Кубаның қазіргі басшысы Рауль Кастро елдің бұрынғы жетекшісі Фидель Кастроның 91 жасқа қараған шағында қайтыс болғаны туралы мемлекеттік телеарнадан жариялады.
«Куба революциясының бас қолбасшысы қарашаның 25-і күні сағат 22:29 кезінде қайтыс болды», - деді 85 жастағы Рауль Кастро.
Сенбі күні Ақорда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Куба басшысы Рауль Кастроға ағасы Фидель Кастроның қазасына байланысты көңіл айтып жеделхат жолдағаны туралы хабарлады.
«Команданте Фидель Кастро Қазақстан халқының жадында кемеңгер жетекші, беделді саясаткер және екіжақты қарым-қатынастарға үлкен үлес қосқан тарихи тұлға ретінде мәңгі қалады» деген Қазақстан президенті жеделхатта.
Кубада 1959 жылы қарулы төңкеріс нәтижесінде Фульхенсио Батиста режимін биліктен тайдырып, елде коммунистік партияның дара билігін орнатқан Фидель Кастро Кубаны жарты ғасырдан астам уақыт бойы басқарды. Ол билік құрған жылдары елде коммунистік басқару жүйесімен келіспейтін ондаған мың адам өлім жазасына кесілді не түрмеге қамалды, миллионан астам адам басын ажалға тігіп, шетелге қашуға мәжбүр болды.
Анти-империалистік, антиамерикалық көзқарасымен танылған Кастро үкіметінің жүргізген экономикалық саясаты халықтың тұрмысын жақсарта алмады. Коммунистік билік басқаруындағы Куба әлемдегі кедей елдердің біріне айналды.
Ауыр науқасқа шалдыққаннан кейін Фидель Кастро 2008 билікті інісі Рауль Кастроға беріп, ел басшылығынан кетті. Бірақ ол өле-өлгенше 1950 жылдары өзі өмірге әкелген «Куба революциясы» көсемі болып қалды. Биліктен кеткен соң Фидель Кастроның денсаулық жағдайы туралы ақпарат анда-санда үкіметтің сараң мәліметтерімен шектелетін. Соңғы рет Фидель Кастро биыл тамыздың 13-і күні өзінің 90 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шараға қатысқан кезде жұртқа көрінген.
Фидель Кастро билігі тұсында Куба мен АҚШ арасында дипломатиялық байланыс үзіліп, тек былтыр, 2015 жылы қайта орнаған.
Кастро өкіметі СССР-мен тығыз қарым-қатынас орнатты. 1962 жылы күзде СССР-дің Кубаға атом қаруы бар зымырандарды орналастыруы тарихта «Кариб дағдарысы» деген атаумен белгілі саяси дағдарысқа алып келген еді. Сарапшылар бұл дағдарыс кезінде әлем дүниежүзілік ядролық соғысқа шақ қалған деп сипаттайды.
Халықаралық құқыққорғаушы ұйымдар мен демократиялық елдер Фидель Кастроны Кубада саяси қарсыластарын аяусыз жазалап, адам құқықтарын аяққа таптайтын диктаторлық билік жүйесін орнатқаны үшін сынап келген.