Бейсенбі, 3 шілде 2008 жыл.    
Жаңалықтар
Ресей президенті Дмитрий Медведевтің Әзірбайжан сапары басталды
Бүгін Бакуге барған Медведевтің сапары екі күнге жалғасады. Әзірбайжан президенті Илхам Әлиев пен Ресей президентінің келіссөздері екі елдің арасында қуат көздері саласындағы ынтымақтастықты нығайту турасында болмақ. Медведев Әзірбайжаннан әрі қарай келесі аптада Жапонияда өтетін Үлкен сегіздік саммиті алдында Түркменстанға және Қазақстанға ұшады.
Канада Ауғанстан әскерінде үлкен ілгерілеушілік бар деп атап көрсетті
Бұл жөнінде Канада қорғаныс саласының жаңа жетекшісі, генерал Уолт Натинсзик айтқан. Соңғы екі жылда Ауған армиясы көп ілгері басты деген ол, өткен айда Афгандаб қаласындағы шайқаста 100-ге жуық тәліп күрескері өлтірілді, бұл жаңа жасақталған ұлттық әскер үшін үлкен бір жеңіс болды деп атап көрсетті.
Ирақ АҚШ-пен қауіпсіздік келісімін жасау мәресіне жеттік дейді
Ирақ сыртқы істер министрі Хошияр Зебари үкімет АҚШ-пен қауіпсіздік жөніндегі жаңа келісімді дайындап бітіп қалды деп айтқан. Келісімде желтоқсан айында шетел әскерлерінің Ирақта орналасуына заңды құқық беретін БҰҰ-ның мандат мерзімі аяқталған соң, мұнда АҚШ жасақтарының қалуын заңдық тұрғыда реттейтін ережелер мен шаралар қарастырылған. Ал Вашингтонда АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің өкілі Гордон Джондрой келіссөздердің негізгі реттеу ережелері төңірегінде жалғасып жатқанын айтқан.
Ресей үкіметбасы Олимпиаданың даулы нысандарын басқа жаққа көшіру туралы ұсыныс жасады
Владимир Путин Сочиде өткен үкімет мәжілісінде Сочиде 2014 жылы өтетін қысқы Олимпиадаға арналып салынып жатқан нысандардың ішіндегі экологтардың наразылығын туғызып отырғандарын басқа аймақтарға салайық деді. Ол үшін алдымен оны Халықаралық Олимпиада комитетімен келісіп алуымыз керек деп атап көрсетті.
Қырғызстанда тәуелсіз газет редакторының басына бұлт үйіріліп тұр
"Де-Факто" тәуелсіз газетінің бас редакторы Шолпон Оразбековаға билік өкілдері газетте 10 маусым күні жарық көрген бір мақалада жалған ақпар мен мәлімет таратылғаны үшін жауапқа тартылуың мүмкін деп, оған елден ешқайда кетпеу жөнінде талап қойған. Редактор журналистер семинарына қатысу үшін Прагаға келуі керек еді. Қырғыз соты өткен айда "Де-Факто" газетіне президент Құрманбек Бәкиевтің туысын сынаған мақаласы үшін 20 мың доллар айыппұл салған еді. Оразбекованың Азаттық радиосына айтуынша, бұл істің саяси астары болған. Қырғызстандағы БАҚ хұқын қорғаушылар биліктің тәуелсіз баспасөзді ауыздықтап, оларды сын айтқан үшін жауапқа тартып жатқанын айыптауда.
Колумбия әскері бұрынғы президенттікке кандидат пен 14 адамды солшыл партизандардың кепілдік тұтқынынан босатты
Ингрид Бетанкоурт және басқа да 14 адамды, олардың ішінде 3 американдық бар, колумбиялық қосымша күштер босатты. Олар бір жылдай кепілдік тұтқынында отырды. Бетанкоурт Колумбия Революциялық күштерінің, демек Латын Америкасындағы ежелден келе жатқан солшыл бүлікшілер қанатының тұтқыны болған еді.
Иран сыртқы істер министрі өз еліне АҚШ не Израил шабуыл жасай алмайды деген болжам айтты
Манучер Моттаки Америка немесе Израил Иранға қарсы ессіздік шабуылын жасайтындай тәуекелге бармайды деп сенетіндігін айтқан. Ол Ассошайтед пресс жаңалықтар агенттігіне берген сұхбатында әскерлері Ауғанстан мен Ирақта жеңіске жете алмай жатқан Америка мұндай шабуылға бармайды деп білемін дейді. Ал бұдан бұрын АҚШ президенті Дж. Буш Иранды уран байытудан бас тартқызуға көз жеткізу үшін қолданылатын барлық мүмкіндіктер әлі күн тәртібінен түскен жоқ деген болатын. Вашингтон байытылған уран ядролық қару алуға жұмсалады деп қауіптенеді, Иран болса өзінің ядролық бағдарламасы бейбіт мақсат үшін деп мәлімдеп келеді.
Ауғанстанның батысында НАТО бастаған күштер 25 бүлікшінің көзін жойған
НАТО әскерилерінің хабарлауынша, бүлікшілермен шайқас 10 сағатқа созылған. Франс пресс агенттігі Бадгиш провинциясының губернаторы Мохаммед Айоб Ниазиардың шайқастың сәрсенбі күні Нұқұр ауданында орын алғаны турасында сөздерін берген. НАТО мен Ауған күштерінен қаншалықты шығын болғаны жөнінде ақпарат айтылмаған.
 
Radio Free Europe / Radio Liberty © 2008 RFE/RL, Inc. All Rights Reserved. contact us: webmaster@rferl.org