Accessibility links

Оралдағы мерекелік шеруге наразылар да қатысты


1 мамыр мерекелік шеруіне қосылған наразылар. Орал, 1 мамыр 2014 жыл.
1 мамыр мерекелік шеруіне қосылған наразылар. Орал, 1 мамыр 2014 жыл.
Қазақстанның батысындағы Орал қаласында 1 мамыр күні мерекелік шеру өтті. Билік ұйымдастырған бұл шеруге мыңдаған қала тұрғындарымен қатар, қоғамдық ұйымдар өкілдері мен наразы азаматтар да қатысты.

Оралдық блогер Асқар Шайғұмаровтың айтуынша, "Билік ұйымдастырған шеру таңғы сағат 10-да басталды, оған түрлі мекемелердің мыңдаған өкілдері қатысты. Ал наразылар мерекелік шеруге бөлек колонна болып қосылған".

- Наразылар - 60 шақты адам. Қолдарына "Жемқорлық жойылсын", "Ұрлықты тоқтатыңдар" деген орыс тіліндегі плакаттар ұстап шықты. Қарапайым азаматтар, "Абырой", Қазақстан коммунистік партиясы (ҚПК) сияқты үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері болды, - деді блогер.

Ал "наразылар колоннасында" жүрген, ҚПК-нің Батыс Қазақстан обкомы хатшысы Оксана Терновскаяның айтуынша, шеруге бір күн қалғанда - 30 сәуір күні ҚПК өкілдеріне белгісіз біреулер хабарласып, қастандық жасайтындарын айтқан. Партия өкілі "бұл қоқан-лоқы - шеруге шығармаудың амалы" дейді.

Терновскаяның айтуынша "мерекелік шеруге қосылған наразылар колоннасына Орал қалалық прокуратура өкілі Арон Ақпанов келіп, "бұларың - рұқсат етілмеген митинг, лозунгтарды көтермеңдер" деген. Бірақ оған наразылар "мерекелік шеруге кез келген Қазақстан азаматы қатысып, пікір білдіре алатынын" айтып, талабын орындамаған. Терновская полиция ешкімді ұстамағанын айтады.

Орал қалалық және Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасы ресми сайттарында көрсетілген контактілер бойынша прокуратура өкілдерімен хабарласу мүмкін болмады.

Оралдағы шеру сағат түскі бірлер шамасында аяқталған. 1 мамыр - Қазақстан халықтарының бірлігі күні.
XS
SM
MD
LG