Accessibility links

Азаров "күш қолданылатынын" ескертті


Украина премьер-министрі Николай Азаров үкіметті қолдайтын шерушілермен бірге. Киев, 16 қаңтар 2014 жыл.
Украина премьер-министрі Николай Азаров үкіметті қолдайтын шерушілермен бірге. Киев, 16 қаңтар 2014 жыл.
Украина премьер-министрі Николай Азаров егер "арандатушылар Киевтегі әрекетін тоқтатпаса үкіметке наразы шерушілерге қарсы күш қолданылады" деген ескерту жасады. Ресейдің "Россия 24" телеарнасында сөйлеген Азаров Киевте өткен аптадан бері демонстранттар мен милиция жасақтарының қақтығысып жатқанын айыптады.

"Жауапкершілік ең бірінші жағдайды осындай күйге жеткізген оппозициялық партиялардың жетекшілеріне артылады. Алдағы бірнеше күнде олар бағытын айқындап алуы тиіс. Егер бұзақылар мен экстремистерді, арандатушыларды қолдаса, онда солармен бірге екенін айтсын. Ал егер оларды қолдамайтын болса, онда үкіметпен бірге қала көшелерін әлгі арандатушылардан тазартуы тиіс" деді Азаров.

Премьер бұған қоса үкімет елде төтенше жағдай жариялағалы жатыр деген ақпаратты жоққа шығарды.

"Арандатушылар әрекетін тоқтатпаған жағдайда үкіметтің күш қолданып, заң аясында азаматтарын қорғауға хақы бар" деді ол.

Елде жиын өткізуді шектейтін заңның қабылдануына қарсылық білдіріп 19- 20 қаңтарда көшеге наразылыққа шыққан мыңдаған демонстрант милициямен қақтығысып, салдарынан екі жақтан 200-ге жуық адам зардап шеккен.

Бүгін күшіне енетін жаңа заң бойынша, рұқсат етілмеген жиын өткізгендерге салынатын айыппұл көлемі мен қамау мерзімі артпақ.

Азаров бейбіт жиын өткізуді шектейтін заңды "Еуропа заңнамаларының дәл көшірмесі" деп сипаттайды.

Бірақ БҰҰ адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Нави Пиллэй Украина заңдары адам құқықтары жөніндегі халықаралық заңнамаларға сай келмейді деген. Ол заңдар "азаматтардың ой-пікір еркіндігін, бейбіт жиын өткізу, ақпарат алу еркіндігін және азаматтық қоғамның еркін жұмыс істеу құқықтарын бұзады" деп алаңдаушылық білдіріп, Украина билігін оларды жоюға шақырған.

Украина президенті Виктор Янукович бұған дейін оппозиция жетекшілерімен диалог құруға және ымыраласуға шақырған. Бірақ оппозициялық "УДАР" партиясының жетекшісі Виталий Кличко 21 қаңтарда Януковичпен кездесе алмағанын, тек оның көмекшісімен сөйлесуге ғана рұқсат етілгенін айтады.

Ал Украина Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Андрей Клюев Кличконы билік пен оппозиция арасында болған келіссөздерді тастап кетті деп айыптайды.

"Конструктивті келіссөз болған жоқ. Менің түсінгенім - Кличко сол кездесуден кейін енді келіссөздерге қатыспайтынын білдіріп кетті. Оның бұл ісі дұрыс емес. Украинаның болашағына қатысты қандай да бір сұрағы бар адам келіссөз үстеліне отыруы тиіс" деді Клюев.

21 қаңтарда Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Украинадағы жағдайды "бақылаудан шығып бара жатыр" деп алаңдаушылық білдіріп, Киевтегі шиеленістің созыла түсуіне Украина оппозициясын айыптады.

Лавров бұған қоса Еуропа одағын Украинадағы жағдайға "жөнсіз араласып", демонстранттарды қолдап отыр деп кінәлады. Ол Еуропа одағы сыртқы саясат жөніндегі комиссары Кэтрин Эштонның өткен айда Киевтегі Тәуелсіздік алаңына барған сапарын еске салды.

Елде жиын өткізуді шектейтін заңның қабылдануына қарсылық білдіріп 19- 20 қаңтарда көшеге наразылыққа шыққан мыңдаған демонстрант милициямен қақтығысып, салдарынан екі жақтан 200-ге жуық адам зардап шеккен.
XS
SM
MD
LG