулері орталығының доценті Чжан Синь Азаттыққа.

5 тамызда Қытай қорғаныс министрлігінің ресми өкілі У Цянь оқу жаттығудың мақсаты "әріптестікті нығайту", "аймақтағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау" екенін айтып, көбіне лаңкестікпен күреске, бірлесіп тергеу жүргізуге, электронды және ақпараттық шабуылдың алдын алуға бағытталатынын мәлімдеді.

Кейінгі кездері АҚШ-ты жақтырмайтын, Орталық және Оңтүстік Азияға деген ұстанымы бір екі ел бір-біріне жақындай түсті.

Пекин де, Мәскеу де халықаралық проблемаларды бірігіп шешуге дайын екенін көрсетті, ал қазір өтіп жатқан, Орталық Азия мен Ауғанстандағы қауіпсіздікке арналған әскери оқу-жаттығу динамиканың өзгеріп жатқанын көрсететіндей.

Дегенмен, Чжан Синьнің сөзінше, екі ел әскери байланысты нығайтып, бірігіп жұмыс істеу амалдарын тауып жатқанымен, Қытай мен Ресей "дәстүрлі формадағы әскери одақ" құрғалы жатқан жоқ.

– Мұндай оқу-жаттығу екі ел толық масштабты одақ құрмай, әскери күштері арасындағы жабық әрі икемді әріптестікке ұмтылатынын көрсетеді, – дейді Чжан Синь.

ПЕКИН МЕН МӘСКЕУ БАЙЛАНЫСЫНЫҢ ДАМУЫ

Ауғанстандағы қауіпсіздіктің нашарлауы Қытай мен Ресей саяси және әскери лидерлерінің назарын аударып, әріптестікке жаңа мүмкіндіктер берді. Дегенмен, екі ел басқа салаларда да байланыс орнаған.

Ресей-Қытай әріптестігі 2014 жылы Кремль Қырымды аннексиялап, Батыстың санкцияларына тап болғаннан кейін нығая бастады.

Содан бері Пекин мен Мәскеудің арасы сауда-саттықтың артуы, жоғары технологиялық байланыс және бір-бірін саяси қолдауы, әсіресе, Covid-19 пандемиясы кезіндегі әріптестігінің арқасында жақындай түсті.

Маусымда екі ел 20 жыл бұрын жасаған Қытай-Ресей көршілестік, достық және әріптестік келісім-шартын ұзартты.

Қытай президенті Си Цзиньпин (оң жақта) мен Ресей президенті Владимир Путин видеоконференция кезінде. 28 маусым 2021 жыл.
Қытай президенті Си Цзиньпин (оң жақта) мен Ресей президенті Владимир Путин видеоконференция кезінде. 28 маусым 2021 жыл.

Әскери байланыстар да назардан қыс қалған емес.

2005 жылдан бері Қытай мен Ресей әскері екіжақты немесе көпжақты оқу-жаттығу өткізіп келеді. Қазір маневрлер кеңейіп, әскери-теңіз оқу-жаттығуын да қамтитын болды.

2018 жылы Пекин мен Мәскеу оқу-жаттығу масштабын кеңейтіп, командирлердің дайындығына көбірек назар аударатын болды. Сол жылы Ресейде жоғары деңгейде оқу-жаттығу өтті.

Әскери-саяси байланыста жылымық байқалғанымен, сарапшылар Қытай мен Ресей дамытқысы келетін серіктестіктің шегі бар екенін айтады.

Мәскеудегі Карнеги орталығының бас қызметкері Александр Габуев Азаттыққа екі ел де "екінші тараптың мүддесі бар күресті" туғызатын альянсқа түскісі келмейтінін айтады. Ол Қытайдың Украинаға, Ресейдің Тайваньға деген ұстанымын меңзеп отыр.

– Олар келіспеушіліктен қашып, оның орнына ортақ мүдде тауып келеді. Қытай мен Ресей – прагматик, АҚШ-қа қарсы шығады, бірақ екі ел де өзін ұлы держава санап, стратегиялық автономдығына сенеді, – дейді Габуев.

ЖАҢА ПӘТУА

Бір аптаға созылған оқу-жаттығудан кейін Ресей мен Қытай әскері Шанхай ынтымақтастық ұйымы, яғни, Пекин мен Мәскеу басқаратын қауіпсіздік одақ аясында қыркүйекте тағы да жаттығу өткізеді. Бұл да Қытайдағы оқу-жаттығу секілді лаңкестікпен күреске бағытталмақ.

Пекин үшін Еуразиядағы қауіпсіздік саласындағы байланысты нығайту құралына айналған ШЫҰ-ға Қытай мен Ресейден басқа Үндістан, Қазақстан, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Өзбекстан кіреді.

Ресей Орталық Азиядағы Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан секілді елдерді тікелей ықпал ету нысаны ретінде қарастырып келді, бірақ Пекиннің экономикалық жағынан басымдыққа ие бола бастауы аймақтағы динамиканы өзгертті.

– Кейінгі жылдары Қытай мен Ресей Орталық Азияда "Ресей әскери күші мен Қытай әмияны" арасындағы мүддесін теңестіруге тырысты, – дейді Riddle Russia онлайн-журналының редакторы Антон Барбашин Азаттыққа.

Бірақ "бұл пәтуа он жыл бұрынғыдай берік емес" дейді ол.

Барбашин Қытай мен Ресейдің аймақтағы қауіпсіздік саласындағы әріптестігінің құрылуында Ауғанстандағы жағдай мен оның Орталық Азияға ықпалы маңызды рөл атқарады деген сенімде.

– Бәлкім, Қытай, Ресей, Орталық Азия елдерінің қауіпсіздік саласындағы ауқымды әріптестігінің бастауына куә болып отырған шығармыз, – дейді Барбашин. – Оның қалай дамитыны "ШЫҰ Ауғанстаннан болатын, алдын алуға келмейтін қауіпті тоқтатуға қабілетті ұйым ба?" деген сұрақтың жауабына байланысты болмақ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG