Маусымның 13-і күні кәсіподақтардың құқығын қорғайтын бір топ ұйым өкілдері («Жаңарту» республикалық жұмысшылар кәсіподағы, «Одақ» тәуелсіз кәсіподақ қауымдастығы мен Қазақстанның социалистік ұйымы) республиканың түкпір-түкпіріндегі еңбек ұжымдарын Маңғыстаудағы мұнайшылардың ереуілін қолдап, маусымның 16-сы күні бес минуттық наразылық шарасын өткізуге шақырды.
БЕС МИНУТТЫҚ АКЦИЯ
Ұйым өкілдері ақпарат құралдарына таратқан мәлімдемесінде «заңды талап қойып отырған мұнайшылардың қуғындалып, қысымға ұшырап жатқанын» баяндайды. Олардың айтуынша, мұндай «қысқа акция» «Қазақстан тарихындағы ең ұзақ ереуілдердің» бірінің жеңісі үшін өте қажет.
«Қазір жұмыс берушілер мен билік мұнайшылар арқылы болашақта ереуілді басудың амал-тәсілдерін сынап, шыңдап көріп жатыр. Сондықтан
«Қаражанбасмұнай» жұмысшылары кәсіподағының заңгері Наталья Соколова. (Сурет Ольга Ярославскаядан алынған)
көп жайттар Маңғыстау облысындағы еңбек ұжымдарының жеңісі немесе жеңілісіне тәуелді» делінген ашық хатта.
Қазіргі кезде Маңғыстау облысының үш өңірінде (яғни Қаражанбас, Жаңаөзен және Ерсайда) мұнай саласы жұмысшыларының мамырда басталған ереуілдері жалғасып жатыр. Өткен сенбі күні «Қаражанбасмұнай» акционерлік қоғамының кәсіподақ заңгері Наталья Соколованы екі айға қамау туралы шешім шыққанын Азаттық хабарлаған болатын. Наталья Соколоваға Қылмыстық кодекстің 164-бабына сәйкес «әлеуметтік жанжал тудырды» деген айып тағылып отыр.
Қаражанбас жұмысшылары ереуіл аймағында ұялы байланыстың үзіліп қалғанын да айтады. Ал ұялы байланыс операторлары «жағдайдан хабарсыз» екендіктерін айтып отыр.
ҚУҒЫНДАУ
Жаңаөзенге аттанған кәсіпкер Серік Сапарғалиевтің айтуынша, маусымның 12-сі күні полиция оларды Жаңаөзендегі ереуіл орнына бармақ болған кезде ұстамақ болған. «Алайда жиналған халықтан сескенді ме, бізді сүйрелеп алып кете алған жоқ» дейді Серік Сапарғалиев.
Оның айтуынша, дәл осы күні бірнеше адам аштық салдарынан ауруханаға түскен азаматтардың халін білмек болып жолға шыққанда жергілікті полиция оларды ұстап, «заңсыз митинг» ұйымдастырды деген айыппен үш азаматтың үстінен хаттама толтырған. Олар – кәсіпкер Серік Сапарғалиев, Қазақстанның Коммунистік партиясы өкілдері Нұрияш Әбдіреева мен Алуаш Оңғарова.
Полиция өкілдері олардың Ақтаудан ұшып кетулерін талап етіп, кетпесе қамайтынын ескерткен.
– «Сіз қаладан кетуіңіз керек, әйтпесе 48 сағатқа қамауға отырғызамыз. Жедел ұшақпен ұшып кетіңіздер әйтпесе, мына бап өзгеріп кетуі мүмкін» деді, – дейді Серік Сапарғалиев маусымның 13-і күні радиомызға.
«МАҢҒЫСТАУДЫҢ ЖЕРІН БАСПА!»
Ұсталған азаматтардың бірі Нұрияш Әбдіреева полиция ғимаратының алдында бейтаныс әйелден таяқ жегенін айтады. Оның айтуынша, бұл жайт жексенбі күні шамамен кешкі сағат жетілерде жаңаөзендік полиция ғимаратының алдында болған.
– Ғимарат алдында тұрған кезде бір әйел келіп, ішке кіріп кеткен болатын. Алдында кірген кезде ол екі милициямен сөйлесіп жатқан болатын. Сыртқа шыққаннан кейін маған айқайлап тиісе бастады: «Маңғыстауда жұмысың болмасын! Маңғыстаудың жерін баспа!» деп шүйлікті. «Нұрияшсың ғой?» ғой деп, атымды біліп алғаннан кейін маңдайымнан жұдырықпен періп жіберді. Басым есіктің тұтқасына тиіп, басымдағы жаулығым жерге ұшып кетті. Сосын мені тепкінің астына алды. Ал бұл
кезде үш милиция мен бөлім бастығы тамашалап қарап тұрды. Жанындағы әйел оны алып кетпеген кезде... – дейді Нұрияш Әбдіреева.
Оның айтуынша, полиция сол әйелдің үстінен түскен арызды қабылдамай қойған.
– Кез-келген жерде арыз бере аласыз дейді. Қазір енді сот-медициналық сараптамасына барайын деп жатырмын, – дейді Нұрияш Әбдіреева.
«ӨЗДЕРІНЕ ТҮСІНДІРГЕНБІЗ»
Ұсталған азаматтардың айтуынша, дәл осы күні Жаңаөзен халқы мұнайшылардың мәселесін талқылау үшін орталық алаңға жиналмақ болған. Алайда жергілікті билік олардың жиналуына мүмкіндік бермеген.
– Өйткені алаңда музыканы қатты қойған. Балалар ән айтып жатыр. Бірақ бір адам жоқ тыңдап, қарап тұрған. «Адамдардың даусы естілмесін» деп қатты даңғырлатып қойғаннан кейін алаң жанындағы көшелердің біріне жиналды, – дейді Серік Сапарғалиев.
Бұл мәселе жайлы Жаңаөзен қалалық ішкі істер департаментіне хабарласқан кезде басқарманың баспасөз қызметінің өкілі «Ұсталған азаматтардың үстінен әкімшілік іс қозғалған, оның себебін өздеріне түсіндіргенбіз» деп қысқа қайырды. Ол Азаттық радиосының өзге сұрақтарына жауап бермей, телефон тұтқасын қоя салды.
Маусымның 13-і күні Жаңаөзен қалалық сотына хабарласқанымызда, хатшы қыз «мұндай істі күтіп отырғанын, бірақ әзірге келмегенін, сондықтан соттың да қашан өтетінін білмейтінін» айтты.