Ресей Қырғызстанның "еуразиялық интеграциялануы мен экономикалық дамуын қолдау" мақсатында 500 миллион АҚШ долларын бөлетін болды. Бұл туралы уағдаластық Ресей президенті Владимир Путин мен Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың 11 тамыз күні Сочидегі кездесуінде жасалды деп хабарлады Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров.
Лавров Ресейдің көмегін "Қырғызстан экономикасын қолдау және бұл елдің Кеден Одағы (КО) мен Еуразиялық экономикалық одағына (ЕЭО) тиімді кіруіне жұмсалады" деп сипаттады.
Атамбаев Путинмен кездесуінде Қырғызстанның 2015 жылға қарай КО мен ЕЭО-ға кіруге әрекеттеніп жатқанын айтқан.
Кеден одағына Ресей, Қазақстан және Беларусь мүше. Үш ел мамыр айында 2015 жылдан бастап Еуразиялық экономикалық одағын құру туралы келісімге қол қойған.