Ресей аннексиялап алған Қырым прокуроры Қырым татарларының кеңесі - Меджилистің қызметін уақытша тоқтату туралы шешім шығарды. Қырым бас прокуроры Наталья Поклонская 13 сәуірде шығарған шешім бойынша, Меджилиске қоғамдық жиындар өткізуге, банк есеп шотын пайдалануға немесе ақпарат таратуға уақытша тыйым салынады.
Поклонская мұндай шешімді "федералдық заңның бұзылмауы үшін" шығарғанын айтады. Поклонская шешімінде "Экстремистік іс-әрекетке қарсы іс-қимыл туралы" федералдық заңға сілтеме жасайды. Прокуратура шешімі Ресей әділет министрлігіне жолданған.
Украина сыртқы істер министрлігі Меджилис қызметін тоқтатуды "Қырымдағы фундаметалдық құқық пен еркіндікті бұзу" деп атады.
Татарлар Қырымның 2 миллион халқының 15 пайызын құрайды. Қырым татарлары Ресейдің 2014 жылы наурызда түбекті заңсыз басып алып, Украинадан аннексиялағанына ашық қарсылық білдірген. Қырымда Ресей қолдайтын басшылық билік орнатқан соң татарлар өздерінің қудалауға ұшырап, мектепте татар тіліндегі сыныптардың жабылып жатқанына және ресейшіл билік тарапынан өздеріне деген сенімсіз көзқарас қалыптаса бастағанына шағымданған.
Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы Меджилис қызметін тоқтату Қырым татарларына қарсы жаңа қудалау басталғанын айғақтайды дейді. Бұл тыйым алу арқылы Меджилиске қатысы бар кез-келген адамға экстремист деген айып тағылуы мүмкін. Тыйым Қырымда қалған аз ғана қарсылық үнін өшіруге бағытталған" деп мәлімдеді Amnesty International-дың Еуропа және Орталық Азия бойынша директорының орынбасары Денис Кривошеев.