Accessibility links

"Тек негатив жазатын" Kloop. Қырғыз билігінің журналистерге қысымы фарсқа айналып барады


Қырғызстандағы Klopp басылымы 2010 жылғы төңкерістен кейін Орталық Азияның беделді баспасөз құралдарының біріне айналды.
Қырғызстандағы Klopp басылымы 2010 жылғы төңкерістен кейін Орталық Азияның беделді баспасөз құралдарының біріне айналды.

Kloop Media қоғамдық қоры мен Kloop ақпараттық агенттігі Қырғызстандағы журналистиканың дамуына елеулі үлес қосты. Өткен аптада сот қоғамдық қорды жабу туралы қаулы шығарды, бірақ журналистер жұмысын жалғастыруға бекініп отыр.

Авторитар президент Құрманбек Бакиевтің билігінің соңғы күндері Kloop тәуелсіз ақпараттық агенттігінің редакциясында жұмыс қызып жатты.

Жас журналистер елдегі тарихи оқиғадан жедел хабар таратып отырды. Ақпарат агенттігінің негізін қалаған Ринат Тухватшин мен Бектур Искендер Бішкектегі наразылық пен қантөгіс алаңына айналған Ала Тоодан репортаж жүргізді.

2010 жылғы революциядан кейінгі саяси жылымық кезінде тәуелсіз ақпарат құралдары қарқынды дамып, Kloop елдегі жетекші медиаға айналды.

Бірақ Қырғызстанның қазіргі президенті Садыр Жапаров баспасөз еркіндігін шектеуге барын салып жатыр.

Өткен аптада белсенділер мен адвокаттарға күлкілі көрінген сот процесі кезінде Бішкек соты "Kloop Media" қоғамдық қорын жабу туралы шешімге келді. Kloop ақпараттық агенттігі осы қорға қарайды.

Сот қаулысы мен тәуелсіз журналистикаға төнген қатерге қарамастан, Kloop тілшілері жұмысын жалғастыруға уәде берді.

– Жемқорлық туралы жазуды, елдегі ахуал жайында шынайы ақпарат таратуды жалғастырамыз. Халық елде не болып жатқанын білуі керек, – деді Kloop қоры ашқан журналистика мектебінің түлегі, сайт редакторы Айдай Иргебаева.

СОТ ҚАЛАЙ ӨТТІ?

Қырғызстан азаматтық қоғам мен тәуелсіз медиа бойынша Орталық Азияда көш бастап тұрған мемлекет еді. Бірақ 2020 жылы Жапаров билікке келгелі белсенділер мен журналистерге қарсы қуғын-сүргін күшейді.

Былтыр Азаттықтың Қырғыз қызметі де жабылуға сәл қалды.

Өткен айда полиция "Темиров LIVE" зерттеу тобы мен "Айт Айт Дезе" жобасының бұрынғы және қазіргі 11 тілшісін ұстады. Оларға халықты "билік өкілдеріне бағынбауға және жаппай тәртіпсіздікке шақырды" деген айып тағып, тілшілердің үйі мен кеңсесіне тінту жүргізген.

Қаңтарда ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитет 24.kg тәуелсіз ақпараттық агенттігінің екі редакторы мен директорын уақытша ұстап, тергеген. Журналистердің үйі мен кеңсесін тінтіп, "соғысты насихаттады" деген айып тағуға редакцияның Ресейдің Украинаға қарсы басқыншылығы туралы ақпарат таратуы себеп болған.

Билік өкілдері журналистерді қудалау үшін әртүрлі сылтау қолданады.

Бішкек қалалық прокуратурасы "Kloop Media" қоғамдық қоры үкіметті сынайтын репортаждары арқылы биліктің беделіне нұқсан келтірді" деп мәлімдеді. Прокурорлар тергеуге ақпарат агенттігі қызметінің ұйым жарғысына сай келмеуі себеп болғанын айтты.

Айыптау тарабы шақырған куәгер-сарапшы, психолог Вероника Терехова Kloop-тың елдегі жағдайдан хабар таратуын "негативті ақпараттық басқыншылық" деп атап, сотқа "өркениетті елде билікке қарсы сын айтылмауы керек" деді. Қырғызстанда сот процесін бақылаушылар Терехованың сөзін сынға алды.

Мемлекеттік сарапшы Вероника Терехова
Мемлекеттік сарапшы Вероника Терехова

Сотта сөйлеген тағы бір мемлекеттік сарапшы Жанна Караева "негативті жаңалық тарататын ақпарат құралдары халық арасында психикалық аурулардың көбеюіне ықпал етеді" деді.

Kloop заңгерлері сарапшыдан Республикалық наркологиялық орталық қызметкерлері мұндай қорытындыны қандай әдістемеге сүйеніп шығарғанын сұрады.

– Бар біліміміз бен тәжірибемізді пайдаландық, – деді Караева.

Сот процесінде ақылға сыймайтын, қызық сәттер көп болғанымен, бұл іс Қырғызстанда тәуелсіз журналистерге қысым күшейгенін тағы да дәлелдеді.

Мемлекеттік сарапшы Жанна Караева Бішкектегі сотта сөйлеп тұр.
Мемлекеттік сарапшы Жанна Караева Бішкектегі сотта сөйлеп тұр.

– Бұл алдағы 1-2 жылда сөз бостандығы тұрғысынан бізді не күтіп тұрғанын көрсетеді, – дейді Иргебаева.

Редактордың пікірінше, қуғын-сүргін атмосферасында телеарналар мен радиостанцияларға қарағанда, Kloop сияқты жас ақпарат құралдары тез бейімделіп, жақсы жұмыс істеп кете алады. Kloop сайты былтырдан бері бұғаттаулы.

"ЖАЛҒАН ПАТРИОТТАР"

2007 жылы құрылған Kloop жоғары деңгейдегі жемқорлық туралы жазып, Орталық Азия журналистеріне фактілерді тексеру және зерттеу жүргізуді үйретеді. Осы мақсатта "Kloop Media" қоғамдық қорының жанынан журналистика мектебі ашылған. Мектеп түлектері сайт жұмысына көмектеседі.

Kloop, Азаттық радиосы және Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы бірлесіп, Қырғызстандағы жемқорлық туралы зерттеулер жариялады.

Бірнеше жүлдеге ие болған зерттеулерде Қырғызстандағы саяси парақорлыққа жол ашқан жүйелі контрабанда туралы айтылады. Зерттеу жарияланғаннан кейін, Қырғызстан кеден қызметінің бұрынғы басшысы Райымбек Матраимов жүздеген миллион қаржыны заңсыз шетелге шығарғаны үшін АҚШ-тың Магнитский заңы бойынша санкциялық тізімге ілікті.

Kloop-тың дамуына 2010 жылғы революциядан кейін келген еркіндік едәуір әсер етті.

Қазір бұл еркіндік қайта шектеліп жатыр.

Жыл соңына қарай Қырғызстан парламенті шетелден қаржы алатын коммерциялық емес ұйымдар туралы заң қабылдауы мүмкін. Сарапшылар пікірінше, бұл ақпарат құралдарын тіркеу және қаржыландыру процесін одан әрі қиындатады.

Журналистер құқығын қорғау комитеті "9 ақпандағы Kloop ақпараттық агенттігін жабу туралы сот қаулысы биліктің Қырғызстанды авторитар көршілерінен ерекшелейтін журналистік зерттеу орталығын біржола жоюға талпынысын көрсетеді" деп мәлімдеді.

Тамызда Жапаров мемлекеттік ақпарат құралына берген сұхбатында Kloop басылымын "тек негатив жазады" деп айыптаған.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров.
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров.

Бірнеше күннен кейін мемлекеттің Kloop басылымын жауып тастағысы келетіні белгілі болды.

Жапаровтың сұхбатынан сәл бұрын Kloop президент серіктерінің Барселона футбол клубы академиясының филиалын ашуға қатысы барын дәлелдейтін зерттеу жариялаған. Академия туралы ақпаратты Жапаровтың өзі де растаған, бірақ президент бұл жобаға мемлекет қаржысы жұмсалмайды деп ақталған.

7 ақпанда Жапаров тағы бір сұхбат беріп, елде сөз бостандығы шектеліп жатқанын жоққа шығарды. Президент "жалған патриоттар сөз бостандығын пайдаланып, ойларына келгенді істейді" деді.

Сұхбаттың орыс тіліндегі алғашқы нұсқасында президент "халықтың сыни ойлау қабілетін дамытатын пропаганда" туралы айтып, "бұл біздің мемлекетке, дәстүріміз бен менталитетімізге қайшы" дейді.

Kloop телеграм арнасында президенттің сұхбатынан үзінді келтіргеннен кейін, редакторлар сұхбат мәтінінен Жапаровтың "сыни ойлау" туралы сөздерін алып тастады.

Азаттық радиосы Қырғыз қызметінің хабарына сүйеніп жазылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG