Accessibility links

Түркіменстанда оқушы қыздардың “пәктігін” тексеріп жатыр


Түркіменстанның батысында жасөспірімдер арасындағы жүктіліктің алдын-алып, олардың моральдық ұстанымдарын тексеру мақсатында оқушы қыздарды пәктігін анықтайтын тексерістен өтуге мәжбүрлеп жатыр. Тексеру кезінде пәктігі расталмаған қыздардың тізімін полицияға жібереді.

Түркіменстанның Балқан өңіріндегі жоғары сыныпта оқитын қыздарды пәктігін анықтайтын тексеруден өтуге міндеттеген. Билік өкілдері бұл жасөспірім қыздардың моральдық ұстанымдарын анықтауға көмектеседі дейді.

Азаттық тілшісімен сөйлескен ата-аналар мен оқушылардың айтуынша, билік өкілдері оқушыларды гинекологтың тексеруіне жіберу үшін жасөспірімдер мен ата-аналардың рұқсатын алмаған.

Білім саласы қызметкерінің сөзінше, тексеру нәтижесінде пәктігі расталмаған қыздардың тізімі полиция мен қауіпсіздік қызметіне жіберіледі.

—Түркіменбашы, Балқанабад қалаларында 9-11 сынып оқушыларын гинекологтың тексеруінен өтуге мәжбүрлеп жатыр. Тексеріс кезінде жыныстық қатынасқа түскені анықталған қыздардың тізімі жергілікті полиция басқармасы мен ұлттық қауіпсіздік министрлігіне жіберіледі, — дейді анонимді түрде сұхбат берген білім қызметкері.

Білім саласындағы басқа қызметкерлердің айтуынша, полиция тізімге ілінген қыздардың телефонын тексеріп, олардың кіммен жыныстық қатынасқа түскенін анықтауға тырысады.

— Құқық қорғау органдарының қызметкерлері бұл шара кәмелетке толмаған балалармен жыныстық қатынасқа түскен адамдарды жауапқа тарту үшін жүріп жатқанын айтты. Қазір өңірде ауқымды тексеріс өтіп жатыр, — дейді облыстық білім саласының қызметкері.

Түркімен оқушылары аялдамада тұр.
Түркімен оқушылары аялдамада тұр.

Түркіменстанда билік сыншылары қудалауға ұшырайтынын ескеріп, білім саласының қызметкерлері аты-жөнін көрсетпеуді сұрады.

Азаттық Балқан уәлаятының шенеуніктерінен пікір алмақ болды, бірақ билік өкілдері редакция сұрақтарына жауап берген жоқ.

Үкімет гинекологиялық тексеріс мақсатын ашып түсіндірмеді. Бірақ Балқанабадта жұмыс істейтін білім қызметкері бұл тексерісті кейінгі айларда облыста жасөспірімдер арасында жүктілік көбейді деген дерекпен байланыстырады.

— Бір ғана Балқанабадтың өзінде 6 жүктілік тіркелді. Бұл ақпарат білім министрлігінің құлағына жетті. Министрлік Балқан облысының білім басқармасына сөгіс жариялады. Осыдан кейін өңір билігі ірі қалаларда гинекологиялық тексеріс бастады, — дейді ол.

БАС ТАРТУҒА ҚҰҚЫҒЫ ЖОҚ

Авторитар билік халықтың әр қадамын жіті қадағалайтын Түркіменстанда жас қыздардың пәктігін тексеру бірінші рет жүргізіліп отырған шара емес. 2018 жылы елдің солтүстігіндегі Дашоғыз уәлаятында полиция, күш құрылымдарының өкілдері мен гинекологтардан тұратын топ мектептерге рейд жүргізген. Куәгерлердің сөзінше, полиция жас балалардың телефонында порнографиялық видеолар бар-жоғын тексеріп, қыздарды медбикеге тексеруге апарған.

— Тексеріс кезінде кей қыздардың жыныстық қатынасқа түскені анықталды. Олардың ата-анасын шақырып, қыздарды бүкіл мектептің алдында масқаралады, — дейді оқиға куәгері.

Дашоғыздың ішкі істер басқармасындағы ақпарат көзі 2018 жылғы тексеріс үкіметтің жасөспірімдер арасындағы жезөкшелікке қарсы күрес бағдарламасы аясында жүргенін айтады. Азаттық бұл деректің растығын тексере алмады.

2019 жылы елдің оңтүстік-шығысындағы Марый уәлаятындағы мектеп әкімшілігі 8-11 сынып оқушыларын ата-аналарының келісімінсіз гинекологиялық тексерістен өтуге міндеттеген.

Әйел құқығын қорғаушылар мұндай тексерістер ақылға сыймайтынын, жас қыздардың пәктігін растау олардың ар-намысын қорлайтын шара екенін айтады. Құқық қорғаушылар бұл тәжірибеден бас тартуға шақырады. Медициналық сарапшылар мұндай тексерістер пәктікті анықтай алмайтынын, өйткені қыздық пердесі жыныстық қатынас кезінде ғана емес, түрлі себептен зақымдануы мүмкін екенін ескертеді. Кей әйелдерде туғанынан қыздық пердесі болмайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG