Кеше қонарда ұшағының шассиі ашылмай қалған Bek Air компаниясының рейстері кесте бойынша ұшырылып жатыр деп хабарлады Азаттыққа компания жетекшісі Нұрлан Жұмасұлтанов.
Оның айтуынша, инвестиция және даму министрлігі азаматтық авиация комитетінің компаниядағы Fokker 100 ұшақтарының шассилері мен агрегаттарын тексеру туралы тапсырмасы орындалған. "Барлық ұшақтарды техникалық байқаудан өткізу туралы талап кешегі күні-ақ түскен. Барлық ұшақтар тексерілді, барлығы ұшып жатыр. Бұл - бір реттік тексеру" деді Жұмасұлтанов.
Алматы мен Астана әуежайларындағы ұшақтардың ұшып келуі мен кетуі туралы ақпаратқа қарағанда, Bek Air рейстері кесте бойынша ұшырылып жатыр.
Азаматтық авиация комитеті Bek Air-дің инженерлік-авиациялық қызметі басшылығына Fokker 100 ұшақтарының алдыңғы және негізгі шассилерінің агрегаттары мен тораптарын және шассилерді ашу мен тазалау жүйелерін бір реттік тексеруді тапсырғанын хабарлаған. Тексеруден өткені туралы акт комитетке және "Қазаэронавигация" әуе қозғалысын жоспарлау орталығына тапсырылуы тиіс. Комитет "Қазвэронавигация" орталығына аталған тексеруден өтпеген Fokker 100 ұшақтарының ұшуына рұқсат етпеуді тапсырған.
27 наурыз күні Bek Air әуе компаниясының 2041-рейсі бойынша Қызылорда-Астана бағытымен ұшып келген Fokker 100 ұшағы Астана әуежайына апатты жағдайда қонған. Қазақстан бас көлік прокуратурасының хабарлауынша, апатты жағдайға ұшақтың алдыңғы шассиінің ашылмауы себеп болған. Ұшақта 116 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Зардап шеккендер жоқ.
Прокуратура бұл оқиғаға қатысты қылмыстық кодекстің 344-бабы ("Темiржол, әуе, теңіз, өзен көлiгi жүрісі немесе оларды пайдалану қауiпсiздiгi қағидаларын бұзу") бойынша іс қозғады. Қазір сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр.