Accessibility links

Әкімшілік төлемге қатысты талаптарын орындауға келіскен соң мұнайшылар ереуілге шықпайтын болды


«Ембімұнайгаз» өндірістік филиалына қарасты Прорва кенішіндегі мұнай сорабы. Атырау облысы, 18 сәуір 2010 жыл.
«Ембімұнайгаз» өндірістік филиалына қарасты Прорва кенішіндегі мұнай сорабы. Атырау облысы, 18 сәуір 2010 жыл.

Мұнайшылардың жалақысы 25 пайызға өсіп, талап етілген коэффициенттер төленетін болды. Бірақ олар тәуелсіз кәсіподақ құру жұмысының жалғасып жатқанын айтады. Ал Прорва кенішінің мұнайшылары «Нұр Отан» партиясынан кешірім сұрауды талап етіп отыр.


ЖАЛАҚЫ МАУСЫМНЫҢ 1-НЕН ӨСЕТІН БОЛДЫ

«Қазмұнайгаз» Барлау Өндіру компаниясы өзінің құрамындағы «Ембімұнайгаз» және «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалдарындағы жұмысшылар жалақысы маусымның 1-нен бастап орта есеппен алғанда 25 пайызға өскенін хабарлап отыр.

Компанияның жұртшылықпен байланыс орталығы таратқан баспасөз ақпаратына сүйенсек, «ұжымдық шартқа қосымша келісім жобасына сәйкес, 2010 жылдың 1-маусымынан бастап өндірістік филиал жұмыскерлерінің жалақысы аумақтық және салааралық коэффициенттерді қоса есептегенде, әлеуметтік пакет бойынша барлық төлемдер сақтала отырып өсетін болады».

Сондай-ақ бұл баспасөз хабарламасында ұжымдық шартқа қосымша келісімнің жобасын талқылауға компания басшылығы мен
«Жылыоймұнайгаз» кәсіпорнының жұмысшылары. Прорва кеніші, Атырау облысы, 18 сәуір 2010 жыл.
«Өзенмұнайгаз» (ӨМГ) және «Ембімұнайгаз» (ЕМГ) өндірістік филиалдары еңбек ұжымдарының мүддесін қорғайтын кәсіподақ көшбасшылары қатысқан.

Енді Ұжымдық шартқа қосымша келісімнің жобасы өндірістік филиалдардың еңбек ұжымдарына талқылауға жолданатын болады деп хабарлайды «Қазмұнайгаз» БӨ АҚ баспасөз орталығы.

Естеріңізге сала кетсек, Ембі мұнайшылары жалақы жүйесіне өзгеріс енгізуге өз наразылықтарын сәуір айынан бастап білдіріп келеді. Олар бірнеше рет мұнайшылар бас қосуын өткізіп, бітімгершілік комиссиясын да құрған еді. Жалақы жүйесін сақтап, салалық 1,8 мөлшеріндегі және аумақтық 70 пайыз коэффициенттерді төлеуді «Қазмұнайгаз» Барлау Өндіру акционерлік қоғамы директорлар кеңесінде талқылауды ұсынып, хат жолдаған.

Сонымен қатар олар маусымның 2-сінде компания басшысы Кенжебек Ибрашевтың Атырауға келіп мұнайшылармен бетпе-бет жүздеспесе, ереуілге шығып, жұмысты тоқтататындарын туралы ескерткен-ді. Ал «Қазмұнайгаз» Барлау Өндіру компаниясындағылар жұмысшылардың жолдаған талап-арызын естімегендерін көлденең тартты. Дегенмен «Ембімұнайгаз» өндірістік филиалының басшысы Ізтұрған Баймұханов мұнайшыларға кездесуді маусымның 10-на қалдыруды ұсынған-ды.

Ал бұған дейін жалақы жүйесіндегі өзгеріс мәселесі Жаңаөзендегі «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы мұнайшыларының да наразылығын тудырған еді. Олар өз талаптарын орындату үшін науырыз айында екі аптадан астам уақыт ереуілдеткен болатын. Ақыры Астанадан келген шенеуніктермен мұнайшылардың бітімгершілік комиссиясы өзара келісімге қол жеткізген-ді. Сол жолы ереуіл кезінде денсаулықтары сыр берген екі мұнайшы құрбан болған-тын.

«ҚОСЫМША КЕЛІСІМГЕ САРАПТАМА ЖАСАЛМАЙ ЕШКІМ ҚОЛ ҚОЙМАЙДЫ»

Жалақы туралы жағымды жаңалықты естіген ембілік мұнайшылар маусымның 6-сы күні тағы бас қосты. Олар жалақының 25 пайызға өсіп, өздері сұрап отырған аудандық және салалық коэффициенттердің төленетінідігі туралы ұсынысты компанияның өз талаптарына бет бұрғанының көрінісі деп түсінетіндіктерін мәлімдеді.

«Жылыоймұнайгаз» өндіру басқармасының операторы Асылхан Мусин Жылыой, Мақат, Исатай аудандарындағы кеніштердің бірқатар
"Жылыоймұнайгаз" кәсіпорнының операторы Асылхан Мусин (сол жақта). Атырау, 2 маусым 2010 жыл.
мұнайшылары маусымның 11-іне белгіленген наразылық акциясы туралы ескертуді аудандық прокуратураға дайындап қойғандарын, бірақ маусымның 4-індегі жалақының өсуі мен коэффициенттердің сақталуы жөніндегі ақпардан кейін бас тартқандарын хабарлады.

Дегенмен мұнайшылар әлі де сенімсіздік танытып отырғандарын жасырмайды.

- Ереуіл біздің мақсатымыз емес. Біздің талабымыз - әділ еңбекақыға қол жеткізу ғана. Жалақыдағы өзгеріс бізді қуантқанымен әлі күдігіміз басым. Қолымызға нақты құжат тимейінше сене алмаймыз, - дейді «Жайықмұнайгаз» өндіру басқармасының машинисі Нұрболат Қанатов.

Ал мұнайшылар белсендісі Асылхан Мусин қосымша келісімге өздері сенген заңгер мен экономист сараптауынан өтпей ешкімнің қол қоймайтындығын айтады.

- Бұл ұжымдық шартқа қосымша келісімде нақты қандай өзгеріс ұсынылады? Ол қанша жылға арналған деген сауалдардың барлығына жауапты маусымның 10 күні алатын боламыз. Жалпы бұдан мұнайшылар не ұтады, неден ұтылады деген мәселені біздің заңгеріміз бен экономисіміз талдап қарайтын болады. Ең бастысы, біз жалақы жүйесінің екі филиалда бірдей болуын талап ететін боламыз, - дейді Асылхан Мусин.

ЖҰМЫСШЫЛАР ТӘУЕЛСІЗ КӘСІПОДАҚТАР ҚҰРЫП ЖАТЫР

Бұған қоса мұнайшылар тәуелсіз кәсіподақ құру процесінің жалғасып жатқанын айтады. Прорва кенішінің операторы Асылхан Мусин кеніштегі 300-ден аса мұнайшының қазіргі кәсіподақтың құрамынан шыққанын жария етті.

- Мұнайшылар қазіргі кәсіподақтан қайыр жоқ екендігін түсініп болды. Мәселен, біздегі басшылар кәсіподақта болмаса да, "Бәке-Сәкенің" балалары жақсы жерлерге барып демалады. Ал ол үшін ай сайын еңбекақымыздан 10 пайыз ұсталады, - дейді Асылхан Мусин.

Мұны растаған осы кеніштің жөндеушісі Болат Сақиевтің айтуынша, кәіподаққа төлеген ақшаның есебін сұрап жатқан ешкім жоқ.

«Жайықмұнайгаз» өндіру басқармасының машинисі Нұрболат Қанатов та өз арасынан алдын ала іріктелген кәсіподақ өкілі бар екенін айтты.

«НҰР ОТАН» МҰНАЙШЫЛАРДАН КЕШІРІМ СҰРАЙ МА?

Мұнайшылар өздерінің «Нұр Отан» партиясынан шығу туралы шешімдеріне байланысты басшыларынан нұсқау алғандарын да хабарлады.

«Жылыоймұнайгаз» өндіру басқармасы операторы Асылхан Мусиннің айтуынша, Прорва кенішіндегі учаске бастығы Марат Мусин «Нұр Отан» партиясы елдің көңілінен шығатын партия, біз қолдаймыз» деген жазылған қағазға қол қоюды өтінген екен.

Алайда мұнайшылар «Нұр Отан» партиясының өкілі «саясаттан хабары жоқ» деп, мұнайшыларды надан қылып көрсетті деген айып
«Қазмұнайгаз» кәсіподағы орталық кеңесінің төрағасы Тілекқабыл Қабдолов (сол жақта) және «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Кеңес Қосыбаев. Прорва кеніші, 23 сәуір 2010 жыл.
тағып отыр.

Еске сала кетелік, биылғы жылғы сәуірдің 23-күні Прорва кенішінде болған жиналысқа қатысқан «Нұр Отан» партиясының Атырау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Кеңес Қосыбаев наразылық танытып жиылыстан шығып кеткен мұнайшыларды «басшыларын сыйламады» деп кінәлаған болатын. Ол мұнайшылардың бұл әрекетін «қазаққа тән қасиет емес» деп бағалап, әрі «саясаттан хабарлары жоқ» деп сын айтқан еді.

- «Нұр Отан»» партиясы өкілінің басқа кеніштерге барып не айтқанын мен білмеймін. Бірақ бізді надандардың қатарына қосқаны үшін Прорва кеніші мұнайшыларынан келіп кешірім сұрауды талап етеміз. Әйтпесе «Нұр Отан» партиясы қатарынан кету мәселесі әлі күн тәртібінде, тек алдымен еңбек ақы мәселесін шешуді жөн көргенбіз, - дейді Асылхан Мусин.

Оның сөзі құптаған Прорва кенішінің жөндеушісі Болат Сақиев та, өзі ешқандай партия мүшесі болмаса да, мұнайшыларды қараңғы адам деп санаған «Нұр Отан» партиясы басшысы міндетті түрде мұнайшылардан кешірім сұрауы тиіс дейді.
XS
SM
MD
LG