Accessibility links

Әзербайжандағы ереуілде резеңке оқ және газ қолданылды


Құба оқиғасының ерекше сәттері
please wait

No media source currently available

0:00 0:07:26 0:00
Жүктеп алу

Құба оқиғасы (Азаттықтың Әзербайжан қызметі дайындаған видео).

Әзербайжанның Құба ауданында наурыздың 1-і күні таңғы сағат 10-да басталған наразылық шарасына 5 мыңдай адам қатысты. Билік оларға қарсы резеңке оқ пен газ қолданды.


Құба ауданы әкімшілігінің алдына жиналған халық аудан басшыларының бірі Рауф Хабибовтың қызметтен кетуін талап етеді. Ел президенті Ильхам Әлиевтің суретін көтеріп шыққан шерушілер жергілікті билік өкілі қызметтен кеткенше тарамайтындарын айтады.

Ауданның үш ақсақалы Хабибовқа барып, оның жұрттан кешірім сұрауын, содан кейін қызметтен кетуін талап еткен.

Соңғы деректер бойынша, Рауф Хабибов алаңға шығып, жұрттан кешірім сұраған.

Шеруге шыққан азаматтар Рауф Хабибовтың бірнеше күн бұрын аудан тұрғындары жайлы айтқан астам пікіріне наразы.

Хабибов ол сөзінде Құба ауданы халқын «халқын, отанын, отбасын сатқандар» деп айыптап, «бұлар жерлерін 30-40 манаттан сатады» деген еді.

Рауф Хабибовтың сөзі:



Осы ауданннан сайланған депутат, билеуші «Ени Әзербайжан» партиясының өкілі Евда Абрамовтың айтуынша, жұрттың наразылық танытқанында тұрған төтенше ештеңе жоқ.

- Жұрт пікірін айту үшін шеруге шықты. Шеруші халыққа бөгет болатын ойымыз жоқ. Халық сөзін айтсын. Бұл атқарушы биліктің басқа өкілдеріне сабақ болсын. Билік өкіліне халық әсер етіп, жұмыс істете алатынын бәрі көрсін. Халық оның (Рауф Хабибовтың - ред.) қорлаған сөзіне төзе алмайды. Ол құбалықтарды тілдеді ғой, - дейді Евда Абрамов.

«БИЛІК АТЫНАН КЕШІРІМ СҰРАЙМЫН»

Азаттық радиосы Әзербайжан қызметінің хабарлауынша, Рауф Хабибовтың үйі өртеніп жатыр. Жиналған жұрт әкімнің үй-жайын қиратып, полиция оларды бөгей алмай тұр.

Билік Құбаға ішкі әскердің арнайы жасағын апарды. Аудан тұрғындары Құбаға кіретін жолды жауып, көлікті өткізбей қойды деп хабарлайды жергілікті ақпарат құралдары.

Әскер мінген 10 жүк көлігі, су ататын үш машина, үш БТР және үш беренді көліктің Құбаға аттанғаны бұған дейін мәлім болған еді.

Құбаға барған арнайы жасақ. Әзербайжан, 1 наурыз 2012 жыл.
Құбаға барған арнайы жасақ. Әзербайжан, 1 наурыз 2012 жыл.
Құбаға көршілес аудандардың полиция жасағы да жеткен. Баку мен Құба арасындағы жолдың Сумгайтыдан арғы бөлігіне полиция қатаң бақылау орнатқан.

Аудан басшыларының айтуынша, Рауф Хабибов ауданнан кетіп қалды деген сөз өтірік.

– Қазір ол жұмысында отыр. Аудандағы жағдай әлі шиеленісіп тұр, – дейді олар.

Аудан әкімшілігін ішкі істер әскер қоршап алған.

Әзербайжанның көлік министрі Зия Мәмедов пен Құба ауданының депутаты Вахид Ахмедов наразы жұрттың алдына шығып сөз сөйлеген.

– Бұл іс үй өртеумен шешілмейді. Атқарушы билік атынан сіздерден кешірім сұраймын. Мәселенің бәрін шешеміз. Мұндай арандатуға еруге болмайды, – дейді Зия Мәмедов.

Депутат Вахид Ахмедов билік орындарымен сөйлесіп, полиция тұтқындаған 22 ереуілшінің 20-сын босаттырған, қалған екі адамның кейінірек шығатынын айтқан. «Тараңыздар! Талаптарыңыздың бәрі орындалады» деді Ахмедов халыққа.

Құбадағы оқиға:



ГАЗ БЕН РЕЗЕҢКЕ ОҚ

Азаттық радиосының Құбада жүрген тілшісінің хабарлауынша, әскер ереуілге шыққан халыққа қарсы газ бен резеңке оқ атқан.

«Әскердің бұл әрекеті Құба халқын одан әрі ашындырды, ереуілге шыққан адам саны 5 мыңға жетті» дейді журналист.

Ақпарат құралдарының дерегінше, Құбадағы оқиға кезінде 4 адам зардап шекті. Оның үшеуі – полицейлер.

«Әлеуметтік желілерде Құбадағы шараға қатысқан адамдарға қолдау ретінде наурыздың 2-сі күні Әзербайжанның әртүрлі аймақтарында қарсылық акциясына өткізуге шақырған хаттар тарап жатыр» деп хабарлады Азаттық радиосының Әзербайжан қызметі.

БАС ПРОКУРАТУРА МЕН ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІНІҢ МӘЛІМДЕМЕСІ

Әзербайжанның бас прокуратурасы мен ішкі істер министрлігі Құба ауданындағы оқиғаға байланысты біріккен мәлімдемесін наурыздың 1-і күні кешке жариялады.

Биліктің пікірінше, Құба ауданы басшысы Рауф Хабибовтың сөзіне наразы болған 1000-ға тарта тұрғынның қарсылық шарасы әуелі тәртіп бұзуға бағытталмаған, бірақ кейін кейбір арандатушылардың әсерінен мемлекет және жеке адам мүлкін бүлдіруге, азаматтарға зорлық көрсетуге ұласқан.

«Осы әрекет барысында атқарушы билік ғимаратының бірінші және екінші қабаттарының терезесі сынды, ғимараттағы құрал бүлінді, бірнеше қосалқы ғимарат және Рауф Хабибовтың жекеменшік үйі өртенді» дейді ресми билік.

Бұл оқиға кезінде үш полицейдің жараланғанын билік те растады.

Мәлімдемеге қарағанда, «полиция мен ішкі әскер күштерінің арқасында қоғамдық тәртіп орнап, оқиға тұрақтанған».

Құба ауданының прокуратурасы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғады.

Құбадағы оқиға жайлы суреттер:
XS
SM
MD
LG