Accessibility links

Алматыда баспасөз бостандығы күнін түрмеге сәлемдеме жіберумен атап өтті


Жанболат Мамайға сәлемдеме беруге келген адамдар. Алматы, 3 мамыр 2017 жыл.
Жанболат Мамайға сәлемдеме беруге келген адамдар. Алматы, 3 мамыр 2017 жыл.

Қазақстандық және халықаралық құқық қорғаушылар елде сөз бостандығы мәселесі бар екенін айтады. Билік онымен келіспейді.

Мамырдың 3-і күні Алматыда журналистер, құқық қорғаушылар және азаматтық белсенділер баспасөз еркіндігінің дүниежүзілік күнін қаладағы тергеу түрмесінде жатқан «Саяси қалам. Трибуна» оппозициялық газетінің бас редакторы Жанболат Мамайға ұжымдық сәлемдеме және хаттар жіберумен атап өтті. Олардың айтуынша, Мамай «себепсіз» қамауда отыр, оған қатысты қылмыстық істі тілшіні қамамай-ақ қарауға болатын еді. Билік өкілдері бүгінгі оқиғаны «рұқсат етілмеген акция» деп қабылдады.

ВИДЕО: Белсенділер Мамайды баспасөз еркіндігі күнімен құттықтады

Белсенділер Мамайды баспасөз еркіндігі күнімен құттықтады
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:44 0:00

Азаттық оқиға орнынан тікелей видеотрансляция жасады, бірақ 15 минуттан соң бейнекамераға қосылған мобильді телефонның сигналы айтарлықтай әлсіреді. Соның кесірінен Мамайды жақтаушылар да әлеуметтік желілерде тікелей трансляция жасай алмады.

Оппозициялық «Саяси қалам. Трибуна» газетінің бас редакторы, 28 жасар Жанболат Мамай Алматы қаласындағы тергеу абақтысында ақпанның 10-ынан бері отыр. Оған қаржыға байланысты айып тағылды, белсенді оларды мойындамайды, саяси астары бар деп санайды. Мамайды қамағаннан бері ол басқаратын «Саяси қалам. Трибуна» газеті шықпай қалды. Өткен аптада сот Мамайды маусымның 10-ына дейін қамауда қалдырды.

Журналист Жанболат Мамай. Алматы, 12 шілде 2016 жыл.
Журналист Жанболат Мамай. Алматы, 12 шілде 2016 жыл.

«АНТИМЕРЕКЕ»

​Баспасөз тарихшысы және адам құқығы жөніндегі қазақстандық бюроның қызметкері Андрей Свиридов бүгін жергілікті журналистердің бірінші рет баспасөз еркіндігінің дүниежүзілік күнін Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаевсыз қарсы алып жатқанын айтты. Алматыда тұратын Сейітқазы Матаев пен ұлы – «ҚазТаг» ақпарат агенттігінің жетекшісі Әсет Матаев 2016 жылдың қазанында Астанада қамауға алынды. Оларға БАҚ-та мемлекеттік ақпарат саясатын танытуға бөлінген қаржыны жымқырды деген айып тағылып, ұзақ мерзімге соттады. Матаевтар өздеріне тағылған айыпты мойындамайды.

Қоғамдық комитет мүшесі ретінде Жанболат Мамайды қолдау акциясына қатысқан Андрей Свиридов еркін баспасөз бен тәуелсіз журналистерді қудалау себебінен мамырдың 3-і «антимерекеге» айналды дейді.

«Журналистер, блогерлер және әлеуметтік желінің қарапайым қолданушылары жазған сөзі үшін қамауда отыр» деп билік пен соттың, халықаралық қоғамдастықтың назарын аударғымыз келеді.

– Баспасөздің жетістігін тойлаудың орнына «журналистер, блогерлер және әлеуметтік желінің қарапайым қолданушылары жазған сөзі үшін қамауда отыр» деп билік пен соттың, халықаралық қоғамдастықтың назарын аударғымыз келеді, – деді ол.

Құқық қорғаушы «баспасөз еркіндігі» түсінігі «сөз еркіндігі» ұғымына барабар екенін айтты. Оның пікірінше, елдегі билік өздеріне ұнамайтын БАҚ-тың үнін өшіріп ғана қоймай, әрбір өзгеше ойлайтын қазақстандықты, соның ішінде интернетке пікір жазған жекелеген авторлар, блогерлер мен «қарапайым» қолданушыларды сөйлетпеуге тырысады.

Оның сөзінше, билік қылмыстық кодекстің «саяси» деп бағаланған 174-бабын белсенді қолданып жатыр, оған сәйкес «кез келген адамды ұлттық, әлеуметтік және діни өшпенділікті қоздырғаны үшін» айыптауға болады. Свиридов мысал ретінде Александр Харламовтың басындағы жағдайды келтіреді. 2016 жылдың желтоқсанында Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласының тұрғыны Александр Харламовқа қарсы «діни алауыздық тудырды» деген айыппен қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу жүріп жатыр, ол бостандықта жүр. Харламов 2013 жылы тергеу абақтысында жарты жылдай отырды. Қылмыстық іс қозғауға оның 2014 жылы жазған, үзінділерін интернетте жариялаған «Ең дана кітап» шығармасындағы діни идеялары себеп болған.

Александр Харламовтың абақтыдан босап шыққан кезі. Өскемен, 4 қыркүйек 2013 жыл.
Александр Харламовтың абақтыдан босап шыққан кезі. Өскемен, 4 қыркүйек 2013 жыл.

Свиридовтың айтуынша, өткен 12 айда Қазақстанда адамдарды «фундаменталдық» жарияланымдары үшін ғана емес, интернеттегі жазбалары үшін де қудалау басталған. Атыраудағы азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян 2016 жылы мамырдың 21-і күні өтеді деп жоспарланған жер реформасына қарсы наразылық акциясына дайындық кезінде алдымен басқа белсенділер тәрізді әкімшілік түрмеге қамады. Елдегі ондаған белсенділер «жерге қарсы наразылыққа» шыққаны үшін әкімшілік қамауға алынды, оларға айыппұл салынды. Бірақ Боқаев пен Аянды кейін қылмыстық іске себепкер етіп тапты, айыпталушылар оны мойындамайды. Олардың әрқайсын бес жылға түрмеге кесті.

Андрей Свиридовтың айтуынша, бұл жағдай сөз бостандығының жоқтығы әкімшілік қамалуға, кейін қылмыстық іске ұласатынын көрсетеді.Оның сөзінше, сөз бостандығына қысым жасау идеологиялық мазмұнға қарамайды. Мысалы, путиншіл блогерлер Ермей Тайчибеков пен Игорь Чуприна да, Путинге қарсы Ринат Гинатуллин мен Санат Досов та интернеттегі жазбалары үшін айыпты саналып, 174-бап бойынша қамалды.

Блогер Игорь Чуприна сотта отыр. Петропавл, 16 қыркүйек 2016 жыл.
Блогер Игорь Чуприна сотта отыр. Петропавл, 16 қыркүйек 2016 жыл.

– Олардың басты «айыбы» – биліктің саясатына сай келмейтін пікірлерін әлеуметтік желілерде айтқаны. Құқық қорғаушылар сөз еркіндігін қорғау кезінде олардың ұстанымы бір-біріне қайшы екеніне қарамайды, – дейді Андрей Свиридов.

Ол сөз бостандығына шабуылдаудың соңғы мысалы ретінде Алматыдағы «Жас кәсібилер қоғамы» үкіметтік емес ұйымы жетекшісі Олеся Халабузарьды келтіреді. «Олеся Халабузарьдың жақтастары еш жерде таратылмаған, бірақ ұйым кеңсесіндегі компьютерден табылған үнпарақ мәтіні үшін айыпты болды» дейді.

ЖУРНАЛИСТЕРГЕ ҚЫСЫМ

«Әділ сөз» баспасөзді қорғау ұйымының жетекшісі Тамара Калеева Қазақстан баспасөз бостандығы күнін емес, баспасөз бостандығы үшін күрес күнін атап өткені жөн дегенді айтты. Оның сөзінше, елде баспасөз еркіндігіне жаппай шабуылдау басталған, ал билік үндемей отыр.

– Қазақстанда баспасөз еркіндігінің дүниежүзілік күні ешқашанда атап өтілмейді, Қазақстан халықаралық қауымдастық мүшесі емес сияқты, ресми алаң тып-тыныш. Баспасөз еркіндігі туралы ресми деңгейде айтылмай жатыр, – дейді Тамара Калеева.

Ол Қазақстанның журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев пен ҚазТАГ агенттігінің жетекшісі Әсет Матаев «ойдан шығарылған айыптаумен» түрмеге қамалды деп біледі. Калееваның пікірінше, «Саяси қалам. Трибуна» газетінің бас редакторы Жанболат Мамай да осындай сылтаумен отыр».

Сейітқазы Матаев (ортада) пен Әсет Матаев (оң жақта) және адвокат Андрей Петров. Астана, 27 қыркүйек 2016 жыл.
Сейітқазы Матаев (ортада) пен Әсет Матаев (оң жақта) және адвокат Андрей Петров. Астана, 27 қыркүйек 2016 жыл.

– Заң қызметі тұншыға бастады, редакцияларға ойдан шығарылған себептермен наразылық, терістеу, айыптаулар топырлап түсіп жатыр. Шенеуніктеріміз тым сезімтал болып кеткен сияқты – мемлекеттік қызметкер болу деген не, ирония деген не екенін ұмытқан тәрізді, – дейді Тамара Қалеева.

Ол баспасөзге «ойдан шығарылған» себеппен қысым жасау мысалы ретінде «Рател» сайты мен «Форбс» журналынан бұрынғы қаржы министрі, қазіргі кәсіпкер Зейнолла Кәкімжанов пен оның ұлы, кәсіпкер Илхалид Кәкімжановтың пайдасына 50 миллион теңге өндіру туралы айыппұлды айтады. Зейнолла Кәкімжанов өзіне қарсы жазылған сыни мақала «жалған, біреулер қара күйе жағу үшін ақша төлеген» деп санайды.

Азаттық ақпарат және коммуникация министрлігіне хабарласып, сөз бостандығына қатысты жағдайға пікір білдіруді сұрады. Министрліктің баспасөз қызметі Қазақстанда «бұқаралық ақпарат құралдарының басым көбі жекеменшік» екенін айтты. «Қазақстан – БҰҰ және ЕЫҚҰ сияқты халықаралық ұйымдардың толық құқықты мүшесі, сөз еркіндігін қамтамасыз етуге арналған шаралардың бәріне белсенді қатысады», деп жазылған министрліктің жауабында.

Өткен аптада Freedom House ұйымы (штаб-пәтері Вашингтонда) дайындаған, Freedom of the Press есебінде қазақстандық БАҚ-тың «еркін емес» екені айтылған. Бұл есепте Қазақстан Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстанмен бір деңгейде тұр.

Өткен аптада штаб-пәтері Нью-Йоркте орналасқан «Журналистерді қорғау жөніндегі комитет» те есеп ұсынды. Баяндамада репрессияшыл үкіметтердің БАҚ-ты тұншықтырып, өздеріне бағындыру үшін көп күш жұмсайтыны айтылған.

Сондай-ақ өткен аптада Париждегі «Шекарасыз тілшілер» халықаралық баспасөз қорғау ұйымы (RSF) да баяндама жариялап, Қазақстанның баспасөз еркіндігі жоқ елдер санатында тұрғанын жазды. Зерттеу авторлары негізгі оппозициялық газеттердің Қазақстанда 2013 жылдан бастап жабылғанын, айыппұлдан соң қалғандарының жабылып жатқанын айтады. «Журналистерді тұтқындау бар, интернетті жіті бақылайды, блогерлерді түрмеге қамайды, жаңалық сайттары мен әлеуметтік желілерге, мессенджерлерге шектеу бар» делінген мақаланың Қазақстанға арналған бөлігінде.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG