Киркук түбіндегі ұрыс
17 маусым күні Ирактың солтүстігіндегі Киркук қаласы маңында күрд жасағы мен «Ирак пен Левант ислам мемлекеті» (ИЛИМ) радикалды тобы арасында шайқас болды. Күрдтер жасағы өздеріне оқ атқан исламшыл бүлікшілерге автомат және зениттік қондырғыдан оқ жаудырды. Өздерін сүннитпіз дейтін ИЛИМ бүлікшілері осыдан бірнеше күн бұрын елдің солтүстігіндегі Мосул мен Тикрит сияқты бірқатар елді мекендерді басып алған еді. Ирак премьер-министрі Нури әл-Мәлики ол қалаларды қайтарып алу үшін үкімет әскеріне жәрдемдесуге шиит жасақтарын шақырған. Сарапшылар аймақта халифат құруды көксейтін әсіредіншіл ИЛИМ тобына қарсы күрес Иракта екі діни ағым арасында өшпенділікті өршітіп, оның соңы азамат соғысына ұласып кету қаупі барын айтады.