Accessibility links

Өз елінде өгей болған ауғандық сикхтар


Ауғанстандық сикхтар Висакх мейрамын тойлап жатыр. Нингархар, 11 сәуір 2012 жыл.
Ауғанстандық сикхтар Висакх мейрамын тойлап жатыр. Нингархар, 11 сәуір 2012 жыл.

Ұлыбританияда жүк контейнерінен 35 ауғандық сикх табылған соң әлем назары Ауғанстандағы шағын ғана діни азшылық өкілдеріне ауды. Оларды кейде өз еліндегі шетелдіктер деп те атайды.

«Менен жиі-жиі «Отаныңа қашан ораласың?» деп сұрайды. Көпшілігі біздің де ауғандықтар екенімізді түсінбейді. Олар бізді Үндістаннан не әлдебір басқа елден келген деп ойлайды» дейді Иқбал Сингх.

Бұл адам Ауғанстанның шығысындағы Жалалабад қаласында тұратын азайып бара жатқан діни азшылық – сикхтардың бірі.

Ауғанстандағы басқа да сикх қауымдары сияқты Сингхтың ата-бабасы бұл елге осыдан екі ғасырдан астам уақыт бұрын келіп орналасқан.

35 жастағы Сингх әулетінің ғасырлар бойғы дәстүрлі кәсібін жалғастырып келеді. Ол қаланың шаң басқан тар көшесіндегі кішігірім дүкендердің бірінде шөптен жасалған дәрілерді сатып күн көреді. Жергілікті халық бұларды юнандық (грек) дәрілер деп атап кеткен.

Сингхтың айтуынша, оның ата-бабасының заманынан бері Ауғанстанның халқы мен өздеріне деген қарым-қатынас мүлде өзгерген. Өзімен қатарлас сикхтар мұсылмандар елінде оқшауланып барады дейді ол.

Бірақ Ауғанстанда тұру бүгінде ешкімге оңай соқпайды. Басылмаған бүлікшіліктің кесірінен халықты кедейшілік тауқыметі мен қауіпсіздік мәселесі әбігерге салған.

«БАСҚА» АУҒАНДЫҚТАР

«Дегенмен осының бәрімен қатар біз тағы «басқа» болғанымыз үшін де көптеген қиыншылыққа тап боламыз, оған себеп – діни ұстанымымызда» дейді Сингх.

Ол жақында жергілікті базарда болған бір оқиғаны айтып берді. 12 жасар бала оған шіріген көкөністерді лақтырған екен. Ал сол уақытта бірнеше ер адам осы оқиғаны тамашалап тұрған.

Ауған сикхтарының діни рәсімі.
Ауған сикхтарының діни рәсімі.

«Ер адамдар ол балаға «қой» деген де жоқ, негізінде олар да менің базардан табанымды жалтыратқанымды тілеп тұрды. Бұл оқиға шынымен жүрегіме қанжардай қадалды. Бірақ менің ол жерден үн-түнсіз кеткеннен басқа амалым болмады, себебі мен ол жерде жалғыз едім» дейді Сингх.

«Бұндай мысалдар толып жатыр» дейді Анаркали Хонаряр есімді депутат (ред. – әйел адам). Оның шыққан тегі – сикх әрі қауымының құқықтарын қорғап жүрген белсенді.

ӨЛІККЕ ТАС АТУ

Ауғанстандағы сикхтар мен мұсылмандардың басты дауы азшылық топтың өлікті жағып жіберу ғұрпына қатысты болып отыр. Ислам дінінде бұндай рәсімге тыйым салынған.

Хонарярдың сөзінше, өлік шығарып жатқан сикхтарды таспен атқылап, балағаттаған жағдайлар болған.

Өлікті жағу рәсімін у-шусыз өткізу үшін қауым Кабулдың шығысындағы басты ғибадатханасын биік қабырғалармен қоршауға мәжбүр болған.

Сикх қауымының қайтыс болған адаммен қоштасу рәсімі. Кабул, 17 қыркүйек 2007 жыл.
Сикх қауымының қайтыс болған адаммен қоштасу рәсімі. Кабул, 17 қыркүйек 2007 жыл.

Ауғанстанның ақпарат және мәдениет министрі Саид Махдум Рахиннің айтуынша, сикхтардың салттары мен басқа мәселелерге де қатысты уайымдарын сейілту үшін билік шаралар қабылдап жатыр. Олардың қатарына парламенттегі өкілдік пен білім беру де кіреді.

Билік қауымның өлікті жағу рәсіміне арнайы бірнеше орын бөлген. Бұған дейін сикхтар мен жергілікті халықтың арасында Кабул маңында өліктерді өртеуге қатысты дау туындаған.

Депутат Хонаряр ауған парламентіне өзінің азаматтық құқығын пайдаланып сайланған адам. Ал былтыр оның қандастарына парламенттен бір орынды этникалық құқық негізінде иемдену мүмкіндігі заң жүзінде белгіленді. Бұл орынды олар индуистермен бөлісетін болады.

Бұрынғы президент Хамид Карзай 2015 жылы болатын парламенттік сайлауда Волеси Джиргадан бір орынның нақты бөлінетініне кепіл беретін декретке қол қойған.

АЗШЫЛЫҚТАРҒА АРНАЛҒАН МЕКТЕПТЕР

Білім беру министрлігі Кабул мен Жалалабад қалаларында тек сикхтар мен индуистердің балаларына арналған екі бастауыш мектеп ашқан. Бұл – азшылық қауымдардың қыспаққа алынып, қорлық көрдік деген шағым-арыздарынан кейін қабылданған шара болатын.

Ауғанстандағы президент және жергілікті билік сайлауына дауыс берген сикх өкілдері. Кабул, 5 сәуір 2014 жыл.
Ауғанстандағы президент және жергілікті билік сайлауына дауыс берген сикх өкілдері. Кабул, 5 сәуір 2014 жыл.

Жалалабадтағы сикх ғидабатханасының жанынан екі жыл бұрын мектептің ашылғаны Сингхтің көптен бергі үмітін ақтады. Келесі жылы оның қызы мектепке барады.

«Бұрын біз бәріміз ортақ мектепке баратын едік, балалар бірге ойнайтын» дейді Сингх. «Ешкім біздің жүрегімізді жаралап, үйлеріңе қайтыңдар демейтін».

Ауғанстандағы сикхтар мен мұсылмандар ғасырлар бойы бейбіт ғұмыр кешіп келген.

«ЭКСТРЕМИСТІК ЭЛЕМЕНТТЕРДІҢ» ҚЫСЫМЫ

Сикхтар мен индуистерге жасалатын қысымды кейбіреулер соңғы жылдары Кабулға провинциялар мен басқа қалалардан көшіп келген «экстремистік элементтермен» байланыстырады.

Кабул университетінің бұрынғы профессоры, саясаттанушы Ахмад Саиди «қаланың байырғы халқы әрқашан толерантты болатын, себебі олар этникалық әралуан ортада өскен» дейді.

Ауғанстандық сикхтер және индуистер шеру өткізіп тұр. Кветта, Белужистан. 23 желтоқсан 2011 жыл.
Ауғанстандық сикхтер және индуистер шеру өткізіп тұр. Кветта, Белужистан. 23 желтоқсан 2011 жыл.

1970 жылдардағы есеп бойынша Ауғанстанда 150 мыңнан астам сикхтар мен индуистер бар деп саналатын. Көбісі табысты іскер болатын, дүкендер ұстайтын, ал олардың балалары университеттерде білім алатын.

Алайда отыз жылдан астам уақытқа созылған қарулы қақтығыс көбін елден кетуге мәжбүр етті.

Совет Одағы Ауғанстанға басып кірген соң, 1980 жылдары мыңдаған сикх пен индуист Үндістанға қоныс аударған.

1990 жылдары миграцияның екінші толқыны болды. Бұған коммунистік режим құлаған соң, түрлі жихадшыл топтардың арасындағы қақтығыстар себеп болды.

Қазір 30 миллионнан астам халқы бар елде бас-аяғы 4 мың сикх пен индуист өмір сүріп жатыр.

«ЖАҒДАЙЫ БАРДЫҢ ЕШБІРІ ЕЛДЕ ҚАЛМАС ЕДІ»

Ауғанстанда қалған сикхтардың көпшілігі – күндерін әзер көріп отырған ауқатсыз адамдар.

Сингх жұбайымен және қызымен екі қабатты ескі үйдегі екі бөлмелі пәтерде тұрады. Бұл жер Жалалабадтағы екі сикх ғибадатханасынан алыс емес.

Дәстүрлі киім киген ауғандық сикх. Нингархар, 11 сәуір 2012 жыл.
Дәстүрлі киім киген ауғандық сикх. Нингархар, 11 сәуір 2012 жыл.

Қала жеті жүзден астам адамы бар сикх қауымына пана болып отыр.

«Жалалабадың сыртында жүз алпыстай сикх отбасы бар, солардың алтауы ғана салыстырмалы түрде жайлы өмір сүріп жатыр» дейді Сингх.

Сингх пана іздеген ауғандық сикхтар жайлы естіген. Олар тамыздың 16-сы күні Ұлыбританияда тасымалдауға арналған металл контейнердің ішінен табылған. Олардың бірі өліп қалғаны анықталған.

Мигранттардың қауіпті саяхатқа бастарын тігуі Сингхты еш таңдандырмайды.

Ол «басқаларды бұндай қатерге барудан тіпті ажал да тоқтатпайды» дейді.

«Біздің қауымымыздан Жалалабадта тек қаражаты жоқтар ғана қалды. Қалмауға мүмкіндігі бардың ешбірі бұнда тұрмас еді» дейді Сингх.

(Фарангиз Наджибулланың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Әзина Мақұлжан)

XS
SM
MD
LG