Accessibility links

Наразылық танытқан мұнайшылар өздеріне қол жұмсады


Әкіммен кездесуді талап еткен наразылық танытушылар. 2 маусым 2011 жыл.
Әкіммен кездесуді талап еткен наразылық танытушылар. 2 маусым 2011 жыл.
Ақтауда наразылық танытқан мұнайшылардың бірнешеуі бүгін өз-өздеріне қол жұмсады. Бұл туралы Азаттық радиосының тілшісіне наразылық танытушы мұнайшылардың бірі Қуаныш Сисембаев хабарлады. Оның айтуынша, өз қарындарын тілген наразылық танытушылар Ақтаудағы ауруханаға түскен.

Азаттық тілшісінің мәліметінше, маусымның 5-де "Қаражанбас" мұнайшылары Ақтау қаласындағы автовокзалдан облыс әкімдігіне қарай шеру ұйымдастырған. Олар облыс әкімшілігі жанындағы мемлекеттік шаралар өтетін алаңның маңындағы жолды бөгеп тастамақшы болған. Ереуілге қатысушылар әкіммен кездесуден нәтиже шықпағандықтан осындай әрекетке барғандарын айтты. Оқиға орнына полиция келіп, бірнеше адамды тұтқындаған кезде наразылық танытушылардың үшеуі өздерін жаралаған.

Облыстық прокуратураның мәліметінше, өздерін жарақаттаған екі наразылық танытушыға медициналық көмек көрсетілген. Олардың денсаулық жағдайы қанағаттанарлық дейді прокуратура.

Ресми мәліметтерге қарағанда, Ақтаудағы наразылық шарасына 150-ге жуық адам қатысқан. 37 адам ұсталып, полиция бекетіне жеткізілген.

«Қаражанбас» кеніші мұнайшылары әкімнің көмегімен өздерінің мұң-зарына президент Нұрсұлтан Назарбаевтың назарын аудартуды мақсат еткен болатын. Оған қоса жұмысшылардың құқын қорғап жүрген заңгер Наталья Соколованы қамаудан босатып, тәуелсіз кәсіподақ еркіндігіне мүмкіндік беруді талап еткен еді.

Қаражанбастықтар маусымның 3-і күні облыс әкімімен кездескен.
XS
SM
MD
LG