Accessibility links

Астананы журналистерді қудалауды тоқтатуға шақырды


Еуропа Одағының туы (Көрнекі сурет).
Еуропа Одағының туы (Көрнекі сурет).

Еуропа парламенті Қазақстандағы сөз бостандығы жөнінде қарар қабылдап, Астананы бұқаралық ақпарат құралдары мен журналистерді қудалауды доғаруға шақырды. 9 наурызда қабылданған қарарда Қазақстандағы сөз бостандығы соңғы жылдары нашарлағаны айтылады. Қарарда Еуропа парламентінің депутаттары Астананы оппозициялық Nakanune.kz сайтының редакторы Гузяль Байдалинованы босатуға және Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев пен оның ұлы, ҚазТАГ агенттігі жетекшісі Әсет Матаевты қуғындауды тоқтатуғка шақырады. Еуропарламент депутаттары бұған қоса Қазақстан билігін журналистер ісі бойынша сот процестерін ашық өткізуге үндеген.

Байдалинова 23 желтоқсанда Nakanune.kz сайтында "Казкоммерцбанк" туралы тапсырыспен жазылған мақалаларды жариялау ісіне қатысы бар деген күдікпен ұсталып, қамалған.

Сейітқазы Матаевты ұлы Әсетпен бірге 22 ақпанда антикоррупциялық қызметке тергеуге апарған. Әсет Матаев сол күні босатылған. Ал Сейітқазы Матаев бюджет қаржысын жымқырды және салық төлеуден жалтарды деген күдікпен ұсталған. 24 ақпанда сот оны үйқамаққа алған.

Еуропарламент сонымен қатар қылмыстық кодекстің "заңға сай әрекетті қылмыстық іс қозғау үшін пайдаланылуы мүмкін" 174 бабын ("Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни алаузыдықты қоздыру") қайта қарауға шақырады. Осыған байланысты Еуропарламент Астананы блогер, азаматтық белсенділер Серікжан Мәмбеталин, Болатбек Біләлов және Ермек Нарымбаевтан осы бап бойынша тағылған айыптарды алып тастауға шақырады.

Еуропарламент бұған қоса 2012 жылы Жаңаөзен оқиғасы кезінде "әлеуметтік алаузыдық тудырды" деп жеті жарым жылға сотталған оппозициялық саясаткер Владимир Козловты да босатуға шақырады. Еуропарламент үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) қызметі туралы заңды "Қазақстандағы ҮЕҰ-ның тәуелсіздігі мен өмір сүруіне нұқсан келтіреді" деп алаңдаушылық танытты.

Қарарда бұлардан өзге Еуропа Одағы (ЕО) үшін Қазақстанмен қарым-қатынас орнатудың, экономикалық және саяси ынтымақтастықты нығайтудың маңызды екені айтылады.

2015 жылы желтоқсанда Қазақстан мен ЕО Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған.

Қазақстан бірнеше жыл қатарынан әлемде сөз бостандығы рейтингінде төменгі орындарды иеленіп келеді.

XS
SM
MD
LG