Accessibility links

Тасқында сын айтқандар жазаланды. Биліктің халықпен коммуникациясы қандай?


Орал қаласындағы суға кеткен аумақтың дроннан түсірілген суреті. 19 сәуір, 2024 жыл
Орал қаласындағы суға кеткен аумақтың дроннан түсірілген суреті. 19 сәуір, 2024 жыл

Қазақстанның біраз өңірін су алып жатқан шақта президент пен әкімдерді сынап, наразылық білдіргендер көп болды. Биліктен жедел әрекет талап етіп, жолды жапқандар "заңсыз митинг" үшін айып арқалады. 25 сәуірде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "қазақтың мемлекеттігіне қарсы" әлдебір адамдар туралы айтты. "Біз қоғамға іріткі салатын әрбір әрекетке тосқауыл қоямыз" деді ол. Тоқаев меңзеген "теріс пиғылдағы" адамдар мен билікті сынағанына бола жазаланғандар арасында байланыс бар ма? Әлде бұл биліктің сес көрсетіп, қоғамдағы наразылықты басу тәсілі ме? Төтенше жағдай кезінде биліктің қоғаммен қарым-қатынасы қалай болды?

АЛҒАШҚЫ АЙЫППҰЛ

Күн қызуымен еріген қар кешке дейін мол суға айналып, үйлерді, аулаларды басып қалды. Күні бойы қарғынмен алысып, ештеңе шығара алмаған адамдар қас қарая көшеге шықты. 100 шақты адам ауылға кіреберіс жолды жауып, мәселеге биліктің назарын аударды. Бұл Ақмола облысы Целиноград ауданы Қоянды ауылындағы 26 наурыздағы жағдай.

Бұл кезде ауылдың кейбір көшелерін су басып жатқанына екі күн өткен еді. Наразылар жергілікті билікті "қыс бойғы қарды аулаққа шығармады" деп сөккен. Жиналғандар "төтенше жағдай жариялауды талап етсек те, әкімдік қозғалар емес" деп ашынды. "Астана – Павлодар" күрежолындағы қозғалысты да тоқтатуға ұмтылған жұртты полицияның арнайы жасағы тежеді. Алайда Қоянды ауылының әкімі Бақытхан Солтанбай ауыл адамдарының сынына келіспей, "су басады деген аумақтардан қар шығарылған" деп қарсы уәж айтты.

Қоянды халқы қарғын судан қалай құтыларын білмей дал
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:52 0:00

Ертеңіне ауыл тұрғындарының әрекетін сот "ескертусіз өткізілген митинг" деп бағалап, "заңсыз митинг ұйымдастыру" және "заңсыз митингіге қатысу" баптары бойынша алты адамға айып тақты. Үш адамға 70 мың теңге, екі адамға 110 мың теңге және бір адамға 185 мың теңге айыппұл салды.

Бұл – биыл Қазақстанда қарғын су қарсаңында билікке наразылық білдірген адамдарды алғашқы жазалау кейсі.

"Сотта тағылған айыпты мойындадық, себебі ауылды су басып жатыр, әділдік іздеуге уақыт жоқ", – деді 185 мың теңге айыппұл алған Ерік Бралин Азаттық тілшісіне.

"ҚОРҚЫТЫП-ҮРКІТУ РИТОРИКАСЫ"

Қар суы қарқын алып, өзендер тасып, он облыстағы ондаған елді мекенде үй, аула, жол, көпірлер бүлініп жатқан шақта қоғам тарапынан билікке айтылар сын күшейді. Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданында үйлері түгелдей суға батқан Большая Малышка ауылының адамдары "күрегің де, қабың да жоқ" деп ауыл әкіміне ренішін айтып, сынға алды.

Ал сарапшылар "су ағатын каналдар тазартылмаған", "қыстайғы қар шығарылмаған", "саланы дұрыс басқара алмай жатыр" деген пікірлер айтты. Агросарапшы Кирилл Павлов үкімет тасқынға дайын емес, қар суын басқару, сақтау және ауыл шаруашылығына пайдалану жолдарын бұрыннан реттеп қоюға болар еді, сонда жазда шаруалар қуаңшылықтан қысылмай шығады деді.

Үйі суға толған адамдар мен сарапшылар биліктің "кемшілігін" айта бастаған тұста, 31 наурызда мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Facebook парақшасында "әлеуметтік желілерде оқиға орнынан нақты ақпарат қана емес, арандату сипатындағы жалған ақпарат та тарап жатыр" деп пост жариялады. Шенеунік осы жазбасында "жалған ақпарат таралуына жол берілмейді, кінәлілер анықталып, жауапкершілікке тартылады" дегенді де қосқан. Пікірлер алаңында "дұрыс айтасыз, дүрбелең туғызуға болмайды" деп министрді қуаттағандар да, "халықтың шырылдап түсіріп жатқаны қалай жалған болады?" деп сынағандар да болды.

«Күрегің де, қабың да жоқ». Петропавлдағы тасқын салдары
please wait

No media source currently available

0:00 0:11:15 0:00

Артынша президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық ақпарат құралдары, белсенді азаматтар және блогерлерге құлаққағыс жасады.

"Бұқаралық ақпарат құралдарына, белсенділерге және блогерлерге айтарым, жұртты дүрбелеңге салатын жалған ақпарат таратпау қажет. Қазіргі уақытта билік пен қоғамды ұйыстыратын әрекеттер жасау аса маңызды. Азаматтарды тек қана ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырамын" деді ол 6 сәуірдегі үндеуінде.

Әлеуметтанушы Серік Бейсембаев билік қоғаммен дұрыс коммуникация орната алмады, "жауапкершілікке тартыласыңдар" деген сөздің астарында қорқыту-үркіту ойы жатыр деп есептейді.

– Бірнеше аймақты су алып, салдары ауыр болғаны қоғамда наразылық деңгейін арттырғаны анық. Қаншама үй су астында қалып, адамдар басқа жерде түнеп жүргені және олардың ертеңіне алаңдауы жағдайдың шиеленісуіне алып келіп отыр. Орталық және жергілікті билік өкілдерінің тасқынның алдын алу, оның салдарымен күресу кезінде шарасыздық танытуы, оған қоса адамдармен лайықты деңгейде коммуникация орната алмауы қоғамның қарсылығын тудырды. Кейбір адамдарға айыппұл кесіп, қамауға алу, "жалған ақпарат таратсаңдар жазаға тартыласыңдар" деп қорқытып-үркіту риторикасы жағдайды одан әрмен ушықтырады. Әкімдіктер мәселенің бетін сылап-сипап, өзіне сын айтқандарға қысым көрсеткісі келеді. Бұл отқа май құйғандай әсер етеді. Халықты бұлайша тыныштандырамын деп ойласа, қателескені. Оның орнына жағдайды ашық түсіндіріп, әділ болып, көмек көрсету керек. Барды – бар, жоқты – жоқ деп айтқан абзал, – деді Серік Бейсембаев Азаттық тілшісіне.

"ШАҒЫМЫН АЙТҚАНДАРДЫҢ ЖАНАЙҚАЙЫ ЕСТІЛУІ КЕРЕК"

Президент пен министрдің ескертуінен кейін де сын толастаған жоқ.

15 сәуірде BizBirgemiz Qazaqstan еріктілер қорының жетекшісі Перизат Қайрат Instagram әлеуметтік желісінде президент Тоқаевтың тасқын кезіндегі жұмысын сынаған жазба қалдырып, бірер сағаттан кейін постын өшіріп тастады. Ол жазбасында "апат кезінде еріктілер емес, президент көш бастауы керек", "мемлекеттік органдардың ісі сылбыр", "қаржылай көмекті халық қана жинап жатыр" деп айтып, кейін "эмоциямен жазып жіберіппін" деп кешірім сұрады.

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт волонтерге "Ақорда" қысым көрсеткен болуы мүмкін деген ойын айтты. "Қазіргі саяси режимнің арсеналында дағдарысты ахуалды тұрпайы әдіспен реттеуден басқа ештеңе жоқ екенін көріп жатырмыз" деді ол.

Ал ерікті бұл жөнінде Азаттық тілшісіне пікір білдіруден бас тартты.

Суға батып қаза тапқан адамдардың жақындарының да төтенше жағдай қызметкерлерінің құтқару жұмыстарына көңілі толмады. Мәселен, Атырау облысы Құлсары қаласында су басқан үйін көруге кеткен әкелі-балалы Болатбек Ермекбаев пен Асылхан Нұржауов жоғалып, тоғыз күннен кейін су астынан өлі табылған еді. Марқұмдардың туыстары билік іздестіруді кеш бастады деп налыды.

Билікке сын айтқандар арасында ашуға беріліп, артық кеткендері де болды. Қостанай тұрғыны Қайрат Мұсабаев үйін су алып кеткеннен кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа әлеуметтік желі арқылы үндеу жолдап, сөз арасында бейпіл сөз қолданған. Оны "қоғамдық орында балағат сөз айтты" деп айыптаған полиция 7 сәуірде Мұсабаевты 10 күнге қамады. Павлодар тұрғыны Ақылбек Темірғалинов те Facebook желісінде тасқын салдарынан халықтың шығынға батуына билік кінәлі дейтін жазба қалдырған. Постына "былапыт сөз қосқан" Темірғалинов те 11-17 сәуір аралығында алты күн қамауда отырып шықты.

"Жиған-тергенінен айырылған" адамдар көңіл күйі бұзылғанын көрсетіп жатқан шақта журналистер үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсеновадан наразылықтың алдын алу үшін не істеп жатқанын сұрады.

Press.kz сайтының тілшісі премьер-министр орынбасарынан "үкімет тасқыннан зардап шеккен қазақстандықтар арасында әлеуметтік толқу болдырмау үшін не істеп жатыр?" деп сұраған. Тамара Дүйсенова "үкімет жұмыс істеп жатыр" деп жауап берген. "Жеткілікті жұмыс істеп жатыр ма?" деп тағы да сұрақ қойған журналист. "Қолдан келгенше істеп жатырмыз" деп келте қайырған Тамара Дүйсенова.

Қазақстан билігі бұрын да төтенше жағдайлар кезінде наразылық айтқандарды "рұқсат етілмеген митингіге шықты" деп ұстап әкетіп, көпшілікке "жалған ақпарат таратқандар жауапкершілікке тартылады" деп ескерту айтатын.

2022 жылы Екібастұз қаласында жылу электр орталығы мен құбырларда апат болған тұста Алматының Арбат алаңында Oyan, Qazaqstan қозғалысының екі белсендісі акцияға шыққан еді. Олар "Екібастұз басшыларының қызметтен кетуін талап етеміз", "Қазақстанда тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мен жылу желілері проблемасы шешімін тапқанын қалаймыз" деген. Оларды полиция ұстап әкетіп, түсініктеме жаздырған.

Әлеуметтанушы Серік Бейсембаев
Әлеуметтанушы Серік Бейсембаев

Әлеуметтанушы Серік Бейсембаев билік халықпен коммуникация орнату әдісін өзгертіп, адамдарға мұң-зарын айтуға мүмкіндік беруі керек деп есептейді.

– Орталық биліктегілер жергілікті әкімдіктердің сынаушыларды қысымға алуына жол бермеуі керек. Керісінше, шағымын айтқандардың жанайқайы естілуіне жол ашып, оған жергілікті әкімдіктерден жауап талап етуі тиіс. Қазір адамдар өзгерген, әділетсіздікті көріп ашынған. Тап қазіргі жағдайда далада қалып отыр. Ал оларды тыныштандырамыз деп күшке салу адамдарды көшеге шығуға итермелейді, наразылық акцияларын туындатады. Орталық билік, анығырақ айтқанда президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенімді азайтады, – деді Серік Бейсембаев.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG