Accessibility links

АҚШ елшісі: Демократия, қауіпсіздік пен экономика қатар дамуы керек


АҚШ елшісі Кеннет Фэйрфакс. Алматы, 27 қаңтар 2012 жыл.
АҚШ елшісі Кеннет Фэйрфакс. Алматы, 27 қаңтар 2012 жыл.

АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Кеннет Фэйрфакс жуықта міндетін аяқтайды. Азаттыққа сұхбат берген елші екі жыл ішінде атқарған істері жайлы, Қазақстанда болған оқиғалар туралы айтты.

Азаттық: Елші мырза, әңгімемізді сіздің осы қызметке тағайындалған кезіңізден өрбітсек. Меніңше, өз саласындағы білігіне қосымша ядролық мәселелерде тәжірибесі бар тұлғаның Совет одағы тараған соң өз еркімен ядролық қарудан бас тартқан елге елші болып тағайындалуы ешкімді таңғалдыра қоймаған шығар. Астанаға келгенге дейін Қазақстан туралы жақсы хабардар болдыңыз. Бірақ Қазақстанда тұрған екі жыл ішінде сізді таңырқатқан жайттар болды ма?

Кеннет Фэйрфакс: Көп нәрсеге таңғалдым, бір жағынан ештеңеге таңғалмадым десем де болады. Көп елдерде қызмет еттім, таңырқататын жайттарды көп кездестірдім. Қазақстан, әрине, осы қатарға кіреді. Біздің жұмыстың қызығы да – сол.

Мәселен, Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласын қайта құруда атқарылып жатқан қыруар шаруаны алып қарайық. Қазақстанда Ангус және Герефорд тұқымдас сиырлардың сертификатталған тұңғыш ауционына қатысамын деп ешқашан ойламаппын. Отандық өнеркәсіпті дамыту үшін жергілікті мамандар генетикалық материалдарды үлкен кәсіби шеберлікпен импорттады. Мұның өзі олардың іскерлігі мен жетістікке тез жетуге ұмтылысын көрсетеді.

Мені қатты таңғалдырған және бір нәрсе – елдің ашықтығы. Қазақстан қолға алып жатқан шаруалардың барлығы – басқа елдердің тәжірибесін байқап көру, олар қалай істеді, кемшіліктері мен артықшылықтары қайсы деп бажайлау. Әр елдің
АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Кеннет Фэйрфакс пен консерватория ректоры Жания Әубәкірова концерттің ашылуында сөйлеп тұр. Алматы, 5 мамыр 2012 жыл.
АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Кеннет Фэйрфакс пен консерватория ректоры Жания Әубәкірова концерттің ашылуында сөйлеп тұр. Алматы, 5 мамыр 2012 жыл.
өз ерекшелігі болғандықтан оларды көзсіз көшіру міндетті емес, сондықтан солардың тәжірибесінен сабақ алу керек деген ұстанымға негізделген. «Жасыл энергия» саясаты болсын, Сауда палатасы болсын, Қазақстан басқа елдің тәжірибесін зерттеп, өзіне лайықтап пайдалануға бейім. Меніңше, бұл – бұрынғы Совет Одағы шегіндегі ашықтықтың ең бір жарқын мысалы.

Азаттық: Сіздің бағалауыңызша, Қазақстанның соңғы екі жылдағы ең үлкен жетістіктері не?

Кеннет Фэйрфакс: (Ойланып) Егер бір жетістікті бөле-жарып айту керек болса, онда «Жасыл энергия стратегиясының» қабылдануын атар едім. Мұны ерекшелеп айтып отыруымның себебі, бұл – бір қарағандағыдай тек қоршаған ортаны қорғау бастамасы емес, одан да кең ұғым.

Қазақстан үшін «Жасыл энергия стратегиясы» – энергетика саласына субсидия берумен және энергияны болашағы бұлыңғыр, әлемдік нарықта бәсекеден қалып бара жатқан лас өнеркәсіпке жұмсаумен шектеліп қалмау. Олар білімге негізделген, жан-жақты диверсификацияланған экономиканы қалыптастыруға бекінді. Энергетикалық саясат туралы осы шешімге қарап-ақ, Қазақстанның өз болашағын қалай елестететінін көруге болады. Қазақстан болашақта толық дамыған, экономикасы әртарапты мемлекет боламыз деп біледі .

«ЖАҢАӨЗЕН ОҚИҒАСЫНЫҢ АЛДЫН АЛУҒА БОЛАТЫН ЕДІ»

Азаттық: Қазақстандағы АҚШ елшісі ретінде қызмет еткен екі жылыңыз ел үшін аса ауыр кезеңге дөп келді. Мұнда, әрине, Жаңаөзен оқиғасы, экономикалық қиындықтар, аймақтағы қауіпсіздік мәселелері еске түседі. Қазақ өкіметінің бұл мәселелерді шешудегі әрекеттеріне, осы аралықтағы елдің АҚШ-пен ынтымақтастық деңгейіне қандай баға берер едіңіз?

Кеннет Фэйрфакс: Ынтымақтастық деңгейінен бастасақ, «өте жоғары» деген баға берер едім. Барлық мәселеде сөзіміз бір жерден шықты дей алмаймын, келіспеген кездеріміз де болды. Бұл – қалыпты жағдай, себебі жер шарында барлық мәселеде бізбен толық келісетін ел жоқ. Біз кеңесуді тоқтатқан жоқпыз.
Бұдан соң полициясын басқара алмайтын, дұрыс шешім қабылдай алмайтын елдің бейнесі қалыптасады.
Қазақстан бізден көмек пен ақыл-кеңес сұрауын тоқтатқан жоқ, біз де Орталық Азия мәселелері, мұндағы терроризм қаупі бойынша көмек пен түсіністікке мұқтаждық таныттық. Сондықтан бұл ынтымағы жарасқан қарым-қатынас болды.

Қазақстан өкіметінің [Жаңаөзен оқиғасына] реакциясына келер болсақ, оны сипаттау оңай емес. Мәселеге әртүрлі адамдар әр қырынан қарап, әркелкі нұсқасын айтуы мүмкін. Мәселен, жарияланған видеоларға қарасақ, кісі өлімінің көбі полицияның асыра сілтеуінің кесірінен болған. Полицияның халыққа оқ атып жатқанын жұрттың бәрі ол видеолардан көрген болар. Бұдан соң полициясын басқара алмайтын, дұрыс шешім қабылдай алмайтын елдің бейнесі қалыптасады.

Сонымен қатар президент Назарбаев өзі арнайы барғаннан кейінгі Жаңаөзенге көз салайық. Президент мұның төменгі сатыдағы ресми тұлғалар айтып жүргендей «жай ғана арандату» емес екенін ашық айтты. Ол даудың басы маңызды әлеуметтік мәселелерде, соның ішінде ереуілшілердің заңды талаптарының, атап айтқанда әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, мектептер мен ауруханалар салу, жұмыссыздық мәселелерінің шешілмеуінде жатқанына тоқталды. Мұның соңы бір ғана өндіріс түріне бағытталған моноқалаларды дамыту бағдарламасының қабылдануына ұласты. Ел билігі сондай-ақ, қала мен ауыл арасындағы теңсіздікті жоюға белсене кірісіп жатыр. Олар лайықты іс тындырды, бірақ көңілге қонымсыз жайттарға да жол берді. Мұны біржақты бағалай алмайсыз.

Азаттық: Бірақ трагедияның алдын алуға болатын еді ғой.

Кеннет Фэйрфакс: Меніңше, мұндай трагедияның алдын алуға әрдайым болады. Егер «уақыт машинасы» болса, онда АҚШ Трейвор Мартин қазасының, Чикаго бүлігінің алдын алған болар еді. Өткенге қарап, «мұны басқаша істеуге болар еді» деген – оп-оңай нәрсе.

ДЕМОКРАТИЯ, ҚАУІПСІЗДІК ЖӘНЕ ЭКОНОМИКА

Азаттық: Қазақстан-АҚШ стратегиялық әріптестігінің үш түрлі басымдылығы бар. Олар – демократиялық даму, қауіпсіздік жөніндегі ынтымақтастық және экономикалық реформа. Бұл басымдылықтар бір-бірімен өзара байланысты және бірлесе жүзеге асырылуы тиіс. Қазақстанда солай ма? Әлде қазақ үкіметінің, «алдымен – экономика, одан кейін ғана – демократия» дегені дұрыс па?

Кеннет Фэйрфакс: Жоқ, бұлар қатар жүруі керек, оған еш күмән жоқ. Үшеуінің бірі де ақсамауы керек. Себебі бұлар – ошақтың үш бұты сияқты. Үшеуі де дамып отыруы тиіс. Үшеуі де дамуы керек деген – барлығы біркелкі дамуы қажет деген сөз емес. Демократиялық және адам құқықтары ұйымдарының Қазақстанды сынауы елдің саяси тұрғыда дамуы экономикалық дамуы сияқты қарқынды жүре алмауына байланысты.

Алматы облысындағы "Дала қыраны" бірлкескен жаттығуының ашылуында тұрған АҚШ сарбаздары.
Алматы облысындағы "Дала қыраны" бірлкескен жаттығуының ашылуында тұрған АҚШ сарбаздары.
Ал қауіпсіздік және тұрақтылық мәселелері жақсы болды десем, ешкім таласа қоймас. Жаңаөзен – елді есеңгіреткен оқиға болғаны рас. Бірақ Орталық Азиядағы басқа елдерге қарасақ, көрші елдердегі үлкен қантөгісті оқиғалардың қасында Жаңаөзен бүлігі салыстыруға да келмей қалады.

Қауіпсіздік саласында Қазақстан үлкен жетістікке жетті. Ал басқа екі салаға келсек, президент Назарбаевтың өзі Қазақстан саяси реформаларға қарағанда экономикалық реформа жөнінен қарқындырақ дамып келе жатқанын айтқан. Ол мұны нағыз тұрақты демократия белгілі бір экономикалық даму деңгейіне негізделуі керек деп түсіндіреді.

Даму қарқыны қандай болуы керек дегенге қатысты саяси сарапшылар пікір таластыра жатар. АҚШ Қазақстанды демократия мен адам құқықтарын қалыптастыруға тұрақты түрде ынталандырып отырады. Біз бұл үш салада да жұмысты жалғастырып жатырмыз.

Азаттық: Ал оппозиция «демократия саласында прогресс емес, регресс болып жатыр» дейді.

Кеннет Фэйрфакс: АҚШ-та да оппозиция дәл осындай пікір айтады. Тек бір жақтың ғана пікірін тыңдағанда мұқият болған жөн.

Азаттық: Сонда оппозициялық ақпарат құралдары төңірегіндегі ахуалды, Жаңаөзен оқиғасынан кейінгі оппозиция өкілдерінің тұтқындалуын көре отырып бұл пікірлерімен келіспейсіз бе?

Кеннет Фэйрфакс: Сіз мүлде басқа сұрақ қою арқылы бұл жайттарды теңестіруге мәжбүрлеп тұрған сияқтысыз. Шын мәнінде Қазақстандағы жағдай әркелкі. Қазақстанның ілгері кеткен тұстары да, кері кеткен тұстары да бар. Егер Қазақстанды жағымды жағынан көргіміз келсе, елдің дүние жүзіндегі адам құқықтарына қатысты ең үлкен мәселе – адам саудасымен күрестегі белсенділігін ерекше атап өткен жөн. Қазір бұрын болмаған ауқымда көп жайттар ашылып, заң күшейтіліп жатыр, полицейлер үшін міндетті тренинг сабақтары енгізілді.

Ал денсаулық сақтау және азық-түлік мәселесіне келсек, мұнда да талпыныстар
Бұл істердің қалай шешілгені, басқасын айтпағанда, Қазақстанның сот жүйесінің әлсіздігін көрсетті.
аз емес. Бүкіл ел аумағында білім берудің ауқымы артты.

Жағымсыз жайттар болғанын да мойындау керек. Бұған сіз айтқан оқиғалар жақсы мысал бола алады. Бұл істердің қалай шешілгені, басқасын айтпағанда, Қазақстанның сот жүйесінің әлсіздігін көрсетті. Нақты бір қылмыстық іске үңілмей-ақ, ұлттық қауіпсіздік заңының «әлеуметтік араздықты қоздыру» деген бабы аясында жалпы айып тағып отыр. Мұның мағынасы не? Мұндай анықтама берудің өзі алаңдаушылық туғызады. АҚШ және басқа елдер бұған байланысты мәлімдеме жасады.

Мен бәрін жақсы не жаман деп көрсетумен келіспеймін. Бұл – жалпы күрделі нәрсе.

«6 МЫҢ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ СӘБИ АҚШ-ТА БАҚЫТТЫ ӨМІР СҮРІП ЖАТЫР»

Азаттық: Ендігі сұрағым Қазақстанның АҚШ-тағы, АҚШ-тың Қазақстандағы имиджіне қатысты. Жалпы, көзқарас жаман емес, бұған шүбә жоқ. Бірақ кей кездері қоғамда қате көрсетілген, теріс түсіндірілген жайттар болып жатады. Мәселен, АҚШ пен Ресей арасындағы саяси астары бар бала асырау мәселесі қозғалғанда Қазақстанда да бұл жайт талқыға түсті. Немесе Бостондағы жарылысқа қатысы бар деген күдікпен ұсталған екі жас қазақ жігітінің жайын алып қарайық. Сіздің ойыңызша, бұл жайттар екі елдің және екі халықтың имиджіне әсер етті ме?

Кеннет Фэйрфакс: Әрине, бұл оқиғалар имиджімізге әсер етеді. Мұндай оқиғаларды ақпарат құралдары жақсы көреді. Бұлар – сенсациялық ақпараттар, оны басты бетке айқайлатып беруге, мән-мағынасын өз қалауыңмен өзгертуге болады. Жалпы, соншалық үлкен мәселе жоқ және бұлар бір күні тыншиды деп үміттенеміз.

Бала асырап алу ісін алып қарайық. Соңғы он жыл ішінде АҚШ азаматтары 6 мыңға жуық қазақстандық сәбиді асырап алған. Бала асырап алу тоқтап қалды да, 2012 жылғы тамыздан бері бірде-бір бала асырау фактісі тіркелмеді. Сол 6 мың баланың басым көпшілігі қазір сүйікті отбасыларында бақытты ғұмыр кешіп жатыр. Өз балаларына ауыр зорлық жасады деп айыпталған екі ата-ана туралы бір ғана іс бар. 6 мың адамның ішіндегі екі-ақ оқиға жалпы қалыпты көріністі өзгерте алмайды. Бірақ оның ықпалы бар, себебі жұрт оны газеттен оқиды да, әлгі 6 мың баланы емес, осы оқиғаны ғана көреді.

Бостондағы екі жасқа келер болсақ, олардың айыбы – аңғалдығы. Соттың шешімі қандай болатынын болжай алмаймын, бірақ АҚШ-та да «Қазақстандық балаларды қараңдар!» деп аттандайтын ақпарат құралдары жетерлік. Өкінішке қарай, америкалықтар осыны тыңдайды. Ондай пікір басқа елдер туралы мағлұматы аз адамдардың ғана ойын өзгерте алады.

АҚШ-тағы қазақстандық студенттер. Азаттыққа оқырман жолдаған сурет.
АҚШ-тағы қазақстандық студенттер. Азаттыққа оқырман жолдаған сурет.
Егер сіз АҚШ-тағы қазақстандық және америкалық фермерлер қоян-қолтық араласып жүрген Ұлы жазыққа барсаңыз, немесе АҚШ-тың түкпір-түкпіріндегі қазақстандық студенттер оқып жатқан университеттер мен колледждерді аралап көрсеңіз, қазақстандық студенттердің жақсы білім алып жатқанын, өз қоғамының тәлім-тәрбиелі мүшелері екенін байқайсыз. АҚШ оқу орындары да оларды көп қабылдауға мүдделі, себебі олар елдің мәдени және ұлттық өміріне әралуандық сипат береді, америкалық студенттердің әлемді жақсырақ түсінуіне жәрдемдеседі.

Қазақстанда да дәл солай. АҚШ-қа барып келген, балалары сол елде оқып жатқан, Қазақстан-АҚШ бірлескен мекемелерінде жұмыс істеп жатқан адамдар өте көп. Кейбір қалаларда АҚШ-тың үлкен компаниялары Қазақстан азаматтарына жұмыс орындарын ашып отыр. Жеке байланыстар да көп. Кей басылымдарда басқаша жазылды екен деп, ондай адамдар АҚШ туралы көзқарасын өзгертпек емес.

Азаттық: Баспасөз демекші, жергілікті ақпарат құралдары «Бостон марафонындағы жарылысқа қазақстандық екі студенттің де қатысы болуы мүмкін деген хабардан соң АҚШ ондаған қазақстандық студентке виза беруден бас тартыпты» деп хабарлады. Бұған не дейсіз?

Кеннет Фэйрфакс: Мұның бәрі ойдан шығарылған. АҚШ-та мыңдаған қазақстандық студент білім алып жатыр. Жаз айларында Work and Travel бағдарламасының аясында 1 мың 700 студент АҚШ-қа сапар шекті. Бұл студенттердің басында болған жайт әлемнің кез келген елінде болуы мүмкін. Себебі визаға өтініш бергендердің 100 пайызы бірдей түгел виза ала қоймайды.

«ҚАЗАҚСТАН – АУҒАНСТАНҒА КӨМЕКТЕСІП ОТЫРҒАН АЙМАҚТАҒЫ ЖАЛҒЫЗ ЕЛ»

Азаттық: Орталық Азиядағы көптің көкейіндегі бір сауал – 2014 жылы коалиция күштері Ауғанстаннан шығарылған соң бұл аймақта не болуы мүмкін?

Кеннет Фэйрфакс: Мен көріпкел емеспін, сондықтан нақты не болатынын болжай алмаймын. Бірақ бұл бағытта АҚШ-тың ең жақын әріптестік орнатқан елі – Қазақстан. Қазақстан – Ауғанстанның ұлттық қауіпсіздік күштеріне қаржылай көмек көрсетіп, бұл елмен екі жақты көмек бағдарламасын бекіткен, 2014 жылдан соң Ауғанстандағы тұрақтылықты сақтауда үлкен рөл атқаратын
Қазақстан – Ауғанстанның ұлттық қауіпсіздік күштеріне қаржылай көмек көрсетіп отырған бүкіл аймақтағы жалғыз ел.
жүздеген ауған инженері мен ресми қызметкерін өз елінде дайындықтан өткізіп отырған Орталық Азиядағы және бүкіл аймақтағы жалғыз ел.

Азаттық: Сіз АҚШ Мемлекеттік департаментінің қиын тілдерді үйренудегі жетістігі үшін берілетін Синклер сыйлығының иегері екенсіз. Осының алдындағы қызмет орындарыңызды ескерсек, бұл сыйлықты вьетнам тілін үйренгеніңіз үшін алған сияқтысыз.

Кеннет Фэйрфакс: Дәп солай емес. Бұл сыйлықты поляк тілін үйренгенім үшін алғанмын.

Азаттық: Қазақ тілі де үйренуге қиын тілдердің бірі емес пе? Қазақстанда қазақ тілін үйренуге мүмкіндік болды ма?

Кеннет Фэйрфакс: АҚШ Мемлекеттік департаментінің қиын тілдер тізімінде қазақ тілінің де тұрғаны рас. Қазақстанда жүргендіктен қазақ тілін үйренуге мүмкіндігім болды. Алайда қауырт жұмыстарға байланысты қазақ тілін үйренетіндей бос уақыт таба алмадым.

Азаттық: Елші мырза, сұхбат бергеніңізге рахмет. Жаңа бастамаларыңызда табыс тілейміз.

Сұхбатты ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.
XS
SM
MD
LG