Accessibility links

Айыпты мойындамаған Серік Ахметов енді «өкінеді»


Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Серік Ахметов сотта отыр. Қарағанды, 2 желтоқсан 2015 жыл.
Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Серік Ахметов сотта отыр. Қарағанды, 2 желтоқсан 2015 жыл.

Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі, коррупциялық қылмысқа қатысты айыпталып, 10 жылға сотталған Серік Ахметовтің ісінде бетбұрыс байқала бастады. Бұрын айыбын мойындамаған ол енді «өкінетінін» мәлімдейді. Апелляциялық сот шешімі қарсаңында мемлекетке келтірілген «2 миллиард теңге залал» да өтелген.

Қарағандыда Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Серік Ахметовтің ісі бойынша коррупциялық қылмыс жасады және қызмет бабын асыра пайдаланды деген айыппен сотталған бір топ жергілікті топ-шенеунік пен бизнесменнің апелляциялық шағымын қарау аяқталып келеді. Адвокаттар клиенттерін ақтауды, ал кей адвокаттар бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұрайды. Адвокаттардың көбі былтыр желтоқсан айының ортасында шыққан үкімді «дәйексіз әрі әділетсіз» деп атайды. Бұл топтағы 11 адам сотталып, алтауына шартты жаза кесілген.

СЕРІК АХМЕТОВТІҢ ӨКІНІШІ

10 жылға сотталған Серік Ахметов бүгінгі сот отырысына қатысқан жоқ. Оның орнына «қылмыс жасау оқиғасы жоқ болғандықтан» клиентін ақтауды сұраған адвокаттары сөйледі. Адвокат Николай Лесник Серік Ахметов «мемлекеттік қызмет атқарған жылдары қызметіме, Қазақстан халқы мен мемлекет басшысына адал болдым, еліміздің азаматтарының игілігі үшін өзіме жүктелген міндеттерді орындауға ұдайы тырыстым» деп айтуды сұрағанын мәлімдеді.

Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Серік Ахметов сотта тұр. Қарағанды, 9 желтоқсан 2015 жыл.
Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Серік Ахметов сотта тұр. Қарағанды, 9 желтоқсан 2015 жыл.

– Біздің клиентіміздің [Қазақстан президенті] Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев артқан үлкен сенімді ақтамайын деген ойы да болған жоқ. Сондықтан ол болған жайттар үшін жауапты екенін әрі кінәсі барын мойындап, адал ниетімен өкінеді. Клиентіміз Қарағанды облысы әкімі және Қазақстан Республикасы премьер-министрі қызметтерін атқарған кезінде кейбір тұлғалардың заңға қайшы әрекеттерінің салдарынан Қарағанды облысы территориясында мемлекет мүддесінің бұзылуына және оған материалдық залал келтіруге жол бергенін мойындайды, – дейді Серік Ахметовтің адвокаты Николай Лесник.

Ахметов өз шағымында соттан «адал ниетімен өкінетінін» және «туыстары мен отбасы достарының» өз еркімен жалпы сомасы 2 миллиард 255 миллион теңге көлеміндегі материалдық залалды толық өтегенін ескеруін сұрайды. Бұл ақша «Металлургия және металл өңдеу» индустриалдық паркі мен «ҚазАгроФинанс» компаниясы есеп-шотына аударылған.

Ертеректе атышулы істің негізгі айыпталушысы, яғни бұрынғы премьер-министр әрі бұрынғы қорғаныс министрі Серік Ахметов тағылған айыптардың ешқайсысын мойындамағанымен, соңғы сөзінде ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан кешірім сұраған. Ол кезде Ахметов «ешқандай қылмыс жасаған жоқпын» деп мәлімдеген.

ЖАЗАНЫ ЖЕҢІЛДЕТУ ЖАЙЛЫ ӨТІНІШТЕР

Апелляциялық шағымды қараған бүгінгі сот отырысына «Серік Ахметов ісі» бойынша шартты жазаға сотталғандар ғана қатысты. Жаза мерзімін түрмеде өтеуге кесілгендерді сот отырысына әкелген жоқ. Апелляциялық шағымды 12 сотталушы берген, оның ішінде бұрынғы премьер Серік Ахметов, Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішев, Қарағанды қаласы мен облысының бұрынғы шенеуніктері бар. Қарағанды қаласының бұрынғы әкімі, үш жылға сотталған әрі дүние-мүлкі тәркіленген Мейрам Смағұлов апелляциялық шағым түсірген жоқ.

Бауыржан Әбдішев сотта жауап беріп тұр. Қарағанды, 16 қараша 2015 жыл.
Бауыржан Әбдішев сотта жауап беріп тұр. Қарағанды, 16 қараша 2015 жыл.

Бүгін Бауыржан Әбдішевтің адвокаты «өзі сөйлегісі келеді» деген уәжбен клиентін сот отырысына шақыру туралы өтініш түсірді. Бірақ апелляциялық алқа бұл өтінішін қабылдамай тастады.

– Ол өзінің белсенді позициясы үшін зардап шеккен сияқты. Оған қылмысына сәйкес емес жаза тағайындалды. Сот жазасын жеңілдететін жайттарға назар аудармады. Жұрт әділдік күтеді, – дейді Бауыржан Әбдішевтің адвокаты Нұрлан Бекбергенов.

Бұл іс бойынша өзге сотталғандардың адвокаттарынан мұндай сарында өтініш түскен жоқ. «Металлургия және металл өңдеу» компаниясының бұрынғы директоры Анатолий Эссе жеті жылға сотталған. Оған және өзге бизнесмендерге жергілікті шенеуніктермен қылмыстық келісім жасады деген айып тағылған.

– Менің пайымдауымша, Эссе заңсыз сотталды. Ахметов және өзгелермен қандай қылмыстық келісім жасай алады? Бұл дәлелденген жоқ. Шын мәнінде тергеу бұрмаланып жүргізілді. Түпнұсқасы жоқ, күндері мен уақыты шатасқан құжаттар айыптауға қалай негіз бола алады? Эссені ақтайтын негіз көп, – дейді Анатолий Эссенің адвокаты Виктор Журавлев.

Кейбір сотталғандардың адвокаттары клиенттері мен олардың отбасы мүшелерінің денсаулығы нашарлап кетті деген уәж келтірді. Олардың пікірінше, бұл сотталғандарды ақтауға немесе жазасын жеңілдетуге негіз болып саналады.

ПРОКУРОР ҮЗІЛІС СҰРАДЫ

Бүгін күні бойы апелляциялық шағым түсірген сотталушылардың адвокаттары сөйледі. Адвокаттардың көбі алғашқы сот инстациясы «дәйексіз әрі әділетсіз» үкім шығарды деп мәлімдеді.

Прокурорлар мәлімделген өтініштерді қарауға дайындалу үшін дүйсенбіге дейін уақыт беруді сұрады.

Сот алқасы өзара кеңесіп әрі «бүкіл уәж-дәйектерді кеңесу бөлмесінде талқылаймыз» деп мәлімдеп, жұмаға дейін үзіліс жариялады.

Қарағанды қаласындағы алғашқы сот инстациясында қаралған коррупциялық іске қатысты сот процесі былтыр тамыздан желтоқсан айына дейін созылған. Биыл ақпанның ортасында Астана орталығында Серік Ахметовті түрмеден босатуды талап еткен шағын наразылық акциясы өткен. Бұл – бұрынғы премьер-министрге қатысты жүргізілген тергеу мен оның ісін қараған сот кезінде өткен алғашқы акция. Наразылық акциясына қатысушылар Астана ортасындағы көшені жауып, әлеуметтік желілерде пікірталас тудырған.

XS
SM
MD
LG