Сәрсенбі күні Алматыда кафеде жарылыс болып, адамдар зардап шеккені туралы төтенше жағдайлар қызметі хабарлады.
Кешкі сағат онға қарай «Көк базар» тұсындағы бес қабатты ғимараттың төменгі қабатында орналасқан «Керемет» кафесінде болған жарылыс салдарынан 18 адам зардап шеккен. Олардың арасында кафе қызметкерлері, дәмханаға ауқаттануға келгендер мен оқиғаға кездейсоқ тап болған адамдар бар. Зардап шеккендер Алматының 2,4,7 және облыстық ауруханаларына жеткізілген. Олардың үшеуі жарылыстан қатты жараланғаны туралы хабарланды.
Алдын ала болжам бойынша, кафенің ас дайындайтын бөлмесіндегі газ баллоны жарылған болуы мүмкін. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, куәгерлер жарылыс болар алдында кафе қызметкерлері ауаға тараған газ иісін сезіп, меймандардың кафеден шығып кетуін сұраған, жұрт есікке беттеген кезде жарылыс болған.
Қазір кафедегі төтенше оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.