Accessibility links

Украина президенті Порошенко жоспарымен бөлісті


Украинаның жаңа президенті Петр Порошенко ұлықтау рәсімінде ант беріп тұр. Киев, 7 маусым 2014 жыл.
Украинаның жаңа президенті Петр Порошенко ұлықтау рәсімінде ант беріп тұр. Киев, 7 маусым 2014 жыл.
7 маусым күні Киевте Украинаның жаңа президенті Петр Порошенконы ұлықтау рәсімі өтті. Украина президенті ретінде парламентте ант берген Порошенко бірқатар жоспарларын айтты.

Ол жақында Украинаның ресейшіл сепаратистермен қақтығыс болып жатқан шығыс аймақтарына баратынын мәлімдеп, онда "Украина билігін орталықсыздандыру жобасын таныстыратынын, аймақтардағы орыс тілінің еркін қолданылуына кепілдік беретінін" хабарлады.

Порошенко Донбаста жергілікті сайлауды мерзімінен бұрын өткізуге дайын екенін білдірді. Алайда президенттің пікірінше, "Украина әрқашан унитарлық мемлекет болып қала береді, федералдық мемлекет бола алмайды".

Порошенко елдің шығыс аймақтарында көтеріліс жасап жатқан ресейшілдерді қаруларын тастауға шақырды. Олардың ауыр қылмыс жасамағандарына рақымшылық болатынын, жалдамалыларға елден шығып кетуге мүмкіндік берілетінін ескертті.

Ол Ресейдің Қырымды қосып алғанын айыптап, "Қырым Украина жері болған әрі Украина аумағы болып қала береді" деп мәлімдеді.

Порошенко Ресеймен қарым-қатынас реттелмейінше, Украина азаматтарының қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілмейтінін де айтып өтті.

Сөзінің Еуропаға арналған тармағында Порошенко Еуропа Одағы (ЕО) мен Украина арасындағы экономикалық серіктестік келісіміне жақын арада қол қойылатынын хабарлады. Ол "келісімді Украинаның ЕО-ға мүше болуының алғашқы қадамы деп түсінетінін" айтты.

Порошенко Украинаның биліктен қуылған президенті Виктор Януковичтің орнына келді. Янукович 2014 жылы ақпан айында шерушілердің қысымымен Киевтен қашып кеткен еді.

Сайлау өткенше Украина президенті міндетін атқарған парламент спикері Александр Турчиновтің президент ретіндегі уақытша қызметі тоқтатылды.

Украинаның шығысындағы шиеленісті жағдай әлі шешілген жоқ. Славянск және Донецк қалаларында үкімет әскері ресейшіл сепаратистермен соғысып жатыр.

Инаугурацияға бір күн қалғанда Петр Порошенко Ресей президенті Владимир Путинмен Францияда кездесті. Олар онда Нормандияға одақтастар әскерінің кіруіне 70 жыл толу құрметіне арналған шараларға қатысуға барған еді.
XS
SM
MD
LG