Өзбекстанның бас прокуроры "Каримова Г." есімді азаматшаны ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты қозғалған істің күдіктісі ретінде атады.
Ресейдің РИА Новости агенттігі Өзбекстан үкіметіндегі белгісіз ақпарат көзіне сілтеме жасап, "Каримова Г." есімді күдіктінің өзбек президенті Ислам Каримовтің үлкен қызы Гүлнара Каримова екенін хабарлаған.
42 жастағы Гүлнара Каримова Батыс Еуропада тұрып келген дәулетті кәсіпкер ретінде сипатталатын. Бірақ былтыр ол жемқорлық дауына ұшырап, Ташкенттегі үйінен шықпай қалған болатын.
8 қыркүйекте Өзбекстанның бас прокуратурасы таратқан мәлімдемеде ұйымдасқан қылмыстық топтың заңсыз іс-әрекеттерін Содиқов Н. және Мадумаров Г. үйлестірді деп жазылған.
Биылғы мамыр айында Гүлнара Каримованың екі жақын әріптесі қаржылық қылмыс жасады деген айыппен ұзақ мерзімге сотталған. Олардың бірі - Рустам Мадумаров есімді кәсіпкер еді.
Бас прокуратураның мәлімдемесіне сәйкес "ұйымдасқан қылмыстық топ бопсалау және түрлі қаржылық алаяқтық жасау" баптары бойынша айыпталады.