– Әже, әже, киноңыз басталды!
– Ойбүу, ұмытып кете жаздаппын ғой. Әлгі байқұс қыз не болды екен?.. Ана сақалды неме оны не алмай, не жайына қоймай... Сен қайда кеттің? Сақыш, кел, мынауыңды шүлдірлетпей аударып бер!
– Әже, мен сабақ оқып отырмын...
– Қоя тұр оны, «қойшының қызы қой келгенде іс тігеді» дегендей, осы кино басталғанда сенің-ақ сабағың дайын тұрады екен. Кел тез!
– Туу, әже-ай...
– Көтек, мына қараң қалғыр қайтеді-ей! Тас кенедей жабысып...
– Апа, ол осы қыздың жігіті ғой...
– Қайдағы жігіті? Бұл екеуі туыс емес пе?
– Жақын туыс емес қой...
– Тәйт ары, туыстың алыс-жақыны болушы ма еді? Тұқымы азған бейбақтың басқа біреу табылмағандай өз қанына қарағаны несі?
– ?..
– Ал, әлгі ұзын қара қайда?
– Ол бұрынғы жігіті...
– Бұрынғы жігіті қаба сақалды емес пе еді?
– Қаба сақалың бұнымен ажырасып, Гүнешті алды ғой.
– Гүнешті ме? Әлгі бір қырым еті жоқ қатпа қара қызды ма?
– Жоқ. Сіз оны тәмпіш сары деуші едіңіз ғой.
– А, ол құрғыр өзінің қайын ағасынан аяғы ауыр демеп пе ең?
– Ол бала қайын ағасынан емес, бөлесінен екен. Бөлесі шетелге қашып кетті де, Гүнеш біраз уақыт ұзын сарымен бірге тұрды. Кейін ол да аяғы ауыр екенін біліп, бір-ақ күнде табанын жалтыратты да, Гүнеш иттей болып қаба сақалға қайтып келді ғой...
– Е, айналайын. Қаба сақалың құдайға қараған жан екен. Сорлы қызды зарлатпай ала салғаны жөн бопты. Ен байлықтың ішінде отыр, өзінікі емес демесең бір бала масыл болмас...
– Ол қызды жаны ашыған соң емес, қыздың атындағы кәсіпорынды өзіне аударып алу үшін алып отыр.
– Ойбүу, бағы ашылмаған сорлы-ай... Ендігі күні не болар екен?
– Әже, әже, жеңгем хабарласып жатыр. Құлып ағам тағы да ішіп келіп, жеңгемді қуып жүр екен.
– Е, тиіссе бір кінәсі бар да? О несі-ей? «Қатын бір күн таяқ жемесе тұлмын дейді» деген. Қой әрі, оданда мынауыңды айт!