Accessibility links

 
Нарва өзенін жалғыз жүзіп өткен босқынды Эстония кері қайтарды

Нарва өзенін жалғыз жүзіп өткен босқынды Эстония кері қайтарды


Өзбек босқындарының әйелдерінің бірі Алмалы аудандық сотында ерінің халін білгісі келіп тұр. Алматы, 15 наурыз 2011 жыл
Өзбек босқындарының әйелдерінің бірі Алмалы аудандық сотында ерінің халін білгісі келіп тұр. Алматы, 15 наурыз 2011 жыл

Қазақстаннан Эстонияға өтпекші болған өзбек азаматы Ресейге депортацияланды. Ол Еуропа елдерінің бірінен босқын мәртебесін алмақ болып, Ресей мен Эстонияны бөліп жатқан Нарва өзенін жүзіп өтуге дейін барған.


Өзбек азаматы Рахим Сабиров Ресейге депортацияланды. Ол Қазақстаннан Ресей арқылы Эстонияға өтіп, босқын мәртебесін алуға талаптанған.

ТӘЛКЕК

- Ол Ресей мен Эстония шекарасын, екі елді бөліп тұрған Нарва өзенін жүзіп өту арқылы кесіп өткен. Бұл шамамен 300 метрге жуық қашықтық, - дейді Азаттықтың өзбек қызметіне түсініктеме берген Эстонияның Ида-Вирумаа уездінің полиция және шекараны бақылау департаментінің баспасөз хатшысы Марит Лийк.

Оның сөзінше, қазір өзбек босқыны Ресейге депортацияланған.

- Біз оны Өзбекстанға емес, бізге қай елден келсе, сол елге жібердік. Ол біздің елге Ресейден келген. Сондықтан оны Ресейге қайтардық. Ал әрі қарай оны қайда жіберуді Ресей шешеді, - дейді Марит Лийк.

Дегенмен, Сабировтың қазір қай жерде екендігі белгісіз. Ресей жағы әзірге ешқандай жауап берген жоқ.

Ал Эстониядағы департамент өкілінің айтуынша, Рахим Сабиров жеке басын куәландыратын құжаты болмағандықтан ұсталған. Ал құжатын ол «әдейі үйге тастап кетті» дейді, Азаттыққа қыркүйектің 19-ы күні сұхбат берген Сабировтың Алматы облысында тұратын әйелі Мөлдір Молдаханова.

- Ол «егер ұсталсам бірден Өзбекстанға қайтарып жібереді» деп қорқып, жеке куәлігін үйде тастап кетті, - дейді Мөлдір.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ӨЗБЕК БОСҚЫНДАР

Қазақстан полициясы 2010 жылы жазда Алматыда «Мигрант» операциясы барысында отыз өзбек азаматын ұстап, тергеу изоляторына қамаған болатын. Сол кезде олардың бірі босатылып, 29-ы қамауда қалған-тын. Сол босатылған «бақытты жан» - Рахим Сабиров еді.

- Ол ұсталған кезде қолында біздің бір айлық ұлымыз бар еді. Және де оның босқын мәртебесі болғандықтан қолхат алып, босатып жіберді. Бірақ көп ұзамай олардың ісі істері ішкі істер департаментіне ауысып, босқын мәртебесінен айырылып қалды. Сосын Қазақстанда қалу қауіпті болғандықтан, қыркүйектің басында Ресейге кетіп қалды, - дейді Мөлдір Молдаханова.
Еліне күштеп қайтарылар алдындағы өзбек босқындардың балалары. Алматы, 10 маусым 2011 жыл

Қазақстандық заң орындары ұсталған өзбек босқындарын Өзбекстан билігінің сұрауы бойынша тұтқындаған еді. Өзбекстанда террористік-экстремистік ұйымдарға қатысы бар деп айыпталған бұл азаматтар ол айыпты жоққа шығарады.

Қазақстандық көші-қон мекемесі оларға босқын мәртебесін беруден бас тартқан соң мұсылман азшылық тобы сотқа шағым түсірген. Алайда бұлардың ісін бірнеше ай бойы қараған Алматы соты қамаудағылардың өтінішін қанағаттандырмай тастады.

Бұл азаматтарды «өз еліне қайтармау» туралы адам құқығын қорғау ұйымдарының үндеулеріне қарамастан, Қазақстан 2011 жылы маусым айында оларды Өзбекстан полициясының қолына тапсырды.

СОҢҒЫ СМС

Мөлдір Молдаханованың сөзінше, ол күйеуінен осыдан екі күн бұрын қалта телефонына смс хабар алған.

- Онда ол «қолымды тіліп тастадым, медициналық көмек көрсетті. Эстония мені бәрібір Ресейге қайтаруды көздеп отыр» деп жазыпты. Ол бұл іске шарасыздықтан барған болар. Содан бері ешқандай хабар жоқ. Не телефоны алмайды, - дейді Мөлдір.

30 жастағы Рахим Сабиров пен 20 жастағы Мөлдір Молдаханованың 9 айлық баласы бар. Мөлдір Қазақстан азаматы болғандықтан өзінің ертеңіне бола көп қобалжымайды. Дегенмен күйеуін енді көрмей қаламын ба деп қорқады. Сондықтан құқыққорғау ұйымдары мен қоғам өкілдерінен ерінің аман-есен оралуына көмектесуді сұрап отыр.
XS
SM
MD
LG