Accessibility links

Эфирдегі және оның сыртындағы Жаңаөзен оқиғасы


Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың суреті бар билбордтың өрттен кейінгі қалдығының қасында тұрған адам. Жаңаөзен, 19 желтоқсан, 2011 жыл, Азаттық тілшісі Қазис Тоғызбаев түсірген фото
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың суреті бар билбордтың өрттен кейінгі қалдығының қасында тұрған адам. Жаңаөзен, 19 желтоқсан, 2011 жыл, Азаттық тілшісі Қазис Тоғызбаев түсірген фото

2011 жылғы 16 желтоқсанда Азаттық эфиріндегі күн тақырыбы Жаңаөзен оқиғасы болды. Сол кезде Маңғыстауда жұмыс істеген Азаттық тілшілерінің эфир сыртында бастан кешкені туралы "Азаттық радиосына 70 жыл" подкасының бүгінгі эпизодында кеңірек айтылады.

Қан төгілген Жаңаөзен. Эфир сыртындағы сөз
please wait

No media source currently available

0:00 0:35:48 0:00

2011 жылғы 16 желтоқсан, Тәуелсіздік күнінде Жаңаөзен оқиғасы бұрқ ете қалды. Еңбек дауынан шыққан бейбіт наразылықтың аяғы Жаңаөзен қаласының орталық алаңындағы қақтығысқа ұласты. Күштік құрылым қару қолданды. Кейін ресми деректерде Жаңаөзен мен Шетпеде 17 адамның қаза тапқаны, жүздеген адамның жараланғаны айтылды. Әділет пен қиянат қайшыласқан қанды оқиға болды. Осы оқиғадан нақты хабар таратқан санаулы ақпарат құралының бірі – Азаттық радиосы. Оқиғаның алғашқы күндергі көрінісі, хабар алудың машақаты, кедергілерді еңсеру – бүгін сол туралы айтпақпыз.

ОҚИҒАДАН БІР КҮН БҰРЫН. БЕЛСЕНДІ АЗАТТЫҚҚА НЕГЕ ХАБАРЛАСТЫ?

Жаңаөзен оқиғасы басталғанда аймақта Азаттықтың екі тілшісі жұмыс жасады. Бірі – бүгінде марқұм болған Қазис Тоғызбаев, екіншісі – Сәния Тойкен. Кейін Асылхан Мамашұлы Жаңаөзен сотынан күнделікті репортаж жүргізді.

Осы жолдардың авторы, мен 2011 жылы Жаңаөзен оқиғасы тұсында Азаттық радиосы Алматы бюросының бас редакторы едім. 15 желтоқсан, бейсенбі болды, 16-сы жұма, мемлекеттік мейрам, Тәуелсіздік күні демалыс болатын. 15-інде шамамен кешкі сағат алты жарым – жеті шамасында Жаңаөзеннен белсенді Нұрияш Әбдірайымова кеңсеге телефон соқты. Ол ертең Өзенде қақтығыс болуы мүмкін екенін ескертті. Қан төгілуі мүмкін, билік арандатып, орталық алаңның ортасына ағаш үй, киіз үй тігіп жатқанын айтты. Нұрияш Әбдірайымова өте қатты алаңдаулы болды.

Алаңның бір шетінде мұнайшылар киіз үй тігіп, бірнеше айдан бері наразылық акциясын өткізіп жатқан. 2008, 2009 жылдары қылаң бере бастаған Маңғыстаудағы еңбек дауы ұлғайып, 2011 жылы мамыр айынан бастап арасында аздаған үзілісімен наразылық акциясы түрінде жалғасып келген.

Оған дейін Атырауда тұратын Азаттықтың батыс облыстардағы тілшісі Сәния Тойкен Маңғыстауға әлденеше мәрте барып қайтқан. Бірақ тура сол күні Атырауда жүрген еді. Ал ертесі бүкіл елді дүр сілкіндірген оқиға басталып, аласапыран болды да кетті.

Жаңаөзен оқиғасы туралы видео
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:49 0:00
Жүктеп алу

ОҚИҒАНЫҢ БІРІНШІ КҮНІ. ЭФИРДЕ ХАБАРЛАНҒАН КІСІ ӨЛІМІ

Жаңаөзенде алғашқы оқ атылғанда президент Нұрсұлтан Назарбаев астанада Мәңгілік ел қақпасының лентасын қиып жатқан. Ол кезде әлі Азаттық радиосы эфирден хабар тарататын. 16 желтоқсан күнгі эфирдің негізгі бөлігі Жаңаөзен алаңындағы қантөгіске арналды.

Тілші Сәния Тойкенмен сөйлескен адамдар Жаңаөзенде оқ атылғанын хабарлады.

Жергілікті белсенді Айман Оңғарбаева екі-үш адамның қаза тапқанын жеткізсе, сол кезде 16 жастағы Айткүл Нұрова әкесі Бейсеннің аяғы жараланып ауруханаға түскенін айтқан. Айткүл тарс-тұрс атыс дыбысы естіліп тұрған алаңда "қарайған адамдардың" жараланғанын, жанды жеріне оқ тигендер мерт болғанын баяндаған.

Ал мұнайшылар белсендісі Марат Жүсіпбаев 8 адамның оқ тиіп қаза тапқанын, басқа жаралыларды медициналық жедел жәрдем қызметі ауруханаға жеткізіп үлгермей жатқанын айтқан.

Мұнайшы Күнсұлу Әйтешова қала әкімдігі ғимараты, "ӨзенМұнайГаз" компаниясының жергілікті филиалы және қаладағы қонақ үйлердің бірі өртеніп жатқанын хабарлаған.

Бұл жергілікті билік әлі Азаттық тілшілеріне оқиға туралы мәлімет бермеген кез еді. Ертесі, 17 желтоқсаннан бастап Жаңаөзенде төтенше жағдай жарияланды.

ОҚИҒАНЫҢ ЕКІНШІ КҮНІ: МҰНАЙШЫЛАР НЕГЕ АҚ ТУ КӨТЕРДІ?

Оқиға орнына алғашқы болып жеткен журналистердің бірі сол кезде Стан ТВ ақпарат құралында жұмыс істейтін Өркен Жоямерген болды. Азаттық радиосы 17 желтоқсандағы эфиріне Өркеннен алынған сұхбатты ұсынады. "Азаттық радиосы жұма күні болған оқиға барысын анықтауға барынша тырысып жатыр" деген модератор Мәншүк Асаутай Жаңаөзеннен жеткен мәліметке сүйеніп, жергілікті аурухана жаралыларға толғанын хабарлайды.

Өркен Жоямерген 16 желтоқсандағы оқиға орталық алаңда мұнайшылар мен билік арасындағы тайталастан басталғанынан хабардар етеді. Мұнайшылар алаңда Тәуелсіздік күніне орай концерт өткізбек болған жергілікті биліктің әрекетіне қарсылық білдірген. Мұның аяғы қақтығысқа ұласып, күштік құрылым мұнайшыларды алаңнан аластатады. Соңынан мұнайшылар "Бейбітшілік – Мир" деген жазумен ақ ту көтеріп шығады.

Көшеде кездескен адамды тексеріп жатқан полиция қызметкері. Жаңаөзен, 19 желтоқсан, 2011 жыл. Азаттық тілшісі Қазис Тоғызбаев түсірген фото
Көшеде кездескен адамды тексеріп жатқан полиция қызметкері. Жаңаөзен, 19 желтоқсан, 2011 жыл. Азаттық тілшісі Қазис Тоғызбаев түсірген фото

Жергілікті прокурор наразылық білдіргендер қоғамдық мүлікке зарар келтірмесе, келіссөзге келетінін, мұнайшылар да қанды қаламайтынын айтқан. Бұған дейін алаң маңындағы кафе, қонақ үй ғимараты өртенген.

Ал жаралыларды Жаңаөзенге сыймаған соң, 150 шақырым қашықтағы облыс орталығы Ақтаудың ауруханасына тасып жатқан. Өркен 17 желтоқсанда Жаңаөзенде "ешкім ешкімді білмейтін" бейберекет жағдай қалыптасқанын, түнде жарық болмағанын, кейбір адамдар қаладан кетіп жатқанын хабарлаған.

"НАЗАРБАЕВ ЖАУАПҚА ТАРТЫЛСЫН!"

Көпшілік Жаңөзендегі атыстан хабардар болған кезде елде интернет нашарлап, ұялы байланыс кедергіге ұшырайды. Алайда жылдағы дәстүрмен Алматыдағы орталық алаңға Желтоқсан оқиғасының құрметіне орай жиналған белсенділер Жаңаөзенде биліктің қарусыз адамдарды атқанын естіп, қатаң айыптайды.

Советтік Қазақстан диссиденті Хасен Қожа-Ахмет Жаңаөзендегі бейбіт адамдардың өліміне президент Нұрсұлтан Назарбаевты айыптап, отставкаға кетуін талап етіп тұр. Алматы, 17 желтоқсан, 2011 жыл. Азаттық тілшісі Қазис Тоғызбаев түсірген фото
Советтік Қазақстан диссиденті Хасен Қожа-Ахмет Жаңаөзендегі бейбіт адамдардың өліміне президент Нұрсұлтан Назарбаевты айыптап, отставкаға кетуін талап етіп тұр. Алматы, 17 желтоқсан, 2011 жыл. Азаттық тілшісі Қазис Тоғызбаев түсірген фото

Советтік Қазақстанда екі рет түрмеде отырған, 1991 жылғы президент сайлауына биліктегі кешегі коммунист басшы Нұрсұлтан Назарбаевқа балама кандидат болып түсуге талпынған диссидент, қоғам қайраткері Хасен Қожахмет Желтоқсан оқиғасы кезінде "Колбиннің өзі халыққа қаруден оқ атпағанын" айтып, сол кездегі президент Назарбаевты жауапқа тартуды талап етеді. "Назарбаев жауапқа тартылсын! Назарбаев отставкаға кетсін!" деп ұрандайды ол.

Алматыда жиналғандар алдында сөйлеген Жасарал Қуанышәлин Жаңаөзен оқиғасында енді кінәсіз адамдар сотталуы мүмкін екенін ескертіп, оған жол бермеуге шақырады.

ЖАҢАӨЗЕНГЕ ЖЕТУДІҢ МАШАҚАТЫ

Атырау мен Маңғыстау шекаралас жатқанымен Сәния Тойкеннің Жаңаөзенге жетуі мұң болды. Бос пойызға билет сатылмайды. Таксиге жол жабық –күштік құрылымдар блокпост қойып тастаған. Кестедегі уақыттан кешіккен рейстер.

Бір айта кетерлігі – Сәния Тойкеннің негізгі жұмыс орны Атыраудағы "Ақжайық" газеті болды да, ол Азаттыққа штаттан тыс жұмыс істеп жүрген.

Сәния Жаңаөзенге тез жетуге асығады. Ол алдымен пойызға отыруға тырысады. Алайда Мақат, Доссор, Құлсары сияқты теміржол бекеттерінде оны полиция тоқтатып, тексере берген. Атыраудан 200 км шамасындағы Құлсарыдан қайтадан Атырауға оралған журналист ақыры ұшақпен Ақтауға жетеді. Сол жерден 25 мың теңге төлеп, таксимен Жаңаөзенге барады. Жолдағы тексерістер кезінде Сәния басына орамал байлап, барынша жергілікті тұрғынға ұқсауға тырысқанын айтады.

МӘЙІТХАНА

Сәния Тойкен Жаңаөзенде арасында шетелдігі бар, жергіліктісі бар, тәуелсіз ақпарат құралдары тілшілерінің тобына қосылады. Бұл топты әкімдік пен полиция өзі жетелеп, біресе Ақтауға, біресе Жаңаөзенге әкелген. "Сондағы баспасөз мәслихаттарында нақты сұраққа нақты жауап алу қиын еді" дейді Сәния.

Осындай баспасөз мәслихатының бірінде Сәния сұрақ қояды. Жаңаөзен, Ақтаудағы мәйітханалар толып кетті, бұл қаншалықты рас деген сыңайда қойылған сауалдан соң комендатура журналистерді Ақтаудағы орталық мәйітханаға апарады.

Сәнияның сөзінше, оларға көрсеткен жерде мәйіт саны аса көп болмаған. Алайда ол мәйітхана ішін аралатып жүрген топтан бір сәтке көз жазып қалғанда, бөлек жатқан мәйіттердің қол-аяғын көргенін және сол көрініс кейін де көз алдына келіп, көпке дейін шошынып жүргенін баяндады.

ШЕТПЕДЕГІ ҚАЗА

Маңғыстау облысындағы Жетібай кенті мен Шетпе станциясындағы адамдар да Жаңаөзен мұнайшыларына қолдау білдірген. Сондай наразылық кезінде Шетпеде оқ атылып, өрт сөндіруші Төребек Төлегенов қаза табады. Сәния Жаңаөзен оқиғасы кезіндегі Шетпенің осы тұрғыда маңызды болғанын айтады.

Билік Маңғыстаудағы журналистер тобын Шетпеге апарған кезде Сәния жергілікті адамдардан сол күні станция маңындағы Жармыш ауылында Төребек Төлегеновтің жетісі беріліп жатқанын естиді де, дереу соған жетуге асығады.

Ол журналистер тобынан бөлініп кетеді. Өзін бақылап жүрген адамдардан рұқсат алып, сол маңдағы "туыстарына сәлем беріп шығатынын" айтады.

Төребек Төлегеновтің жетісіне жиналғандардың ішінде марқұмның туыс-туғаны, әсіресе анасы Зерік Тауасарова айтқан жоқтауды Сәния таспаға жазып алады. Сәнияның сол жіберген жоқтауы эфирден де беріледі, Азаттықтың сайтына да ілінеді. Зарлы жоқтауда марқұмның туыстары оның қазасы қалай болғанын баяндап, билікті айыптайды.

"АЛДАНҒАННАН" КЕЙІНГІ САПАР

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жаңаөзен оқиғасынан алты күн өткен соң, өрт сөнгенде, 22 желтоқсанда Ақтау, Жаңаөзенге сапарлайды. Ақталады, командасы өзін "алдап" соққанын айтады. Елдің көңілін табуға тырысып, көп алдында уәделер береді. Алайда Ақтаудағы журналистер онымен кездесе алмайды.

Назарбаевтың кешеуілдеген сол сапары да өзге сапардан өзгешелене қойған жоқ. Онымен кездесуге жиналған адамдарды таңдап кіргізген. Көшеде мұнайшылар ақ ту көтеріп, бұлғаған кезде ғана солардың бірін өзіне шақыртып, президент оның шағымын тыңдағанымен, "өтірік айтсаң, сен жазаланасың, шын айтсаң, кінәлілер жазаланады" деген ауанда тілдеседі.

Қолына ақ орамал ұстаған жергілікті тұрғын президент Нұрсұлтан Назарбаевқа (оң жақтан екінші) арызын айтып тұр. Жаңаөзен, 22 желтоқсан, 2011 жыл
Қолына ақ орамал ұстаған жергілікті тұрғын президент Нұрсұлтан Назарбаевқа (оң жақтан екінші) арызын айтып тұр. Жаңаөзен, 22 желтоқсан, 2011 жыл

Президент жергілікті тұрғындармен кездескен кезде "өзінің жазда келмек болғанын", бірақ төңірегіндегілер "бәрі дұрыс шешіледі, бармай-ақ қойыңыз" деп сендіргенін айтады.

"Сентябрьде келем дедім. Бірақ облыс әкімі мен "ҚазМұнайГаз" басшылары "келісіп жатырмыз" деп мені алдады", – дейді Назарбаев жаңаөзендіктермен кездесуде.

ЗАПАСТАҒЫ ПОЛКОВНИК

Көп адамның қаны төгілген оқиға кезінде Сәния Тойкенмен бірге Жаңаөзенде Азаттық радиосы Алматыдан Маңғыстауға арнайы жіберген тілшісі Қазис Тоғызбаев та болған еді. Әріптесіміз 2021 жылы қайтыс болды.

Қазис 2011 жылғы 17 желтоқсанда таңғы жетідегі Алматы – Ақтау рейсімен ұшпақ болатын. Ұшаққа билет алған жолаушылардың арасында оппозициялық саясаткер Владимир Козлов та бар еді (кейін ол Жаңаөзен оқиғасы бойынша "әлеуметтік алауыздық қоздырды" деген айып тағылып, сот үкімімен жеті жарым жылға түрмеге қамалды.) Бірақ жолаушылар рейсі нақты себебі айтылмай, Ақтауға ұшпай қалды. Қазис кейінгі рейстердің бірімен Ақтауға ұшады.

Жаңаөзенге қолдау білдіріп, көшеге шыққан адамдар. Ақтау қаласы, 18 желтоқсан, 2011 жыл. Азаттық тілшісі Қазис Тоғызбаев түсірген фото
Жаңаөзенге қолдау білдіріп, көшеге шыққан адамдар. Ақтау қаласы, 18 желтоқсан, 2011 жыл. Азаттық тілшісі Қазис Тоғызбаев түсірген фото

Сәния желтоқсанның ызғарлы да қайғы-қасіретке толы күндері Жаңаөзендегі жұмыс кезінде Қазис Тоғызбаевтың тәжірибесіне куә болғанын айтады. Әсіресе, әскердің қару қолдануы, әскер қолданған тәсіл мен оқ түрлерін ажыратуда Қазистің бұрын әскери қызметте болғаны көп септігін тигізген.

"Сол кезде Ақтауда журналистер үшін пресс-орталық ретінде бекітілген "Қазақтелеком" компаниясының ғимаратында Қазис екеуміз ғана түннің бір уағына дейін жұмыс істеп отыратын едік" деп еске алады 2017 жылғы журналист әйелдердің халықаралық қоры (IWMF) тағайындаған "Журналистикадағы батылдығы үшін" сыйлығының иегері Сәния Тойкен.

Сол кездегі ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың бұрынғы әскери қызметкер, қорғаныс министрлігінде жауапты қызмет атқарған, запастағы полковник Қазис Тоғызбаевтың сұрақтарына берген жауабы биліктің наразылыққа шыққандарға қарсы қандай шара болса да қолданудан тартынбайтынын көрсетті. Министр наразылық акциясына шыққандарды "қаруланып алған" деп айыптап, оларды тарату үшін күштік құрылымның алдымен өлімге апармайтын қару қолданатынын, ал керек жағдайда оқ ататынын ашық айтады.

СОҢҒЫ ХАТ

Сәния Тойкен Жаңөзен оқиғасын еске алу барысында Өзенде "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген айыппен 2012 жылы алты жылға сотталып, кейін мерзімінен бұрын босап шыққан, тергеу кезінде азапталғанын мәлімдеп, алған жарақаты емделмегендіктен асқынып, айықпас дертке айналған мұнайшылар белсендісі, 2018 жылы 36 жасында өмірден өткен Мақсат Досмағамбетов туралы айтты.

Мақсат соңғы демі үзілер шақта Сәнияға хат жазған екен. Хатты алған Сәния ауруханадан Мақсатты жансақтау бөліміне жатқызуға қол жеткізгенін айтты. Алайда көп ұзамай Мақсат сол жерде жан тапсырғанын, оған тіпті ас-су апарып үлгермегенін айтқанда Сәния көзіне жас алды.

Жаңаөзен: жазылмаған жара
please wait

No media source currently available

0:00 0:19:40 0:00

Бірнеше айға созылған мұнайшылар ереуілі кезінде белсенділік танытқан Мақсат Досмағамбетов – 2012 жылғы Ақтауда өткен сотта түрмедегі азаптау туралы ашық мәлімдеме жасаған алғашқы адам. Мақсат өмірінің соңғы сәттерінде БҰҰ-ның адам құқықтары комитетіне арыздануға құжаттарын дайындап жүрген еді, бірақ тапсырып үлгермеді. Оның бауыры Қайрат Досмағамбетов те Жаңөзен оқиғасы кезінде жараланып, кейін 26 отаны өткереді.

Бүгін – Желтоқсан оқиғасының жылдығы, бүгін – Тәуелсіздік күні, бүгін – осы айтылған Жаңаөзен оқиғасының жылдығы, 2022 жылы Жаңаөзенде басталған Қаңтар оқиғасының да жылдығы иек астында тұр. Көз жасына қару кезелген күн, әділетті қиянат құрбандыққа шалған күн. Осы оқиғалардың хабары Азаттық радиосының эфирі арқылы баррикаданың екі жағындағы көпшілікке боямасыз жетіп жатты. Ал оқиға ортасындағы репортердің басынан кешкендері міне, осындай.

Мақалада қысқаша мазмұндалған тақырып "Азаттық радиосына 70 жыл" подкасының бүгінгі эпизодына кейіпкерлердің өз дауысымен толығырақ нұсқада ұсынылып отыр.

Аудиоподкастың барлық эпизодын Азаттық сайтынан, подкаст платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдауға болады.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG