Accessibility links

Ердоған партиясы сайлауда жеткілікті дауыс ала алмауы мүмкін


Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Стамбулдағы сайлау учаскесінде. 7 маусым 2015 жыл.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Стамбулдағы сайлау учаскесінде. 7 маусым 2015 жыл.

Алдын ала мәліметтер бойынша, Түркиядағы парламент сайлауында президент Режеп Тайып Ердоғанның биліктегі партиясы парламенттегі көпшілік орынға ие бола алмай қалуы мүмкін. Қазірге дейін сайлауда берілген дауыстың 97 пайызға жуығы саналып біткен. Алдын ала мәліметтер Түркиядағы парламент сайлауында "Әділет және даму" партиясы (ӘДП) 41 пайызға жуық дауыспен қарсыластарынан алда тұрғанын көрсетеді. Болжам бойынша, партия парламенттегі 258 депутаттық орынға ие болуы ықтимал. Партия парламентте көпшілік орынға ие болу үшін кемінде 270 мандат алуы тиіс.

ӘДП ел конституциясына президент өкілетін күшейтетін өзгерістер енгізуге мүмкіндік алу үшін парламентте көпшілік орынды иеленуі қажет болатын.

Сайлауда күрдтерді қолдайтын Халықтық демократиялық партия (ХДП) 13 пайыз дауыс жинауы мүмкін. ХДП парламент құрамына кіру үшін кемінде 10 пайыз дауыс жинауы қажет болатын.

Маусымның 5-і күні ХДП сайлауалды шеру өткізіп жатқан Диярбакыр қаласында болған жарылыстар салдарынан екі адам қаза тауып, 200-ге жуық адам жараланған. Президент Ердоған бұл шабуылдарды «арандату» деп атап, «сайлауға көлеңке түсіретінін» айтқан.

Түркия парламентіндегі 550 орын үшін биылғы сайлау бәсекесіне 20 саяси партия түсіп жатыр. Елде дауыс беру құқығына ие азаматтар саны 53 миллионнан асады.

Түркия премьер-министрі Ахмет Давутоглу 7 маусымда жарылысқа қатысы бар деген күдіктінің ұсталғанын хабарлағанымен, өзге жеткілікті ақпарат бермеді.

XS
SM
MD
LG