Accessibility links

Тараз базарында жарылыс жасамақ болғандар сотталды


Жамбыл облыстық сотының ғимараты. (Көрнекі сурет)
Жамбыл облыстық сотының ғимараты. (Көрнекі сурет)

Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Тараз қаласындағы «Ауыл-Береке» базарында жарылыс жасамақ болған деген айып тағылған бес ер адамға қатысты жұма күні үкім шығарған.

Сот олардың екеуін 4 жыл сегіз айға, біреуін – 4 жыл алты айға және екеуін – 4 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айырған. Сот үкімі күшіне әлі енбеген.

Тергеушілер бұл бес адамға қылмыстық кодекстің «терроризм» баптары бойынша бірнеше айып таққан еді. Бірақ сот олардың ісінде ауыр қылмыс құрамы жоқ деп тауып, сотталушыларды «террорлық акт дайындалып жатқаны туралы жалған хабар беру» және «бұзақылық» баптары бойынша ғана жауапқа тарту туралы ұйғарым шығарған.

Сот процесі кезінде сотталушылар өздеріне тағылған айыптарды ішінара мойындап, қылмыстық әрекетке «Ауыл-Береке» базары жұмысын әлсіретіп, тұтынушылардың басқа базарға баруын мақсат еткендерін мәлімдеген. Олар өздеріне «терроризм» баптары бойынша тағылған айыптарды жоққа шығарған.

2014 жылы тамыздың 30-ы күні Тараздағы «Ауыл-Береке» базары аумағынан бензин құйылған шөлмектер мен газ баллондары салынған жеңіл автокөлік табылғандығына байланысты полиция қылмыстық іс қозғап, бірнеше күдіктіні ұстаған еді. Сонымен бірге, былтыр жазда Тараз полициясы аталған базарда «жарылыс болатыны» туралы түскен жалған хабарларға байланысты үш рет қылмыстық іс қозғалғаны жайлы хабарланған.

XS
SM
MD
LG